ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 525,6 МЫҢ ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙ ТАПСЫРЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 525,6 МЫҢ ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙ ТАПСЫРЫЛДЫ

Түркістан облысында 5 жылда тұрғын үй саласы бойынша құрылыс қарқыны артқаны белгілі. Алайда өзекті мәселелер де аз емес. Үйлерді уақтылы тапсырмау, абаттандыру жұмыстарын талапқа сай жүргізбеу және өзге де түйткілдері бар. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында тұрғын үй саласындағы жұмыстар сараланып, кемшіліктер талқыланды.
– Үйлерді маусым айына дейін тапсыру керектігін айтқан болатынмын. Себебі, күзге қарай тапсырылған үйлерді қабылдау, тұрғындарға сату процестері біраз уақытты алады. Екіншіден, қыс мезгіліне қалып қойған үйлердің сапасына сын көп. Құрылысы бітпей тұрған үйлерге қаржысын тауып, мәселесін шешіп бердік. Үйлердің аулаларын абаттандыру бойынша да жоба қабылдадық. Алайда ол жұмыс та жүйелі емес. Уақтылы тапсыру жағында мін бар. Кейбір коммерциялық бағыттағы үйлердің шаршы метрінің бағасы өте қымбат. Бірақ сол бағасына сай емес, көлік тұрағы, абаттандыру жұмысы жоқ. Сондықтан компаниялармен үй бағасын төмендету немесе сапасын жақсарта түсу жөнінде тиісті жұмыстар жүргізілуі керек. Тұрғын үй құрылысына, арендалық үйлерге қатысты жұмысын дұрыс атқармаған әкімдер мен жауапты орынбасарларынан түсініктеме алынсын. Қаржыны алып, жұмысты кешіктірген және сапасыз атқарған мердігерлердің жауапкершілігін де заң аясында қарап шығыңыздар, – деді облыс әкімі.
Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің айтуынша, биыл өңірде барлық қаржыландыру көздері есебінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру міндеті қойылған. 8 айдың қорытындысымен облыс бойынша 525,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға қабылданған. Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығындағы 62 (4202 пәтер, 251 533 мың шаршы метр) тұрғын үйдің тапсырыс берушісі – Облыстық құрылыс басқармасы. Биыл 55 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, жалпы 185 мың шаршы метрді құрайтын 3140 пәтерді пайдалануға тапсыру жоспарланған. Қазіргі таңда 1409 пәтер немесе 81188 мың шаршы метр үй пайдалануға қабылданды. Құрылысты мерзімінен кешіктірген мердігерлерден келісімшартқа сәйкес 2,5 млн. теңге өндірілген.
Аппараттың апталық мәжілісінде Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың да есебі тыңдалды. 2023 жылы жалпы 47,7 млрд. теңгеге 4 403 пәтерлі 66 тұрғын үйдің (4 – қала әкімдігі) құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 11,9 млрд. теңгені құрайтын 1062 пәтерлі 7 тұрғын үй 2024 жылға өтпелі. Қалған 35,7 млрд. теңгені құрайтын 3341 пәтерлі 59 тұрғын үйдің құрылысы биыл аяқталады деп көзделген.
Шаһарда осы бағытта жұмыс жүріп жатыр.
Биыл тұрғын үйлерді абаттандыру жұмыстары 10 нысанда, атап айтқанда жаңа стадион маңындағы 7 қабатты, 32 үйдің (9 үй қабылдаудан өткен) ауласын абаттандыру 7 учаскеге бөлініп, жүргізіліп жатыр. Барлық нысандардың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Инженерлік инфрақұрылым жүйелері аяқталып, тұрғын үйлерге жалғанған. Ауласын абаттандыру жұмыстары 80 пайызы аяқталып, ойын алаңшалары орнатылған.
Жалпы Түркістан облысында өңірлік өнім көлемі 2019 жылдан бері 3 есе өсіп, былтыр 319 млрд. теңгеге жетті. Биылғы 6 айдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 141 млрд. теңгені құрап отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 5 есе өсіп, былтыр 200 млрд. теңгеден асса, биыл жарты жылда 77 млрд. теңгеге жетіп отыр.
Өңір басшысының айтуынша, былтыр негізгі капиталға 305 млрд. теңге инвестиция бағытталса, биыл 6 айдың қорытындысымен 84 млрд. теңге инвестиция тартылған.
– Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуі шаһардың дамуына серпін берді. Қаламызда шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамуда, ол үшін әкімдік тарапынан жағдай жасалып отыр. Биыл Түркістан қаласында қосымша 2 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді. Тұрғындардың орташа жалақысы 58 пайызға өсіп, былтыр 213 мың теңгені құрады. Қала бюджетінің өзіндік кірістері соңғы 5 жылда 5 есе артып, былтыр 15 млрд. теңгеге жетті. Осы жылдың 6 айында өзіндік кірістер 11 млрд. теңгені құрады. Соңғы 5 жылда қаламызда жаңа әкімшілік-іскерлік, мәдени-рухани орталықтары, жаңа халықаралық әуежай салынды, Бекзат Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды. Облыс орталығы болғалы бері қаламызда 163 тұрғын үй салынып, 9397 отбасы баспаналы болды. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта 4439 пәтерлі 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде биыл 59 үйді (3377 пәтер), келесі жылы 7 үйді (1062 пәтер) пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар жеке инвестиция есебінен 2700 пәтерлі 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, – деді Дархан Сатыбалды.
Жаңа үйлердің құрылысымен қатар бұрыннан бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Атап айтқанда, қаладағы 1-ші, 2-ші және «Отырар» шағынаудандарындағы, Бокин көшесінің бойындағы көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылады. Сондай-ақ балаларға арналған спорт алаңшалары орнатылып, саябақтар, гүлзарлар көгалдандырылуда.
Түркістан қаласының көрнекті нысандарының бірі, темір жол вокзалының аумағы да абаттандыру жұмыстарымен қамтылуда.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы демалыс аймағын қалыптастыру мақсатында «Жібек жолы», «Президент» саябағы, Саттарханов, Яссы көшелеренің бойында Желілік саябақтар, «Отбасы», «Денсаулық» саябақтары ашылды. Көгалдандыру жұмыстары өте қарқынды жүріп жатыр.
2020 жылы көшелерді түнгі жарықтандырумен қамту деңгейі 31 пайыз ғана болған, яғни, небәрі 269 көше қамтылған еді. Биыл 86 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін жарықтандырылған көшелердің саны 757-ге дейін жетеді теңге.
Түркістан қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі:
1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Түркістан қаласында тұратын, Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):
кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;
коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға;
мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.
Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысына шекті жол берілетін шығыстар үлесі 10 (он) пайыз мөлшерінде.
Аз қамтылған отбасының (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
2. Тұрғын үй көмегін тағайындау «Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi» мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүзеге асырылады.
3. Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысын уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанға «Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 226 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №20498 болып тіркелген) айқындалған тәртіппен есептейді.
4. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтыну, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдалану шығыстарына ақы төлеу сомасы мен аз қамтылған отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға шығыстарының жергiлiктi өкiлдi орган белгiлеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде пайдалы алаңы бір адамға 15 (он бес) шаршы метрден кем емес және 18 (он сегіз) шаршы метрден артық емес мөлшерде, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден кем емес аудан нормасы қабылданады.
5. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеу «Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі №512 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы №2314 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету ережесіне сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) немесе «электрондық үкіметтің» веб-порталына жүгінеді.
Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе «электрондық үкіметтің» веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын қабылдаған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.
7. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде шығыстар сметасына сәйкес кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шоттары бойынша жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.
8. Тұрғын үй көмегін тағайындау аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тиісті қаржы жылына арналған қала бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
9. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы аудару жолымен жүзеге асырады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен магистранттарына және докторанттарына арналған 2656 орындық жаңа жатақхананы аралап...

Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай Түркістан облысы мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты,...