ҚАЛА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫНДАҒЫ ОҢДЫ ӨЗГЕРІСТЕР: АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ

ҚАЛА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫНДАҒЫ ОҢДЫ ӨЗГЕРІСТЕР: АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ

Түркістан қаласының 98,9% (41 100 абонент) сапалы ауыз сумен қамтылған. Шаһарға ауыз су Кентау қаласындағы Біресек (1590 м3/сағ) су кен орнынан басталып, Мырғалымсай ( 3200 м3) су кен орнынан тартылуда.
Сағатына 5 000 м3 қуатпен Шобанақ елді мекеніндегі 40 000 м3-лі су резервуарына және әкімшілік – іскерлік орталығындағы 16 000 м3 қуатты су резервуарына жиналып, халыққа жеткізілуде.
Қосымша 35 су ұңғымасы жұмыс жасауда.
Биылғы жылы ауыз сумен қамту көрсеткішін 99,5%- ға жеткізу жоспарланған. Аталған жоспар аясында бүгінде 4 нысанының құрылысы жүзеге асуда.
«Мақта зауыт», «1-2 мөлтек аудандар» «Иассы» және «Шауғар» мөлтек аудандарындағы ескірген ауыз су құбырлары жаңартылуда. Аталған жұмыстардың нәтижесінде 10 178 абонентке су жеткізу сапасы жақсарады.
Сонымен қатар, Сауран секторындағы № 7 және №9 үйлер алдына суару жүйелері тартылып, №16 үйдің кәріз жүйесіне тазаланды. М.Өтемісұлы көшесіне қоқыс жәшіктері қойылып, балалар ойын алаңшасының құрылысы басталды.
Сондай-ақ, тұрғындар сұранысы бойынша №22 көше мен Б.Майлин көшесінде тазалық жұмыстары бақылауға алынды.
Ж.Қыдыр көшесіндегі №83, №84 тұрғын үйлердің ауласындағы ауыз су құбырлары жаңартылып, Балақаев көшесі №49/3 тұрғын үйдің жертөлесіндегі кәріз жүйелері қалпына келтірілді.
Баянауыл елдімекенінде кәріз жүйесінің құрылысы басталды.
Тұран мөлтек ауданындағы электр желісі жаңартылып, жаңа трансформатор қойылды. Және Көктем мөлтек ауданы трансформатормен қамтылды.
Саққорған көшесі мен Баққоныс көшесіне, Алғабас және Үржар көшесінің қиылысына балалар ойын алаңшасы салынды.
Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің тұрғындармен маусым айында өткен кездесуінің нәтижесінде инфрақұрылым және коммуникациялар бөліміне 43 тапсырма берілген болатын. Тапсырмалардың барлығы жұмыс жоспарына енгізіліп, бақылауға алынып жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Тұрғындардың өтініші негізінде ағымдағы жылы қала аумағында 15 жерге спорт және балалар ойын алаңшасын және 10 жерге тек ойын алаңшасын салуға бюджеттен қаржы қаралып, мердігермен келісім шарт түзілген. И.Байзақ көшесінде ойын алаңшасын салу бойынша ұсыныс түскен, алайда көше бойында бос жер телімі болмағандықтан Яссы тұрғын алабындағы №24 мектепке ойын алаңшасы салынды, Көккөл көшесіне де алаңша салу жоспарлануда. Айта кетерлігі 2022 жылы Яссы тұрғын алабына қарасты Аралбай, Саққорған көшелерінде ойын алаңшаларының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген. С.Болыс көшесіне ойын алаңшасын салуға орны бекітіліп, құрылысын бастау тамыз айына жоспарланды.
Осы және өзге де атқарылған жұмыстар жөнінде қала әкіміне сала жетекшісі баяндап, есеп берді.
Тұран мөлтек ауданындағы гидрант жүйесінде анықталған кемшіліктер мердігерге ескертіліп, қайта қалпына келтіру үшін мерзім берілегенін де тілге тиек етті.
Сатарханов көшесі мен Қазыбек би көшелерінің аралығындағы жүргізілген гидрантты жүйелер су қабылдауға әзір. «Арыс-Түркістан» каналынан су келгенше қазіргі таңда бекітілген кестеге сәйкес көшелердегі көшеттер мен көгалдарды суаруға арнайы техникалар жұмылдырылуда.
Сондай-ақ, қала аумағындағы жаңадан қоныстанған тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 1500 абонентке жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде.
Тұрғындар «Руханият» саябағындағы жасыл желектің қурауына алаңдаушылық білдірген. Әкімнің салаға жауапты орынбасарының мәлімдеуінше, мұндағы абаттандыру жұмыстары мемлекеттік қабылдаудан өтпеген. Сәуір-мамыр айларындағы түгендеу жұмыстары барысында анықталған қураған ағаш көшеттерінің орнына мердігер күзгі маусымда қайта тал егетінін атап өтті.
Қазақбаев көшесі бойындағы «Нұр» интеллектуалды мектебі аумағына саябақ құрылысын жүргізуге қатысты көтерілген мәселе бойынша, бүгінде эскиздік жоба мен сметалық құжат әзірленіп, бюджеттік ұсыным жолданғаны айтылды.
Нұрбол Әбдісаттарұлы жұмыстардың жүйелі атқарылуын тұрақты қадағалау қажеттігін сала жетекшілерінің назарына қайта салып:
- Ұсыныс-тілектердің айтылған жерде қалмағанын тұрғындар білу керек. Сондықтан, сектор жетекшілері өз аумағында тұрақты кездесу өткізіп, есеп бергендері жөн. Кей аумақтарда жоспарланып, құрылысы басталған жобалардан да халықтың хабары жоқ. Сектор жетекшілері, халықпен байланысты күшейтіңіздер, - деді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ