ТҮРКІСТАН: ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРЫ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН БАСШЫЛАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ҚАРАЛАДЫ

ТҮРКІСТАН: ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРЫ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН БАСШЫЛАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ҚАРАЛАДЫ

Түркістан облысындағы индустриалды аймақтар бақылауға алынып, тағы да тексеруден өтеді. Оларға инвестиция тарту, жаңа зауыттар мен жұмыс орындарын ашу мәселесі қатаң бақыланады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аппараттың апталық мәжілісінде жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдеріне және индустриалды аймақтарға жауапты мекеме басшыларына соңғы рет ескерту жасады.
– Индустриалды аймақтарда жаңа кәсіпорындар, зауыттар салынуы тиіс. Өндірісті өркендетпей облысымыз дамымайды. Бізге одан басқа жол жоқ. Жұмысты күшейтіңіздер. Индустриалды аймақтары қараусыз қалған, инфрақұрылымы нашарлаған аудан, қала әкімдеріне бұдан былай қатаң шара қолданылады. Бұл мәселені бұған дейін де талқылаған болатынбыз. Индустриалды аймақтардағы кемшіліктерді ретке келтіру, өндіріс орындарын ашу бойынша нақты іс-шаралар жоспары жасалып, орындалу мерзімі белгіленсін. Ұсыныстар берілсін. Егер бұл тапсырма орындалмаса, басқарушы компанияның, аудан, қала әкімі немесе орынбасарларының қызметке сәйкестігін қараймыз. Нақты жұмыс керек, инвестиция тартыңыздар, әлеуетін пайдаланыңыздар. Бірлесе жұмыс атқарыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, Түркістан облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, «Turkistan» индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясы» ЖШС құрылған. Жалпы облыста 544,52 гектарды құрайтын (426,4 га басқарушы компания теңгерімінде) 9 индустриалды аймақ орналасқан. Онда құны 75,9 млрд. теңгені құрап, 3684 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 67 жоба орналасқан. 9 индустриалды аймақтың инфрақұрылымын жақсарту жұмысы қолға алынған. Алайда, индустриалды аймақтарға инфрақұрылымды толық жүргізу үшін қосымша қаражат қажет.
Түркістан қаласының индустриалды аймағының 40 га аумағында инфрақұрылым жүргізу үшін 904 млн. теңге қаржы бөлініп, инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған (автожол – 4,21 км, электрмен жабдықтау – 23,3 км, сумен жабдықтау – 11,9 км, кәріз – 4,03 км, газбен жабдықтау – 1,1 км, телефондандыру – 7,9 км, трансформаторлары 6 дана).
Өңір басшысы атап өткендей, индустриалды аймақта 18 инвестициялық жоба іске асырылған. Қазіргі уақытта қосымша 10 жобаның іске асырылуы пысықталуда. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда тартылған инвестициялардың көлемі 16 млрд. теңгеге жетеді, 1,3 мыңнан астам жұмыс орындары құрылады.
– Бұдан бөлек, Ұлттық жобалар бойынша осы жылы 337 адам жұмыспен қамтылды. «Еңбек» бағыты бойынша 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табады, – деді Дархан Сатыбалды.
Шет елдерден және еліміздің аумақтарынан келетін туристердің саны өсуде. Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдан былтыр Ыстамбул және Кувейт бағытына тікелей рейстер ашылды. Қазан айында Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Даби қаласына тікелей рейстер ашылады. Қазіргі уақытта Мәскеу, Анталья, Тбилиси, Самарқанд қалаларына рейстер ашуға Үкіметке ұсыныс енгізілді. Ішкі бағытта Астана мен Алматыға рейстер саны көбейтілді.
– Түркістан қаласын дамыту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жеке бақылауында. Былтыр өңір тұрғындарымен кездесуде Президентіміз Түркістан қаласына арнайы мәртебе беруді тапсырды. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі тиісті министрліктермен бірлесіп, «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасын дайындап жатыр.
Осы заң қабылданған соң, қала әкімдігі мен мәслихатына қосымша құзыреттер берілетін болады, бұл тұрғындардың күрделі мәселелерін тез арада шешуге мүмкіндік береді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы, сауда және қызмет көрсету бағытындағы мәселелер қала деңгейінде дербес шешіледі, – деді облыс әкімі.
Қазіргі таңда «TURKISTAN» индустриалды аймағында 19 жоба орналасқан. 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.
2022 жылы Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 1451 мың адамға жетті. Жыл басынан бері үш айдың ішінде Түркістанды тамашалауға келгендер саны 130,5 мың адамға жетті, яғни былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,4% өсті. Бүгінде Түркістандағы орналастыру орындары – туристер тұру үшін және оларға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын қонақ үйлер, мотелдер, кемпингтер және басқа да ғимараттар мен құрылыстар саны 57-ге жетті. Ірі жобалар іске қосылып, туризм саласы жаңа қарқын алды. Бірнеше саябақ пен қонақ үйлер, ойын-сауық орталықтары ашылды.
Биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден асатын 6 мыңға жуық пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде бюджет есебінен 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 59 үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал жеке инвестиция есебінен 46 үйдің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, Түркістан қаласын одан әрі дамыту мақсатында жаңадан салынатын 800 пәтерлі, 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы облигация есебінен (кредиттік тұрғын үй) басталып, нәтижесінде халық игілігіне 220 мың теңгеден ипотекаға беріледі.
Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 15864 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. 2022 жылдың қорытындысымен 3155 пәтерді құрайтын 49 үй пайдалануға берілді. Оның ішінде ипотекамен 2683 пәтер, көп балалы отбасыларға 544 пәтер, әлсіз топтағы азаматтарға 244 пәтер тапсырылды.
Сондай-ақ 150 га аумақты инфрақұрылым жүйесімен қамтамасыз ету үшін 2,2 млрд. теңге қарастырылып (46 га жер), сәйкесінше тиісті инфрақұрылым жүргізілген. Кентау, Ордабасы, Мақтаарал, Созақ, Шардара, Бәйдібек, Түлкібас және Қазығұрт аудандарындағы индустриалды аймақтардың инфрақұрылым желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Бірнеше аудан, қалада енді салынады. Дегенмен кейбір аудан, қалада индустриалды аймақтар қараусыз қалған, жан-жағы қоршалмаған және бірқатарында жобалар жүзеге аспаған. Аталған мәселені шешу, кемшілікті жою тапсырмасы хаттамаға енгізіліп, қатаң бақылауға алынды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен магистранттарына және докторанттарына арналған 2656 орындық жаңа жатақхананы аралап...

Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай Түркістан облысы мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты,...