Бүгінде Шымкентте 16 шақырымды құрайтын «Оңтүстік» айналма жолының құрылысы жүргізілуде. Нысан көлік кептелісін азайтып қана қоймай, жол бойындағы елдімекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына да ықпал ететін болады.
Бүгін қала әкімі М.Әйтенов айналма жолдың құрылыс жұмыстарымен танысты. Айналма жолдың құрылысы Ленгір тас жолынан бастап КХ-15 облыстық маңызы бар автожолына дейінгі аралықты қамтиды. Жоба бойынша көшенің ені 9 метрді құрайды. Осыған дейін жол құрылысының 50 пайызы орындалған. Шымкент-Ташкент жолында қиылысатын бөлігінде көпір салынып, жолдың негізі дайындалған.
Қала әкімі жауаптыларға жол құрылысы барысында туындаған өзекті мәселелерді шұғыл шешіп, жұмыстарды сапалы жүргізуде тапсырды.
Биыл Шымкент қаласында жалпы ұзындығы 201,7 шақырымды құрайтын 253 көше орташа жөндеуден өтеді. Олардың 24-і магистралды көшелер. Сонымен қатар жыл соңына дейін 140,6 шақырым жолда құрылыс және қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Осылайша қаладағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 71,2 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Қаладағы көлік кептелісін азайту мақсатында ірі құрылыс жобалары жүзеге асырылуда.
Биыл Д.Қонаев даңғылы жалғасының 2-ші және 5-ші кезеңдері, А-2 айналма жолының 2-ші және 4-ші кезеңдері, Өтегенов көшесінің жалғасы, Адырбеков көшесін қайта құру және Бәйдібек би-Арғынбеков көшелері қиылысындағы жолайрық құрылысы аяқталады.
Жалпы, бүгінде мегаполис аумағына кіретін жолдардың ұзындығы 3 247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде 2 066,1 шақырымы асфальттелген, қалғаны шағал тас төселген жолдар.
Қаланың кешенді даму жоспарына сәйкес, 2023-2025 жылдар аралығында 441,2 шақырымды құрайтын 466 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілетін болады.