Қазір Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы үш деңгейлі жолайрық құрылысы жалғасуда. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов нысанда болып, құрылыс барысын қадағалады.
Осыған дейін жоспардағы жол құрылысының 70 пайызы орындалған. Мұрат Дүйсенбекұлы жұмыс қарқынын күшейтіп, жол қозғалысына қолайлы жағдай жасау мақсатында Арғынбеков көшесін
15 мамырдан бастап уақытша ашуды тапсырды.
Айта кетейік жобаға сәйкес, жолайрық үш деңгейлі. Төменгі деңгейде - Арғынбеков көшесі, жоғарғы деңгейде - Бәйдібек би даңғылы, ортаңғы деңгейде - оң жақ бұрылыстар мен сақиналы жол орналасатын болады. Бұл шара халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында іске асырылып отыр.
Былтыр құрылысы басталған жолайрықты жыл соңына дейін толығымен пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес мегаполистің ішкі орам көшелерін жөндеуден өткізуге басымдық берілген. Осыған орай, шағын аудандар мен тұрғын алаптар инфрақұрылыммен қамтылып, өз кезегінде жұмыстар жүйелі атқарылуда.
Бүгінгі күні Асар-2 шағын ауданы аумағындағы Күншоғыр көшелері орташа жөндеуден өтуде. Аталған шағын ауданның 4 көшесіне 2 қабат асфальт төселеді. Көшелердің жалпы ұзындығы - 1,2 шақырымды, ені 5 метрді қамтыса, жаяу жүргіншілерге арналған жолдың ені – 1,5 метрге жеткізілді.
Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша 2023 жылы орташа жөндеу жұмыстары 236,3 шақырымды құрайтын 297 көшеге жүргізілу жоспарлануда. Сондай-ақ, жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейі 2022 жылы 67,4% пайызды құрады. Ал 2023 жылы 71,2% пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Шымкентте жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол апаттарының алдын алу мақсатында қала көшелерінде жол таңбаларын жаңарту жұмыстары бастау алды. Мұндай жаңарту жұмыстары қолданыстағы стандарттарға сәйкес тұрақты түрде атқарылады.
Шаһардағы асфальт жолдың жалпы ұзындығы – 2189,5 шақырымды құрайды. Ағымдағы жылы қалада көліктердің жол қозғалысын реттеу, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 400 шақырымға жуық жол таңбалары сызу жоспарланған.
Бұл жұмыстар көлік қозғалысына кедергі келтірмеуі үшін түнгі уақытта атқарылды.