Бүгін Астана күні мерекесіне орай Шымкент төрінде мерекелік концерт өтті.
«Астана - ұлы дала Елордасы» атты мерекелік кешті тамашалауға келген жұртшылық Арбатта шырқалған әсем әндерді тербеле тыңдады.
Астана - еліміздің мақтанышы, ел жүрегі, әрі бойтұмары. Күннен күнге көріктене, заманауи жасампаздықпен дамып келе жатқан елорданы ән мен жырға қосқан шымкенттік "Қазына" би ансамблі, қазақ халық аспаптар оркестрі, филармония және әзіл сықақ театрының өнер ұжымы, сонымен қатар өзге де бір топ шығармашылық өнер жұлдыздары сахнада ән мен биден шашу шашып, көрермен қошеметіне бөленді.
Бүгінгі мерекелік көңіл-күй шымкенттіктер мен қала қонақтарын қуанышқа кенелтті.
Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 21 мекеме бар. Оның ішінде 6 театр, 6 кітапхана, «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы, «Шымкент-цирк», «Шым қала» тарихи-мәдени кешені, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, Көрме орталығы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі, Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағы, Шымкент қалалық мемлекеттік архиві бар. Мұндағы әрбір ұйымның ұлт мәдениетін дәріптеп, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беруде өзіндік миссиясы қалыптасқан.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай пайдалануға берілген Шымкент-Цирк мекемесі — еліміздегі ең жас цирктердің бірі. Ал, қаланың рухани тыныс-тіршілігіне, әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үздіксіз үлес қосып отырған 6 кітапхана оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізіп, қызығушылығы ортақ мүдделестермен кездесу алаңында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп отыр.
Халық шығармашылығын дамытып, аймақтағы жас таланттарды танытып, халыққа рухани байлық «Шымкент қалалық мәдениет үйі» қомақты үлес қосып отыр. Ал, өскелең ұрпаққа тарихи-мәдени құндылықтарды жеткізіп, насихаттау жолында қызмет етіп келе жатқан «Шым қала» тарихи-мәдени кешені, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мен Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінінің алар орны ерекше. Сонымен қатар, отандық және әлемдік мәдениет пен өнердің үлгі өнегесін, Шымкент қаласының мәдени мұрасын насихаттауда «Көрме» орталығы игі бастамалардың ұйытқысына айналған.