Бүгін Шымкент қаласында 9 мамыр Жеңіс мерекесіне орай “Әл-Фараби” алаңында "Күткен күн" атты мерекелік концерттік бағдарлама өтті. Мерекелік қойылым халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің “Күткен күн” романы желісімен әзірленген. Сонау қаралы соғыс жылдарындағы ел басына күн туған ауыртпалықты шебер сахналаған “А. И театрының” ұжымы спектакль-концерт ретінде ұсынып, толқыған көрерменді әсерлі сәтке бөледі.
Жазушы Ә. Нұрпейісов қырқыншы жылдардың орта шенінде өзі ішінде болып, бүге-шүгесін әбден анық білетін Курляндия оқиғасынан очерк жазбақ болады. Оның жазушылық жолы осыдан басталған.
Ұлы Отан соғысы кезіндегі оқиғалар, халықтың тұрмысы жайлы осы романда айтылады.
Басты рөлдерде:
Мәдениет саласының үздігі Бағлан Иманғалиев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Гүлжамал Қазақбаева, “А. И театры” актері Еркебұлан Есіркеп және тағы басқа танымал театр труппасы өнер көрсетті.
Сондай-ақ, мерекелік кеште ҚР халық әртісі Роза Рымбаева, әнші Маржан Арапбаева, Айгүл Иманбаева әннен шашу шашып, көрерменді шаттыққа бөледі.
Іс шара ұмытылмас күндердің естелігі боп мәңгілікке ел жадында сақталары хақ.
Тарих беттерін парақтаған адам жеңіс сағатын соқтыруға Қазақстанның қосқан үлесі телегей-теңіз екенін байқар еді. Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады... Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды...
Ұлы Отан соғысының шежіресіне Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың, Мәлік Ғабдуллиннің, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигельдинов, Нүркен Әбдіров, Нұржан Қазбековтың және көптеген жерлестеріміздің аттары алтын әріптермен жазылды.
Құрметтi ардагерлер, Сіздерге туған өлкемiздiң игiлiгi үшiн атқарған адал еңбектерiңiз, даналық өмiрлерiңiз және белсендi азаматтық ұстанымдарыңыз үшiн мың да бiр алғыс. Себебi бүгінгі таңда жарқын болашаққа қарай батыл қадамдап келе жатқан Тәуелсіз Қазақстанның iргетасы сiздермен қаланған.