Шымкент қаласында бүгінде 588 мектепке дейінгі мекеме бар. Оның ішінде 517-і жекеменшік болса, 71-і мемлекеттік балабақшалар.
Қала бойынша жаңадан ашылған мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар жаңа ғимараттарға орналасқан. Дегенмен, қаладағы ескі балабақшалар бұл күнде күрделі жөндеуді қажет етеді, Соның бірі құрылғанына 55 жыл болған №3 бөбекжай-бақшасы қазір күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов бөбекжай нысандарына арнайы барып, ғимарат құрылыстарын аралады. Мұрат Дүйсенбекұлы нысан басында құрылыс жұмыстарын балалар қауіпсіздігі үшін ережеге сай етіп жүргізуді ескертті.
2023 жылдың наурыз айында басталған жөндеу жұмыстары бұл күнде қарқын алған. Қос қабатты ғимараттың бала саны бойынша сыйымдылығы 163 орынды қамтиды. Мұнда бүгінде 130 бала тәрбиеленуде. Бөбекжай жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін бітіру межеленген.
Сонымен қатар қаладағы №99 «Гүлдер» бөбекжай ғимараты да күрделі жөндеуден өтіп жатқанын айта кетейік. 280 орындық бөбекжайдың жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталады деп жоспарланған.
"Жайлы мектеп" Ұлттық жобасы аясында қала аумағында 25 мектептің құрылысы жоспарланған. Биыл 17 300 орынға арналған 12 мектептің құрылысы басталады.
Алдағы жылы 20 400 орынға арналған 13 мектеп салынып, 2025 жылы пайдалануға тапсыру көзделуде.
Сондай-ақ халықтың демографиялық өсу динамикасын ескеріп, алдағы уақытта білім ғимараттарының орындарын Бас жоспарға сәйкес белгілеп алу қажеттігін ескертті. Басқарма басшыларына құрылыс барысындағы өзекті мәселелерді бірлесе, дер кезінде оңтайлы шешуді тапсырды.
Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мегаполисте 2025 жыл соңына дейін 28 мың орындық 18 мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2 Оқушылар сарайының құрылысы басталып, оның 1-уі жуырда пайдалануға беріледі. Одан бөлек, 2029 жылға дейін сыйымдылығы 750 орындық 5 өнер мектебінің құрылысы жоспарлануда, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.