Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп тұруына қолайлы орта қалыптастыру мақсатында ҚР «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңына сәйкес, Шымкент қалалық Әл-Фараби ауданында орналасқан нысан иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Ауданда 29 әлеуметтік және жекеменшік нысандарды аралау барысында 5 нысан стандартқа сай еместігі анықталып, ескертпе жасалды. Нысан иелері 1 ай уақыт көлемінде айтылған ескертпелерді назарға алып, 2023 жылдың 30 маусымына дейін ережеге сай талаптарды орындауы тиіс.
Жоғарыда аталған Заңның 25 бабының 3 тармағына сәйкес, «Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ортақ пайдаланылатын тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістік үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергісіз кіріп-шығуына ұлттық стандарттарға сәйкес жағдай жасауға міндетті делінген».
Аталған заң талаптары орындалмаған жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы Кодексіне сәйкес шара қолданылатынын хабарлаймыз.
Осыған байланысты өз нысандарыңызды мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруына қолайлы пандус, таймайтын төсеніш, шатыр, тірек, кіре беріс есіктеріне кедергісіз табалдырықтар, санитарлық-гигиеналық тораптар, арнайы автотұрақ орнатуыңызды сұранамыз.
Еске саларлық, Шымкент қаласы Полиция департаментінің музейіне «Есіту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатының» оқушылары экскурсия жасап келді. Музей меңгерушісі Гульнар Шалқарқызы Полиция департаментінің құрылу тарихына тоқталып, тарихи ескерткіштер мен құнды экспонаттарды көрсетіп өткен болатын.
Мұндай іс-шаралар тарихты тереңірек білуге, сондай-ақ әлеуметтік туризм саласын кеңінен дамытуға, мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімделуіне мүмкіндік береді.
Анықтама үшін телефондар:
Әлеуметтік қорғау, мәдени даму және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімі
Телефон: 8/7252/54-07-92