Шымкентте ауылшаруашылығы өнімдерін сақтайтын қойма кешендері көбейеді. Бүгінде сауда-логистикалық орталығында "НМИ - ЮГ" көп функционалды қойма кешені салынуда. Қала әкімі М.Әйтенов жауаптылармен бірге алаңда болып, құрылыс барысын тексерді.
Жобаға сәйкес, ғимараттың аумағы 22 мың шаршы метрге жуықтайды. Тоңазытқыш камерасында тәулігіне 1455 тонна өнім сақтауға болады. Ал ұн өнімдерін сақтайтын орында 327 тонна тауар сақтауға мүмкіндік бар. Кешен іске қосылғанда 100 ден астам адамды жұмыспен қамтиды.
Қазір өндірістік кестеге сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстары 30 пайызға аяқталған. Жоспар бойынша қойма кешені келесі жылы қолданысқа беріледі.
М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға жұмыс қарқынын күшейтіп, сапаны назарға алу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, нысанды шаруаларға қолайлы етіп жабдықтау бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы маусымаралық кезеңде ішкі нарықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін және баға динамикасын тұрақты ұстап тұру мақсатында форвардтық келісім-шарттар түзу тапсырған болатын. Осыған орай көктем және жаз айларында көкөніс бағаларын тұрақтандыру мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі мен «Колесников», «Сейдахметов» секілді ірі шаруа қожалықтары арасында бірқатар келісім-шарттар түзілді. Мәселен «Колесников» шаруа қожалығы 120 гектар жерге ерте пісетін картоп сортын егіп, 1000 тоннадан астам көкөніс алуды жоспарлаған. Кәсіпкердің ерте көктемнен басталған еңбегінің арқасында қазір егіс алқабындағы өнім ойдағыдай.
Сондықтан картоп бағасын нарықта шекті суммадан асырмау үшін тұрақтандыру қорынан аталған қожалыққа қаражат бөлінді.
Осы келісім шартқа сәйкес шаруа қожалығының өнімдері наурыз, сәуір айларында бір қалыпты бағаны сақтады. Ал алдағы мамыр, маусым айларында да картоп бағасы осы шектен аспайтын болады. Қазір «Колесников» шаруа қожалығының қоймасында 300 тонна картоп және 150 тонна сәбіз бар, олар өз өнімдерін қалаға жақын орналасқан Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы «Александр бағы» қоймасында сақтап отыр. Шаруа алдағы уақытта көкөніс өнімдерін ұлғайтуды жоспарлауда.
Сондай-ақ келісім шарт негізінде қалада биылғы жылдың наурыз, сәуір, мамыр айларына 1600 тонна картоп, 1100 тонна сәбіз, 1000 тонна пияз, 1100 тонна қырыққабат бекітілген сауда орындары арқылы белгіленген бағада сатылып келеді.