Бүгін аудан әкімдігінде Арман Сәбитов төрағалығымен әкімдіктің аппараттық мәжілісі өтті. Мәжілісте тұрғындармен өткен кездесудегі өзекті мәселелер қаралды. Жалпы халықпен кездесу барысында 100 мәселе, ал азаматтарды жеке қабылдауда 57 сұрақ көтерілді.
Күн тәртібінде қаралған әрбір тұрғын мәселесінің орындалу барысы бойынша сала басшылары мен ауылдық округ әкімдері жауап беріп отырды. Бұл ретте, аудан әкімі Арман Сәбитов жұмыстарды жүйелендіру мақсатында нақты тапсырмалар жүктеді. Бұған қоса, жиналыста Арыс ауылдық округіндегі ауыз су мәселесі де тұрғындар тарапынан айтылған болатын. Нәтижесінде Қожақорған-Нұржанқорған елді мекендерінің ауыз сумен қамту желілері құрылысының жобалық сметалық құжатын дайындау бойынша келісім шарт түзілген. Бүгінде мемлекеттік сараптама алу үшін құжаттар дайындалуда.
Сонымен бірге, тұрғындар Қарасу ауылы Жаңақұрылыс аумағындағы трансформаторды мемлекеттің балансына өткізуді сұраған.Қазір аталған аумақтағы трансформаторды мемлекеттің теңгеріміне өткізу мәселесі бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы аудан әкімі Арман Сәбитұлы аудан аумағындағы өзекті мәселелерді шешу үшін атқарушы билік пен өкілді орган бірлесіп еңбек етуге дайын екендіктерін атап өтті.
Аппарат мәжілісінің қорытындысы бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, аталған тапсырмалардың орындалуы жіті бақылауда болатындығы айтылды.
САЙРАМ: АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІС ӨТТІ
