Қала аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуші 45-тен астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың негізгі бағыты ұн, макарон, ірімшік, сары май, айран, шұжық, консерві өндіру.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін арттыру мақсатында биылғы жылы 3 сүтті қайта өңдеуші кәсіпорындар іске қосылады. Қазір «Өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімін тереңдете өңдеп өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау» бағдарламасы арқылы сүтті қайта өңдеп қатты ірімшік пен сары май өндіруші 6 кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, жыл сайын өнімдердің қуаттылығы артты.
Сондай- ақ, Шымкент қаласының Қайнарбұлақ тұрғын алабы ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бойынша жалпы ауданы 132 гектар «Бозарық» тамақ өнеркәсібінің индустриялық аймағын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылатын индустриялық аймақтың инженерлік-инфрақұрылымдық желілерін биыл аяқтау жоспарлануда.
«Бозарық» өндірістік аймағы іске қосылған жағдайда құны 18 млрд. теңгені құрайтын 27 инвестициялық жобалар жүзеге асатын болады.
12 мамыр күні Шымкентте "Жасыл қала" бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында арнайы жиын өткен болатын. Ауқымды жоба мегаполистің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында экологиялық мәселелерді кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді.
Бағдарламаны жүзеге асыру тетіктері талқыланған жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов пен Орталық Азия бойынша Еуропа қайта құру және даму банк өкілдері қатысып, бірлескен іс-шаралар жоспарын пысықтады.
Жобада жер, су ресурстарын тиімді пайдалану, ауаның ластануы, орталық жылу жүйесі, көлік кептелістері мен қалдықтарды залалсыздандыруға қатысты қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешудің инвестициялық жобалары мен іс-шаралары қарастырылған.
«Консультанттардың халықаралық тәжірибесі бізге қаланы тұрақты дамытуда оңтайлы техникалық шешімдер мен ұсынымдарды қарастыруға мүмкіндік береді деп үміттенемін. Біз жоспар шеңберінде қаламызда қоғамдық көліктердің баламалы түрлерін енгізу, агломерациямен көлік мәселесін шешу, суару секторы, энергияны үнемдейтін сыртқы жарықтандыру, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағыттарын дамытуды көздеп отырмыз. Жоспарды жүзеге асыруға әкімдік құрылымындағы тиісті басқармалардан бөлек азаматтық қоғам, бизнес, сарапшылар қауымдастығының өкілдері де белсенділік танытады деген сенімдемін», - деді қала әкімі.