“ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫНЫҢ” ЖЕҢІМПАЗДАРЫНА ШАҒЫН АВТОБУСТАР ТАБЫС ЕТІЛДІ

“ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫНЫҢ” ЖЕҢІМПАЗДАРЫНА ШАҒЫН АВТОБУСТАР ТАБЫС ЕТІЛДІ

Бүгін үш жыл қатарынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Шымкент жастар лигасы» жобасының ІІІ - кезеңі өз мәресіне жетті. Финалдық ойындар қайта жаңғырып, реконструкцияланған «Металлург» стадионында өтті. Шымкенттің талай жылдық тарихына куә болған бұл стадионда жастардың спортпен алаңсыз айналысуына барлық қолайлы жағдайлар жасалған.
«Шымкент жастар лигасы» жобасында футбол, баскетбол, волейбол, шахмат түрлерінен 151 жалпы орта білім беру мектептерінен 500-ден астам команда жасақталып, 6 мыңға жуық оқушы қатысты. Жобаның финалдық кезеңіне қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, жобаның маңыздылығына тоқталды.
“Осыдан үш жыл бұрын республикада алғашқы болып «Шымкент жастар лигасы» атты бірегей жобаны бастаған болатынбыз. Бұл жоба сәтті жүзеге асып, мектеп оқушыларының, мұғалімдер мен ата-аналардың үлкен қолдауына ие болып отыр. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл жарыс жастарымыздың бұқаралық спортқа қызығушылығын арттыруда.
Биыл лигаға 6 мыңнан астам оқушының қатысуы – лиганың бұқаралық сипат алғанының көрінісі” – деді қала әкімі.
Салтанатты шарада маусымның жеңімпаздары марапатталды. Әр спорт түрі бойынша чемпион командаларға демеушілердің қолдауымен алынған 20 миллион теңгенің 4 шағын автобусы табысталды.
Шахматтан - Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінің, волейболдан - А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының, баскетболдан - М.Х.Дулати атындағы №8 гимназияның, ал, футболдан — Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының командалары лиганың чемпионы атанды.
Еске салар болсақ Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында спорттық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен салу арқылы бұқаралық және балалар спортымен айналысу үшін жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталған болатын. Осы тұста, ҚР мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізілген талдау негізінде жаңа объектілер салуды, жұмыс істеп тұрған білім беру орындарының базасында жаңғыртуды және қосымша жарақтандыруды қамтитын спорттық инфрақұрылымды дамытудың жоспар-кестесінің жобасын әзірледі.
Атап өтер жайт, елімізде Дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылға арналған арнайы кешенді жоспар да әзірленген. Спортты жүйелі дамытуды көздеген кешенді жоспарда мүдделі мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары толық ескерілген. Саланың басы қасында жүрген мамандар арқылы толықтырылған кешенді жоспар еліміздің спорт саласын жаңа деңгейге көтереді деген үміт зор! Кешенді жоспар 34 тармақ пен 5 негізгі бағыттан тұрады. Атап өтсек нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету, мектеп және студенттік спорт, спорт желілерін кеңейту, салауатты өмір салтын насихаттау және кеңінен тарату, спорттық-бұқаралық іс-шаралары көбейту көзделген. Бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатындардың санын арттыру мақсатында да көптеген жұмыстар жасалуда.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қостанай облысының негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалды. Ауыл шаруашылығы...