Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы кесте аясында Ынтымақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, күрмеуі қиын мәселелерді бірге талқылады.
Өткен тоқсандағы жүздесуде көтерілген Ақниет, Нұр ауылдарынан дәрігерлік амбулатория салу, Ақниет ауылынан мектеп салу, округ аумағындағы жекеменшік электр желілерін мемлекет меншігіне алу, Көрікті елді мекеніндегі электр бағаналары мен желілерін ауыстыру, Әден ата ауылындағы электр қуатын ретке келтіру, сонымен қатар, Ақниет ауылындағы ауыз су, ішкі ағын су жүйелерін мемлекеттік меншікке өткізу, тік дренаждарды қайта іске қосу, Көрікті ауылы Қоңырат көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, Ынымақ ауылдық округінен мал өлекселерін тастайтын жер телімін бөлу секілді 13 мәселенің орындалу барысымен таныстырды.
Аудан басшысы өз баяндамасында биылғы жылы «Кирово» АГТС құрылысын аяқтауға 305,7 млн теңге, «Ынтымақ» жалпы орта мектебінің қосымша 100 орындық ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге жобалау сметалық құжаттарын әзірлеу үшін 4,3 млн теңге, Талапты ауылынан мәдениет және кітапхана құрылысына жобалау сметалық құжаттарын әзірлеуге 10,8 млн теңге, округ аумағынан бассейн салу жұмыстарын бастауға 10 млн теңге, футбол алаңшасының құрылысын аяқтауға 12,7 млн теңге, абаттандыру жұмыстарына 8 млн теңге бөлінгенін айтып, жалпы ұзындығы 3,2 шақырымды құрайтын 4 көшеге 29,8 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Тұрғындармен өткен кездесуден соң аудан басшысы округ тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдап, сұрақтарына жауап берді. Өтініштері мен ұсыныстарын бірге талқылады, деп хабарлайды Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.