Бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаевтың есепті кездесуі Ақжар ауылдық округінен бастау алды. Тұрғындар алдында есеп берген аудан басшысы биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығын қорытындылап, іске асқан жұмыстардың мән-жайын баяндады. Алға қойылған мақсат-міндеттер мен қолға алынатын маңызды жобаларды халыққа жеткізді.
- Бүгін өздеріңізбен арнайы жүздесіп, маңызды мәселелерді талқылау үшін келіп отырмын. Ең алдымен атқарылған жұмыстарлы саралап, жоспарларды нақтылайтын боламыз. Біздің басты мақсат-халықтың табысын арттыру, қордаланған мәселелерін шешу, әрбір елді мекенін дамыту арқылы тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау біз үшін өте маңызды, -деді аудан басшысы.
Кездесуде тұрғындар тарапынан көпірді күрделі жөндеуден өткізу, тұрғын үй, жол жөндеу, тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру, ағын су, дәрігерлік амбулатория салу, таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша сұрақтар қойылып, өтініштер айтылды. Әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдаған аудан басшысы әрбір ұсыныс пен өтініш хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта тиісті жұмыс жүретінін айтты. Ашық пікір алмасу өтіп, күрделі мәселелердің түйіні тарқатылды.
Кездесуден кейін, аудан басшысы тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, талап-тілектерін тыңдап, заң аясында жауап берді.
Аудан басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, алдағы уақытта заңға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
САРЫАҒАШ: АУДАН ӘКІМІ АРМАН АБДУЛЛАЕВ АҚЖАР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
