Бүгінде Шымкент қалалық тілдер орталығында қала тұрғындарымен қатар шетелдік азаматтар да тіл үйреніп жүр. Қазақша үйренуге ниет білдірген Ресейден, Ауғанстаннан, Украинадан, Татарстаннан, Әзірбайжаннан келген шетелдік азаматтар қазір мемлекеттік тілдің бастапқы деңгейінде сөйлей алады.
Орталық мамандары шетелдіктерді қазақшаға баулып қана қоймай, оларға еліміздің тарихы мен тыныс-тіршілігін таныстыру мақсатында көрікті жерлер мен тарихи орындарға саяхат сабақтарын ұйымдастырып отырады.
Жалпы қазақ тілін үйрету, дәстүрімізді дәріптеу мақсатында, 2019 жылы 31 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасынан» бастау алған болатын. Алғашқы асқаралы міндеттерінің бірі – «Абай институты» ашық білім беру жобасы жақын арада қалың жұртшылыққа жол тартады.
Еліміздегі тіл саясатын іске асырудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған түрлі шаралар іске асырылып, қарқынды жүзеге асуда. Әрине, бұл тұрғыда республика көлеміндегі Тіл сарайлары мен Тілдерді дамыту басқармалары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың қомақты екендігін мойындаған жөн.
Сонымен қоса, аталған мекемелер тарапынан ұйымдастырылатын түрлі мемлекеттік тілдегі байқаулар да тіл мәртебесінің артуына ерекше ықпал етуде. Осыдан-ақ, қазақ тілінің мәртебесінің анағұрлым артқанын байқауға болады. Бұл – көңіл қуантарлық жәйт. Бүгінгі күні еліміздегі қалаларда орналасқан түрлі плакаттардағы қазақ тілінде жазылған мәтіндердің қателері де азайғанын байқауға болады.
Жалпы, орталықта тіл үйренгісі келетін азаматтарға барлық жағдай жасалған. Мұғалімдер түрлі тәжірибелерді қолданып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында аянбай еңбек етуде, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.