Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар құрылыс нысандарын аралау кезінде Ақжайық шағын ауданындағы «Abylaikhan innovative school» мектебіне барды. Төрт қабатты 650 орынға арналған мектеп жаңа заманауи үлгіде салынған. Жоба құны 3 миллиард теңгені құрайды. Бұл мектептің де құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталып, қыркүйек айында алғашқы қоңырау дыбысы сыңғырламақ. Айта кетейік, жаңа мектепте оқушылар білімін арттыру мақсатында білікті педагогтар сабақ беретін болады.
Мұнан соң Мұрат Дүйсенбекұлы Д.Қонаев даңғылы бойында орналасқан «Сұңқар» жаңа мектебіне бас сұқты. 850 орынға лайықталып салынған мектеп құрылысы 12 ай бойы жүргізілді. «Сұңқар» мектебінің жанында 1580 орындық №1 мектепте қазір 3228 оқушы білім алуда, көршілес 1476 орындық №47 мектепте 1977 оқушы білім алып жатыр. Сондықтан жеке мектептер мемлекеттік мектептегі оқушы жүктемелерін азайтуға септігін тигізбек.
Сонымен қатар, Шымкент қаласында биыл жаңадан 4 мектеп салынып жатыр. Соның ішінде 3 мектеп жаңа оқу маусымына, яғги қыркүйек айына дейін пайдалануға берілсе, Қаратау ауданы Нұрсәт шағын ауданында орналасқан «South Alup» жеке мектебі жыл соңында беріледі деп күтілуде.
Қазіргі уақытта жұмыс ауқымының 70 пайызы орындалған. Мектеп аумағы 2,8 гектарды құрайды, 1425 оқушыға лайықталған.
Ғимарат үш қабаттан тұрады, мұнда арнайы спорт залы, асханасы, лингофондық, компьютерлік сынып бөлмелері қамтылған. Мектеп жаңа заманауи үлгімен салынуда. Әрі жаңа технологиялық құралдармен жабдықталған.
«South Alup» жеке мектебіне жақын орналасқан 2 мемлекеттік мектеп бар. Оның бірі 1200 орындық №130 мектеп, мұнда 2066 оқушы білім алуда. Сонымен қатар 1200 орындық №132 мектепте 1762 оқушы білім алуда.
Айта кететін, қала тұрғындары Шалқарбек Бақтыбай мен Гүлжанат Орманова Тұран шағын ауданынан «OSSA» өнер мектебін ашты. Кәсіпкерлер жастарға арналған 2,5 пайыздық несие алып, музыкалық аспаптар мен құрал-жабдықтар сатып алған. Мемлекеттік қолдаудың көмегімен орталық бүгінде 500-ге жуық баланы түрлі үйірмелермен қамтуда. Ұстаздар құрамы Ш.Қалдаяқов атындағы филармония мен саз колледжінің білікті мамандарынан құралған.