Бүгін жұмыс күніне жоспарланған аудан әкімінің есептік кездесуі Тастұмсық ауылдық округінде өтті. Кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Хамит Байысбаев, дербес бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Бұл жиында аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов аудан және округ көлемінде ағымдағы жылдың 5 ай қорытындысымен атқарылған жұмыстар барысын баяндап, тұрғындар тарапынан түскен өтініш-ұсыныстар негізінде алдағы атқарылатын жұмыстар барысымен бөлісті.
Ауылдағы мәселелерді осы округ тұрғындарынан басқа жақсы ешкім білмейтінін алға тартқан аудан басшысы аталған жиынды сұрақ-жауап форматында өткізді. Айта кетсек, тұрғындар тарапынан жарықтың сөнуі, интернет және байланыс желілерінің қанағаттанарлықтай деңгейде емес екені айтылып, көп балалы аналардан АӘК бойынша шағымдар түсті. Тастұмсық ауылындағы ең өзекті мәселелердің біріне айналған су арналарының тазалығы, трансформаторлардың істен шығуы туралы сөз қозғалды. Аудан әкімі Нұржан Жақсылықұлы осы және өзгеде мәселелер бойынша заң аясында жұмыс жасалатынын айтып, дербес бөлім басшылар мен жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.
Жиын соңында ауыл ақсақалдары батасын беріп, аудан әкімі жоғарыда айтылған Тастұмсық ауылына қарасты Амангелді көшесінің бойында орналасқан су арнасы маңына барып, түйткілді мәселені өз көзімен көріп, жауапты мамандарға тез арада қажетті жұмыстарды атқаруды жүктеді, деп хабарлайды Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.