Бүгінде қоғам дертіне айналған зорлық зомбылықтың алдын алу және болдырмау біздің басты міндетіміз. Осы мәселеге қатысты Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері отбасылық жанжалдың туындау себебін анықтап, профилактикалық шаралар ұйымдастыруда.
Нақтырақ айтсақ, Еңбекші АПБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Асель Төребай, әкімдік қызметкерлері және Еңбекші аудандық прокуратурамен бірлесіп №68 мектеп оқушыларымен кездесу өткізді.
Шара барысында жасөспірімдерге тәрбие және заңдылық бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, оқушылардың жанұяларындағы қарым-қатынас тұрақтылығы жөнінде әңгіме өрбітіп, оларды мазалаған сұрақтарға жауап берді.
Айта кетейік, полицейлер тарапынан мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Отбасылық тұрмыстық жанжал туындаған жағдайда тәртіп сақшылары азаматтарға полицияның “102” сымтетігіне хабарласуды ұсынады.
Өз кезегінде, полиция қызметкерлері қоғамдағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасамауға, ауыр қылмыстарға бейімділік танытпауға, отбасындағы туындаған кикілжіңдерге түсіністікпен қарап, ажырасуға, зорлық- зомбылыққа дейін жеткізетін мәжбүрлікке бармауға кеңес береді.
Сондай-ақ, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты № 3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы өмірлік қиын жағдайда жүрген азаматшаларға аурнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Атап айтсақ, мұндағы қызмет алушыларға — тұрмыстық, психологиялық, құқықтық, медициналық көмек түрлері көрсетіледі. Қазіргі уақытта орталықта қызмет алушылар саны 92-ге жеткен. Олардың 21- аналар, ал қалғаны (38-ер бала, 33-қыз бала) балалар.
Орталық тарапынан қызмет алушы аналардың уақыттарын тиімді өткізуге ерекше басымдық берілген. Яғни, жеке кәсіпкерлік нысандарымен келісім негізінде қолөнер бұйымдарын жасау, шаш әрлеу салалары бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, қызмет алушы азаматтар жаңа дағдылар қалыптастыруда.
Сонымен қатар, қыз-келіншектердің құқықтық сауаттылығын арттырып, оларға құқықтық көмек көрсету үшін Шымкент қаласы Полиция департаменті өкілдерімен құқықтық кеңес беру іс-шаралары ұйымдастырылады.
Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың фактілерін байқасаңыз немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болсаңыз төменде көрсетілген сенім телефондарына хабарласуыңызға болады.
Сенім телефондарымыз:
☎️ 150
☎️ 7(7252) 45 03 03
+7 775 450 54 33