Жастар ресурстық орталығының психолог мамандарының ұйымдастыруымен Энергетика және байланыс колледжінің ерекше білім қажеттілігі бар жастарының қатысуымен «Жүрекпен көретін жандар» тақырыбында психологиялық семинар-тренинг өтті.
Мақсаты - психологиялық көмек көрсету арқылы жастардың бойында сенімділікті қалыптастыру және психологиялық жағымсыз құбылыстардың алдын алу.
Семинар-тренинг барысында мекеме психологтары жасөспірімдерге мотивациялық бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сұрақ-жауап айдарын ұйымдастырды.
Көпшілік ортада қысылып, томаға-тұйық жүретін жандар болады. Олар көбіне ішіндегі уайым-қайғысын өзгелермен бөлісе бермейді. Негізінен көпшілік ортада қысылу, ыңғайсыз сезіну көбіне сенімділік пен тәуелділік деген қасиеттердің әлсіздігінен шығады. Ал біз қысылудан арылудың 6 алты жолын айта кеткенді жөн санап отырмыз:
1. Қысылудан арылудың бір жолы – өзіңді сүю және құрметтеу. «Ұялмаған бұйырмағанды алады» демекші, көп ретте өз ойыңызды сыртқа шығаруға тырысыңыз.
2. Жақын жандардың істеген ісіне, өзіне деген сенімділігіне баса назар аударыңыз. Оның жетістікке жету құпиясы, өзін ортада ұсстау тәртібі, жағдайлардан қалай шығатыны, мұның бәріне зерттеу жүргізіңіз. Жақсы қасиеттерін, өмірлік ұстанымын, мақсатқа жету жолындағы табандылығын, өмірлік тәжірибесінен пайдалы тұстарын өзіңізге ала біліңіз.
3. Сынды «шын» қабылдай бермеңіз. Себебі, сізді аяқтан шалғысы келетін жандар болмашы тірлігіңізге мін тағып шыға келуі мүмкін. Әр айтылған сынның дұрысы мен бұрысын саралай біліңіз. Өзгелердің көзқарасы мен пікірлерімен өмір сүруге болмайды. Өзіндік көзқарасыңызды қалыптастырыңыз.
4. Өмірдегі жетістігіңіз бен жеңісіңізді ой елегінен өткізіп тұрыңыз. Өзіңізге деген сенімділігіңізді арттырыңыз. Өзіңізді әр сәтте еркін сезініңіз.
5. Әрқашан қолыңыздан келетін істен бастауға тырысыңыз. Қиын істен бірден бастамаңыз. Психологиялық тұрғыдан бірінші дайындықты бастап барып, сосын әрекетке көшіңіз.
6. Кез келген кедергілерге мойынсұнбай, уақытында жауап беруге тырысыңыз. Шешілмейтін түйін секілді көріп, кейінге қалдыра бермеңіз.
Сондай-ақ семинар-тренинг соңы әдістемелік ойындармен жалғасын тапты.