Шымкент жұртшылығы көптен күткен «Нұрсәт» шағынауданында бой көтерген Оқушылар сарайы бүгін Қала күніне орай қолданысқа берілді. Мегаполистің кескін-келбетін айшықтайтын 500 орындық сәулетті ғимарат балалар шығармашылығын дамытуға жол ашады. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік беретін жаңа алаңды аралап көрді.
“2025-2026 жылдарға дейін қаламызда тағы 3 өнер мектебін салуды жоспарлап отырмыз. Тұран шағынауданында қазір бір мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Осылайша, алдағы уақытта әр ауданда Оқушылар сарайы іске қосылады. Мұндай орталықтар жас буынның шығармашылығын шыңдап, жан-жақты дамуына жол ашады” – деді М. Дүйсенбекұлы.
4 ауысымда жұмыс істейтін ғимаратта бассейн, күрес, жекпе-жек, үстел теннисі ойындарының залдары орналасқан. Сондай-ақ, көркем-эстетикалық блокта бейнелеу өнері, драма, сәндік-қолданбалы өнер, қыш жасау үйірмелері жұмыс істейді. Ал ғылыми-техникалық секторда 3D модельдеу, Lego кабинеті, интерактивті кітапхана, биотехнология, гуманитарлық блокта фото және бейне студия, журналистика, моториканы дамыту үйірмелері ашылады. Музыкалық білім бөлімінде дыбыс жазу студиясы, музыкалық аспаптар, вокал студиясы бар. Сондай-ақ балалар мұнда футболға баскетбол мен волейболға қатысып, воркаут алаңында дене шынықтыра алады.
Сән-салтанаты келіскен әсем ғимаратта оқушылардың мектептен тыс уақытын тиімді үйлестіре отырып, қарым-қабылетін дамытуға барлық жағдай жасалған
Озық үлгіде бой көтерген бұл мектеп жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді
Қалада өткен жылы 24 800 орындық 43 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер саны 9-дан 4-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 4-тен 3-ке азайған. Биыл 18 мектепті пайдалануға беріп, үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешу көзделуде.
Сонымен қатар, елімізде орта буын медицина қызметкерлерін даярлау ісінде тоқсан жыл бойы үздіксіз білім беріп келе жатқан Шымкент жоғары медициналық колледжінің ғимараты биыл арнайы спорт залмен қамтылады.
Нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары 2022 жылдың қыркүйек айында басталып, қазіргі таңда өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде.
Нысанды салудың мақсаты – медициналық колледж студенттерін баскетбол мен волейбол ойнауға арналған спортзалмен қамтамасыз ету болып табылады. Ғимарат 2 қабатты әкімшілік тұрмыстық корпустан тұрады. Спортзал аумағы 552,2 шаршы метрді құрайды. Бірінші қабатта асхана, киім ауыстыру бөлмелері болса, екінші қабатта фитнес зал және оқу кабинеттері қарастырылған, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.