Биыл Шымкентте 9 көпқабатты тұрғын үйдегі 13 жеделсаты ауыстырылып, жаңа жеделсатылар қайтарымды қаржы негізінде орнатылатын болады. Бұл бойынша қазіргі таңда қаржылық-экономикалық негіздеме қорытындысы күтілуде. Аталған негіздемеге сәйкес, қаржы қаралған соң жеткізуші мердігер мекемемен келісім шарт түзіліп, орнатылу жұмыстары жүргізілмек. Жеткізуші мердігер мекемемен орнатылатын жедел сатылардың келісім шарт бойынша 2 жылдық кепілдік мерзімі қарастырылған.
2022 жылы есеп бойынша жалпы, Шымкент қаласында 639 лифті тексерілген болатын. Оның ішінде 515 жеделсаты көпқабатты тұрғын үйлерде орнатылған. Жүк көтергіштер істен шығып немесе оқыс оқиға орын алған жағдайда «IKOMEK» орталығына 109 қысқа нөмірі арқылы хабарласу қажет. Байланыс орталығында тұрғын үйлердің тізімі мен жауапты мекеме қызметкерлері бекітілген.
Лифтілердің қауіпсіз пайдаланылуын ҚР Инвестициалар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 359 бұйрығымен бекітілген «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалангу кезіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары» сәйкес жүргізеледі.
Тұрғын үйлердегі ескіріп істен шыққан жеделсатылар бүгінде физикалық және моральдық тұрғыдан ескірген. Техникалық сараптама жүргізуші мамандар бұл істен шыққан жеделсаты модель түрлерін өндіретін өндіріс 25 жылдан астам уақыт бұрын өз жұмысын тоқтатқандығын айтады.
Сонымен қатар қосалқы бөлшектер, тетіктер мен механизмдері нарықтан жойылған. Сондықтан тозған және істен шыққан жеделсатылардың тек бөлшектерін ғана ауыстыру мәселесі лифттің қауіпсіз жұмысына кері әсер етуі мүмкін. Осыған сәйкес сараптама комиссиясының қорытындысы бойынша лифтілерді одан әрі пайдалануға рұқсат етілмейді. Яғни лифттерді толығымен ауыстыру қажеттігі анықталып отыр.
Айта кету керек, көппәтерлі тұрғын үйлердің жедел сатысын ауыстыру үшін жергілікті бюджеттен 163 млн. 500 мың теңге қаржы қаралу жоспарлануда, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.