Бүгінде қалада жолаушыларға 10 автопарк қызмет көрсетеді, онда 1000-ға жуық автобус тіркелген. Қоғамдық көліктердің 90% пайызы жаңартылған. Қазір әлеуметтік мәні бар маршруттардың тізімімен 75 маршрут айқындалған. Автобус маршруттары субсидиялар есебі арқылы қала аумағын, сонымен қатар шет аймақтарда орналасқан барлық шағын аудандар мен тұрғын алабтарды қамтиды.
Тұрақты маршруттардағы 600-ден астам автобусқа жанар-жағар май ретінде экологиялық таза газ-метан пайдаланылады. Автобустарды газ отынымен қамтамасыз ету үшін 2 газ станциясы қызмет көрсетуде, ал үшінші станциясының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
15 мамырдан бастап көлік қозғалысына ашылған Арғынбеков көшесінің бойымен 4 бағыт бойынша қоғамдық көліктер қайта ұйымдастырылды. Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы үш деңгейлі жолайрықтың құрылысына байланысты автобус маршруттарының қозғалыс кестесі уақытша баламалы көшелерге ауыстырылған болатын. Қазір бұл аумақтан №92, №141, №146, №104 бағыттарға қоғамдық көліктер қатынауда.
Сонымен қатар, шілде айында оң жақ өткелдерінің құрылысын аяқтап, көлік қозғалысына ашу жоспарлануда.
Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес мегаполистің ішкі орам көшелерін жөндеуден өткізуге басымдық берілген. Осыған орай, шағын аудандар мен тұрғын алаптар инфрақұрылыммен қамтылып, өз кезегінде жұмыстар жүйелі атқарылуда.
Бүгінгі күні Асар-2 шағын ауданы аумағындағы Күншоғыр көшелері орташа жөндеуден өтуде. Аталған шағын ауданның 4 көшесіне 2 қабат асфальт төселеді. Көшелердің жалпы ұзындығы - 1,2 шақырымды, ені 5 метрді қамтыса, жаяу жүргіншілерге арналған жолдың ені – 1,5 метрге жеткізілді.
Еске сала кетсек, әлеуметтік маңызы бар № 55 және №149 бағыттағы қоғамдық көліктері 6 жаңа автобуспен толықты. Жаңа автобустар қыркүйек айынан бастап жолаушыларды тасымалдауға кіріседі.
№ 149 автобустың саны онға жетті. Ал, № 55 автобус маршрутына 2 бірлік қосылып, жалпы 8 автобус жүретін болады.
Жаңалау жұмыстары жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен тасымалдаушы компаниялардың арасында түзілген келісімшарттар негізінде атқарылды.