Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық республикасының Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй бастаған көрші ел өкілдерімен кездесті. Кездесуде екіжақты ынтымақтастық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ тараптар инновациялар мен жаңа технологиялар саласындағы әріптестік мәселелері мен екіжақты ауқымды жобалар мен тауар айналымы турасында пікір алмасты.
Облыс әкімі жуырда Түркістан облысы делегацияның Қытай еліне жасаған іссапарынан соң бірқатар келісімдер жасалғанын атап өтті. Осы бағытта әрі қарай да жаңа жобалардың жүзеге асатынын жеткізді.
Еске салар болсақ, жұмыс сапары барысында ауқымды Қытай нарығының тәжірибесін пайдалана отырып, Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісі мен тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі талқыланды. Сонымен қатар автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар, робототехника, пластмассадан жасалған бұйымдар пластикалық ойыншықтар, пластикалық ыдыстар және тағы басқа өндірісті дамытуға қажетті жобалар қарастырылды. Көлік-логистикалық инфрақұрылымын тиімді пайдаланып, осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар берілді.
Өз кезегінде Цзян Вэй Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық байланыстардың орнағанын және жан-жақты қарым-қатынастар тереңдей түскеніне тоқталды. Соның ішінде құрылғанына 5 жыл болатын Түркістан облысымен әлеуметтік-экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған бірнеше ұсыныстарымен бөлісті. Түркілер төрі – Түркістанға алғашқы сапарынан алған әдемі әсерімен бөліскен Цзян Вэй ханым Түркістанның санаулы уақыт ішінде бой көтеріп, таңғажайып шаһарға айналғанына таңғалысын жеткізді.
- Түркістанның таңғажайып көрінісін көріп таң қалдым. Көздің жауын алатын көрікті мекендегі әсем ғимараттар мен жаңа нысандар керемет үйлескен. Осындай өңірмен әріптестік, ынтымақтастық байланыстарды нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Түркістан – ресурсы өте бай өңір. Ауыл шаруашылы, «жасыл» энергетика, инфрақұрылым, сауда-саттық және туризм салалары бойынша жұмыс атқаруға болады. Бұл – екіжақты әріптестіктің басы ғана,-деді Цзян Вэй.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өз сөзінде Түркістан өлкесінің Қытаймен шекаралас аймақтарының халықаралық көлік дәлізі ретіндегі, экономикалық, туристік және басқа да бағыттардағы инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталды. Әріптестік қатынастарды орнықтыруға қазақстандық тараптың да ықыласты екенін айтты. Сонымен бірге терең өңдеу саласына инвестиция салуға шақырды.
Сондай-ақ Түркістанда жұмысын тоқтатқан Golden Camel Group LTD компаниясы бастаған түйе сүтін шығару бойынша ірі жобаның ілгері жылжып, сәтті іске асырылуына ықпал етуді сұрады. Қытайдың бай тәжірибесі негізінде Түркістан өңірінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен алдағы уақытта бірнеше зауыт-фабрикалар жұмыс істейді деген жоспар бар. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады. Түркістан облысы әкімі Түркістан облысының әлеуетіне тоқталып, бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларға толық қолдау көрсетілетінін жеткізді.
- Біздің өңіріміздің табиғи кен орындарына бай, әлеуеті орасан зор өңір. Ең басты байлығымыз - халқымыз өте еңбекқор. Түркістан – бизнеске бағдарланған өңір. Бізде 170 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығымен жыл он екі ай бойы айналысуға мүмкіндік бар. Туризм саласын дамыту - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған басты міндеттердің бірі. Осыған байланысты біз туристік инфрақұрылымды жақсартуға, оның ішінде қонақ үйлер мен туристік кешендердің құрылысына ерекше назар аударамыз. Қазақстан үшін Қытай әлемдегі ең ірі экономиканың қақпасы болса, Қытай үшін біздің еліміз ЕАЭО және Оңтүстік-Шығыс Азия, Кавказ және Еуропа нарықтарына жылдам логистикалық бағыттар ашады, – деді Дархан Сатыбалды.
Жуырда Түркістан облысындағы әр аудан әкімдері мен бизнес өкілдері Қытайға барып, тәжірибе алмасатын болады. Зауыт-фабрикаларды ашып, ірі өндіріс алыптарына дейін дамытудың қыр-сырымен танысады. Мақсат - Түркістан өңірінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен бірнеше зауыт-фабрикалар ашу. Халықты жұмыспен қамтып, табысын арттыру.
Кездесу барысында түрлі салалар бойынша әріптестік орнату мәселелері жан-жақты сараланды. Қос тарап экономикалық байланысты нығайтып, әріптестікті тереңдете түсу, Түркістан облысының өндірістік әлеуетін көтеру жөнінде пікір алмасты, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.