Аудан әкімі Арман Сәбитұлы Қарамұрт ауылдық округінде болып, аралау барысында өзекті мәселелерімен танысты.
Ауылдық округінің әкімі М.Нажиев "Қарамұрт газ" ЖШС-і тарапынан ағымдағы жылы табиғи газ қысымын көбейту мақсатында күрделі жөндеу жұмыстарының жоспарланып отырғаны, Низамабад елді мекеніндегі жер қойнауын пайдаланушының жұмысына тұрғындардың білдірген қарсылығы, Қарамұрт ауылы мен Төлеби ауданының шекарасында орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын орынды жабу туралы мәселелерін түсіндіріп, заңға сәйкес шешімін қарастыруға ықпал етуін сұранды.
Өткен жылдың қыс маусымында газ қысымы төмендеп, тұрғындарға бірнеше күн газ берілмей қалған жағдайы орын алған болатын. Осыған байланысты, газ шаруашылығы қысқа дайындық маусымына дейін қосымша құбырларды жүргізіп, аяқтауы тиіс. Жекеменшік газ шаруашылығының бастаған жұмысы бүгінгі таңда баяу екенін тілге тиек етті. Құбырларға арналған жер қазылған, алайда басталған жұмысты соңына дейін жеткізу үшін тиісті мекемелерден құжаттарға келісім ала алмай отырғаны айтылды. Тұтынушылардың жартысына жуығы осы газ шаруашылығын қолдаса, қалған жартысы аудандағы «КазТрансГазАймақ» АҚ Сайрам аудандық газ шаруашылығына өткізу секілді келіспеушіліктер туындауда.
Ауыл тұрғындары жер қойнауын пайдаланушы үлкен үйінді жинамау және айналасына су сеуіп отыруын сұранып отырғанын жеткізді.
Қатты тұрмыстық қалдық тастайтын орын қайта ашылған. Қоқыстарды өртеген кезде ауада тараған иісі үшін жергілікті халық қайта жабу мәселесін көтеруде.
Аудан басшысы аталған мәселелерді зерделеп, заңға сәйкес ретке келтіруді тапсырды, деп хабарлайды Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.