Аудан әкімі Арман Сәбитов Қарасу ауылдық округі тұрғындарымен кездесті.
Жиында Қарасулық тұрғындар елді мекендегі ауыз су, жол, электр энергиясы, балалар спорт алаңшасы және қоқыс сынды өзекті мәселелерін жеткізді. Кездесу басында ауыл әкімі Д.Сыдықов II тоқсанда көтерілген сұрақтар мен ұсыныстардың орындалуы бойынша ақпарат берді.
Қарасу ауылындағы №74 мектепте өткен кездесуде тұрғындардың дені мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс-жүзінде орындау керектігін жеткізді. Атап айтар болсақ, ауылдағы сапалы ауыз су мәселесі көп жылдан бері тұрғындарының «бас ауруына» айналған. «Сайрам Тазалық» ЖШС-нің директоры мәліметінше техникалық ақауларға және жаңақұрылыс аумағына тұрғындардың көбеюіне орай, ауыз су бекітілген кестеге сәйкес берілуде. Дегенмен, тұрғындар ауыз су түнгі 02:00 мен таңғы 06:00 аралығында берілетіндігін айтып, шағымданды. Аталған мәселені түбегейлі шешу мақсатында 106 гектар аумақта су ұңғымасы (құдық) қазылуда. Сондай-ақ, аудан әкімінің тапсырмасына орай су мұнарасын орнату бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген сұрақтарға аудан әкімі мен тиісті бөлім, мекеме басшылары жауап берді. Бас қосуда ауылдағы мектеп тақырыбы да сөз болды. Бүгінде ауыл тұрғындарының саны 23 мыңнан асады, сәйкесінше балалар саны да жыл сайын артуда. Ал ауылда тек 3 үлкен мектеп бар. Болашақта білім ордаларының жетіспеушілігі байқалады дейді тұрғындар.
Айта кетейік, кездесуде электр энергиясы бағаналарын ауыстырудың қажеттілігі, жарықтың жиі өшуі талқыға салынды. Бөлім басшысы Әл-Фараби көшесінің электр бағаналарын және сым желісін ауыстыру бойынша ағымдағы жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің теңгеріміндегі транформатордан алынатындығын атап өтті. Ал 2024 жылы инвест жобасы аясында электр бағаналарын және сым желісін ауыстыруға ұсынылды.
Жалпы елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстар жеткілікті. Алдағы уақытта көтерілген мәселелерге ЖСҚ әзірленіп, облыстық бюджеттен қаржы қаралатын болады.
Аудан басшысы Арман Сәбитов айтылған әрбір мәселені назарға алып, шешу үшін бар мүмкіндікті пайдаланатынын айтты. Есептік жиын соңында тұрғындар жеке мәселелері бойынша әкімнің қабылдауына кіріп, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Басым бөлігі білім саласы, жайылымдық жер секілді сұрақтарын алға тартты. Өз кезегінде тұрғындар қойылған сұрақтарына нақты жауап алды, деп хабарлайды Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.