Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің алты сектор тұрғындарымен соңғы кездесуінде жалпы 653 тапсырма берілген болатын.
Тапсырмалар орындалу көрсеткіші 85% пайызға жетті.
Нақтырақ айтсақ, Яссы секторының Тұран және Оралман мөлтек аудандарындағы 17 көшеге асфальт төсеуге жол негізі дайындалуда, жаяу жүргінші жолы құрылысы басталып, қарқын алды.
Кентау тас жолы бойына жоспарға сай 6 дана аялдама орнатылуда.
Тұрғындар сұранысына сәйкес, 2а бағытындағы қоғамдық көліктер жаңартылып, №17, №18, №2 бағыттарының бекітілген сызбасы ұзартылды.
Одан бөлек, секторда Қазтуған жырау, Шалкиіз жырау, Доспанбет жырау, Жиенбет жырау көшелерінен бастап тағы 7 көшедегі кәріз жүйесіне абоненттер қосылуда.
Бекзаттық тұрғындармен кездесуде көтерілген мәселелер жоспарлы жүзеге асырылып келеді.
Атап айтсақ, Самал көшесіне асфальт төселіп, Қалаби және О. Жандосов көшелері қиылысындағы ойын алаңшаларының аумағы абаттандырылуда.
Құлан және Самал 2 көшелерінде спорт алаңшасы мен балалар ойын алаңшалары бой көтерді.
Шауғар секторындағы Меркі көшесіне асфальт төселіп, А.Сабырханов көшесінде жаяу жүргінші жолының құрылысы басталды.
Ал, Отырар секторындағы Қорқыт ата көшесіне жаяу жүргіншілерге арналған жол салынып, А.Рысбеков көшесіне тас төселді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:«Билік пен қоғам арасындағы диалог нығая түсті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына баса мән беріліп отыр. Бұл ауқымды жұмысты бүкіл қоғамымыз бірлесе атқарды. Дегенмен, осымен тоқтап қалуға болмайды. Бәріміз осы сара жолмен ілгері жүруіміз керек.
Тағы бір аса маңызды реформа – Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы. Біздің аймақтағы қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мұндай өзгеріс мүлдем болмаған. Сондықтан бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам деп сенемін. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін».
Еске аларлық, Түркістан қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі бекітілген болатын:
1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Түркістан қаласында тұратын, Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):
кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;
коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға;
мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.
Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысына шекті жол берілетін шығыстар үлесі 10 (он) пайыз мөлшерінде.
Аз қамтылған отбасының (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
2. Тұрғын үй көмегін тағайындау «Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi» мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүзеге асырылады.
3. Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысын уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанға «Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 226 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №20498 болып тіркелген) айқындалған тәртіппен есептейді.
4. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтыну, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдалану шығыстарына ақы төлеу сомасы мен аз қамтылған отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға шығыстарының жергiлiктi өкiлдi орган белгiлеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде пайдалы алаңы бір адамға 15 (он бес) шаршы метрден кем емес және 18 (он сегіз) шаршы метрден артық емес мөлшерде, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден кем емес аудан нормасы қабылданады.
5. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеу «Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі №512 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы №2314 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету ережесіне сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) немесе «электрондық үкіметтің» веб-порталына жүгінеді.
Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе «электрондық үкіметтің» веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын қабылдаған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.
7. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде шығыстар сметасына сәйкес кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шоттары бойынша жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.
8. Тұрғын үй көмегін тағайындау аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тиісті қаржы жылына арналған қала бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
9. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы аудару жолымен жүзеге асырады.
Аталған тақырыптағы түсіндірме жұмыстарын Түркістан қалалық "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы" Элмира Бейсенова және қалалық "Мансап орталығының" директоры Еркебұлан Амангелдіұлы сектор тұрғындары арасында жүргізуде.
ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ТҰРАҚТЫ ДАМУДА
