ШЫМКЕНТКЕ 134, 2 МЛРД. ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

ШЫМКЕНТКЕ 134, 2 МЛРД. ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

Бүгінде климаты жағымды, географиялық орналасуы оңтайлы, еңбекқор халқы бар Шымкент инвесторлар үшін өте қолайлы қалаға айналып отыр. Инвестақуалды жақсарту мақсатында атқарылып жатқан кешенді шаралар да шетелдік бизнес өкілдерінің республикадағы үшінші қалаға қызығушылығын арттыруда.
Осы бағытта қолға алынған қыруар жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылдың 4 айында қала экономикасына 134,2 млрд. теңге инвестиция тартылды. Көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20,1%-ға артып отыр. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 721,7 млрд.теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Осылайша биылғы көрсеткішті алдыңғы жылмен салыстырғанда 32%-ға арттыру көзделуде.
Мегаполис экономикасына өткен жылы 148,7 млн. АҚШ долларына тікелей шетелдік инвестициялар тартылған болатын. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібіне тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі - 161,3 млн теңгені құрайды.
Жалпы, 2023-2027 жылдар аралығында қаламызда жүзеге асырылатын құны 1,7 трлн. теңге құрайтын 227 инвестициялық жобалардың пулы жасалған.
Оның ішінде, шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2670 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 10 жобаның іске асырылуы жоспарлануда.
Олардың ішінде тұрғын үйлер салу, құрылыс материалдарын өндіру, синтетикалық иірілген жіп және мата өндірісіне қатысты ауқымды жобаларды айрықша атап өтуге болады.
Инвестиция тарту мәселесі - тікелей қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бақылауында. Жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бүгінде барлық бағытта кешенді шаралар жүргізілуде.
Биыл «Бозарық» тамақ өнеркәсібінің индустриялық аймағының инфрақұрылым құрылысы аяқталады. Бүгінде аймақтың 1,8 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы 21 жобасы әзірленді.
Сондай-ақ, қалада жеке «Standard» индустриялық аймағы құрылуда. Қазір «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын 175 га дейін, ал сауда-логистикалық орталығын 136 га дейін кеңейту жұмыстары жүргізілуде.
Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында 2023-2027 жылдары жүзеге асырылатын 227 инвестициялық жобалардың базасы жасақталды. Инвестициялық ресурстардың өміршеңдігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қолдау жұмыстары жүргізілетін болады.
Жобалардың жалпы құны 1,7 трлн.теңгені құрайды және жаңадан 18 мыңнан аса жұмыс орындары ашылады.
Оның ішінде 2023 жылы құны 129 миллиард теңгені құрайтын 49 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қостанай облысының негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалды. Ауыл шаруашылығы...