Аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов жауапты мамандармен бірге Қараағашты ауылы және Тұрар Рысқұлов ауылындағы көп қабатты тұрғын үйлер алабында болып, жергілікті тұрғындармен кездесіп, есептік кездесулерде көтерілген өзекті мәселелердің шешу жолдарын талқылады.
Ең алдымен Қараағашты ауылына бет бұрған Нұржан Жақсылықұлы Дауан орта мектебінің ауласында ауыл тұрғындарымен жүздесіп, ауылдағы бірқатар мәселелерді саралады. Бұл ауылдың азаматтары көтерген басты мәселе ауыл мектебінің аумағын қоршап, мектеп ауласын ретке келтіру.
Айта кетейік, дәл осы Қараағашты ауылында Астана қаласында өткен белбеу күресінен әлем чемпионы Ақтөре Сұлтанбекұлы тұрады. Тұрғындар сол секілді жас спортшыларды қолдау мақсатында спорт комплексі ашылса деген ниетте. Осыған орай, ауыл азаматтары әкімнен қолдау күтетінін жеткізді.
Сонымен қатар, ауылдық клуб ашып, ауылдағы мәдениет саласын дамытуды сұрады. Аталған мәселелерді аудан басшысы назарға алып, жауапты мамандарға құжаттар әзірлеп, тиісті мекемелерге ұсыныс хат жолдауды тапсырды.
Ал көп қабатты тұрғын үйлердегі тазалық мәселесі сын көтермей тұр. Түнгі уақытта тыныштықты бұзып, тұрғын үй ауласында бұзақылық жасайтын адамдарға шара қолдануын сұраған халыққа әкім тез арада аудандық полиция бөлімінің басшысы орынбасарын шақырып, заң шеңберінде қандай шаралар қабылдайтынын талқылады.
Аудан басшысы тұрғындарды тазалық сақтауға шақырып, тиісті қажеттіліктер туындаған жағдайда әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді, деп хабарлайды Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.