Еске саларлық, жаз айында ең алдымен өңір басшысы жалпы жер көлемі 268,0 гектарды құрайтын Қарашық өзенінің жоғарғы жағындағы Бірлік ауылына барған болатын. Мұнда 2019-2020 жылдары мәдени екпе отырғызылған. Шамамен 350 мың данадан астам әртүрлі жапырақты ағаш көшеттері егілген. Бүгінгі таңда көнімділігі – 70-80 пайыз.
Одан соң жалпы ауданы 120,0 гектарды құрайтын орман тұқымбағында болды. Қазіргі таңда 33,0 гектар жерге 2022-2023 жылдары әртүрлі ағаш-бұта тұқымдары себілсе, оның 4 гектар жеріне тамшылатып суғару жүйесі орнатылған. Бүгінде 3 миллионнан астам сеппе көшеттері бар.
Жер телімдерін аралау барысы Қарашық өзенінің төменгі жағында қорытындыланды. 286 гектар аумаққа 2019-2021 жылдары мәдени екпе отырғызылған. Қазіргі таңда 400 мыңнан астам әртүрлі ағаш көшеттері өсірілуде. Жауапты басқарма басшысы өңір басшысына жер телімін алу мәселесіндегі түйткілдерді айтып, көшеттердің жерсінуі және көнімділігі ойдағыдай екенін атап өтті. Көнімділігі 65-70 пайызды құрайды.
Дархан Сатыбалды «Жасыл белдеудің» қазіргі жағдайымен танысып, жауапты сала мамандары мен ғалымдардың көмегімен бау-бақшалы, жасыл желекке айналдыру керектігін айтып, жұмысты сапалы және кемшіліксіз орындауды тапсырды. Тұрақты суғару, күтім жасау қажеттігін айтты. Бұл жұмыстар тұрақты бақылауда болады.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков облыс әкімі Дархан Амангелдіұлына белсенді демалыс саябағының құрылысы бойынша баяндап, атқарылған жұмыстарды аралап көрсетіп өткен болатын.
Онда тропикалық өсімдіктері бар жылыжай-бақ, 2 субұрқақ, ойын алаңы, 2 скейтбординг алаңы салынады. Сонымен қатар саябақта түрлі ағаштар, бұталар, гүлдер егіліп, көгалдар төселген. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 50 пайызы аяқталды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басшылармен және мердігермен кездесіп, жұмысты жүйелі әрі сапалы атқаруды тапсырды.
Өңір басшысына теміржол вокзалы маңындағы жұмыстар да таныстырылды. Вокзал төңірегінде 4,0 гектар жерді абаттандыру қолға алынып, құрылысы басталды.
Облыс әкімі Тұран бағында болып, көгалдандыру ісіне оң баға берді. Бұл аймақта 14 гектарға түрлі ағаш отырғызылып, 3 су мұнарасы орнатылған.
Түркістан қаласын көркейту жұмыстары облыс басшысы Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында. Аймақ басшысы қаланы абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы атқарылған жұмыстарды тексеріп, мердігер мекеме басшыларына сын-ескертпелер жасады. Облыс әкімі жауапты басшыларға жобалардың сапасына аса мән беруді ескертті.
– Саябақтар мен гүлзарлар жалпы қолданыстағы нысандар болғандықтан, сыртқы көрінісімен қатар, сапасына да аса көңіл бөлген дұрыс. Ондағы әрбір орнатылған нысан, ойын алаңшасы халық игілігіне ұзақ мерзім бойы жарауы керек. Жобаны алып, жұмысты бастаған соң, соңына дейін абыроймен атқарыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістанды одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатыр. Әкімшілік-іскерлік орталығындағы мектеп аумағындағы 1,75 гектар жерге түрлі ағаштар отырғызылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылған. 1072,0 м2 жерге ойын және спорт алаңшалары салынып жатыр. Сонымен қатар Б.Саттарханов даңғылынан әуежай бағытындағы 10,15 гектар аумаққа жайғасқан желілік саябақтың абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Аумаққа 836 ағаш егіліп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылуда. Мұнда арка, субұрқақ және шатырлар қарастырылған. Ал 159 м2 аумаққа ойын алаңдары салынады.
«Отырар» мөлтек ауданын абаттандыру жұмыстарының басым бөлігі аяқталды. Мұнда 2,34 гектар аумақты алып жатқан субұрқағы бар гүлзар мен Яссы көшесі бойын жағалай орналасқан гүлзар құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда тұрғын үй аулаларын абаттандыру жұмыстары қарқын алды. Жоспар бойынша мөлтек аудандағы 3 аулаға ойын алаңшалары, 3 аулаға спорт алаңшалары салынады. Қозғалмалы орындықтар мен түрлі дизайндағы мафтар аула ажарын аша түспек.