«Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» қарсаңында, шымкенттік полицейлер «Үш бұлақ» балаларды сауықтыру орталығына барып, балалармен есірткіге қарсы науқан өткізді.
Бүгінде бұл орталықта қаламыздың 2 бірдей балалар үйінің тәрбиеленушілері мен өзге де мектеп оқушылары демалуда.
Іс-шараға қатысқан Шымкент қаласының полиция департаментінен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, балаларға есірткі немесе басқа да психоактивті заттардың қауіптілігін, оның денсаулыққа алып келер зардабын түсіндіріп, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын жеткізді.
Кездесу барысында балалардың ақпаратты толық игеруін қамтамасыз ету мақсатында, «Біз әдемі, бақытты өмірді таңдаймыз» тақырыбында зияткерлік ойындар өткізілді. Оның соңы спорттық іс-шаралармен жалғасып, ескетілікке суретке түсумен аяқталды.
Есірткі тұтынатын жасөспірімдер мен жастар өздерін қоғамға және заңға қарсы қояды, олардың болашағы жоқ. Нашақорлыққа шалдыққан науқас өмірінің орташа ұзақтығы 2-3 жыл.
Нашақорлықтың себептері:
Балалар мен жасөспірімдердің девианттық тәртіп формалары тәрізді нашақорлықтың негізгі себептерінің арасында бірінші орындардың бірі отбасындағы келеңсіз көріністер, ата-аналардың спирттік ішімдіктерге немесе нашақорлыққа салынуы, өмір сүру деңгейінің төмендігі, жанұя мүшелері арасында көтеріңкі көңіл-күй қатынастарының болмауы, жанұяда әкенің немесе шешенің болмауы, психоактивті заттарға оңай қол жеткізу, жасөспірімдердің бос уақытын өткізу мен қолы бос болмауының нақты бағдарламасының жоқтығы сияқты әлеуметтік факторлар үлесінде. Жиі жағдайларда есірткі қоғамдық орындарда: мектептерде, дискотекаларда, кафелерде, көшелерде, саябақтарда, есірткі таратушылар мен сатушылардың пәтерлерінде алынады.
Нашақорлықпен күресу жолдары:
Есірткіге қарсы күрес бөлімдерінде қызметкерлердің санын көбейту қажет, өйткені саусақпен санарлық топқа есірткі бизнесі дес береді деуге сену қиын.
Есірткіні анықтап, ұстап тауып алатын құрал-саймандар, техникалармен есірткіге қарсы күрес топтарының толық қамтамасыз етілуі керек.
Қысқасы, нашақорлық – қоғам дерті. Нашақорлықпен күресуге жалғыз адамның шамасы келмейді. Бұл жерде заң сақшылары, нарколог мамандар, ата-аналар және сіздер мен біздер әрбір Қазақстан азаматы шетте қалмау керек. Ғасыр дертімен күресу керек. Дүниедегі ең қымбат нәрсе ол сенің өмірің. Сенің өмірің ол өз қолыңда.