Бүгін аудан әкімі Нұрбек Бадырақов Төрткүл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, жыл басынан атқарылған жұмыстарға және алдағы уақытта іске асырылатын жобаларға кеңінен тоқталды.
Кездесудің соңы сұрақ-жауап форматына көшіп, тұрғындар түрлі мәселелерді көтеріп, сауалдарын қойды. Аудан басшысы әр сауалға тұшымды жауап беріп, олардың барлығы хаттамаға енгізілді. Жиыннан кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.
Биыл Төрткүл елді мекенінде газдандыру жұмыстары толық аяқталады. Ауылда 1296 абонент бар. Қазіргі таңда 700-ге тарта үймен келісім-шарт түзілген. Сондай-ақ Спатаев ауылында да газ тарту жұмыстары биыл бітеді. Онда 214 абонент болса, бүгінгі таңда 150 үймен келісім-шарт түзілген. 306 абоненті бар Қызылжар, 114 абоненті бар Елшібек батыр ауылдарындағы газ тарту жұмыстары да осы жылы аяқталады. Ал, Көкарал мен Еңбекші ауылдарына табиғи газ келесі жылы беріледі. Арыстанды, Жайылма, Ақсары ауылдарына газ тартуға ЖСҚ әзірленіп, тиісті мекемелерге ұсынылған.
Төрткүл елді мекеніндегі құрылысы тоқтап қалған 300 орындық мектептің, Қызылжар ауылындағы 300 орындық қосымша оқу корпусының құрылысы қайта жанданатын болады.
Қарабастау, Еңбекші ауылдарында ФАП-тың құрылысы жүргізіледі.
Биыл Қызылжардағы ауылдық клубқа қайта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Жыл басынан Төрткүл а/о ауылшаруашылық саласына 39 млн.тг.инвестиция тартылған, деп хабарлайды Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.