ТҮРКІСТАНДА ОКТЯБРЬ ЖАРЫЛҚАПОВ АТЫНДАҒЫ СТАДИОН ЖАҢАРТЫЛЫП, ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

ТҮРКІСТАНДА ОКТЯБРЬ ЖАРЫЛҚАПОВ АТЫНДАҒЫ СТАДИОН ЖАҢАРТЫЛЫП, ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан қаласында Октябрь Жарылқапов атындағы стадион толық жөндеуден өткізіліп, жаңаша үлгіде жаңартылды. Стадионның ашылу салтанатына қала тұрғындары, ел ақсақалдары, спортшылар қатысты. Даңқты волейбол бапкері туралы көрініс көрсетіліп, стадионның тарихы туралы мәлімет берілді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұртшылықты жаңа стадионның ашылуымен құттықтады.
– Денсаулығы мықты, бәсекеге қабілетті ұлтқа айналу үшін бұқаралық спортты дамыту аса маңызды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы спорт саласына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Түркістан қаласы ажарланды. Жүздеген ғимараттар, үйлер салынды. Солардың арасында заман талабына сай спорт кешендері де бой көтерді. «Олимпик центр» спорт кешені, теннис орталығы, «Мұз сарайы» ел игілігіне берілді. Ал бүгін тағы бір қуанышты оқиғаның куәсі болып тұрмыз. Түркістандағы тарихи тереңде жатқан Октябрь Жарылқапов стадионы заман талабына сай жаңартылып отыр. Өткен ғасырдың ортасында салынған бұл стадион біраз жылдан бері қолданыстан шығып, өзекті мәселенің біріне айналған болатын. Тұрғындар тарапынан стадионды жаңғырту мәселесі көтерілді. Елдің өтініші мен тілегі біз үшін маңызды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгін түркістандықтарға жаңарған спорт нысаны пайдалануға берілуде. Түркістанымыз чемпиондардың қаласына айнала берсін! – деді Дархан Сатыбалды.
Салтанатты жиында ел ағалары Рахым Тәңірбергенов пен Жақсылық Құлбайымбетов те ақжарма тілектерін ақтарып, спорт нысанын жаңартқан облыс, қала басшылығына ризашылықтарын білдірді. Сонымен бірге «Түркістан» мен «Тұран» клубтарының жасөспірімдер командалары арасында жолдастық кездесу өткізілді.
Айта кетейік, 1966 салынған стадион қайтадан жөндеуден өтіп, толық жаңартылған. Заман талабына сай қажетті инфрақұрылым жүйелерімен қамтылған. Жаңа стадион бір мезетте 150 спортшы мен 2 мыңнан астам көрермен үшін қызмет көрсете алады.
Аталған стадионда республикалық, облыстық, қалалық спорттық іс-шараларды, футболдан Қазақстан Республикасы бірінші лига ойындарын өткізуге мүмкіндік бар. Сонымен бірге спартакиадалар, президенттік тест, жеңіл атлетика тағы басқа спорт түрлерінен спортшыларға оқу-жаттығу жұмыстары ұйымдастырылады.
Стадионда бірнеше спорт мекемесі орналасып, жұмыс істейді. Олар – «Түркістан» клубы мен Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт клубы. Аталған спорт клубы жергілікті тұрғындарды бұқаралық спортқа баулумен шұғылданып келеді. Балалар мен жасөспірімдер спорт клубында 20 жаттықтырушы және 28 спорт нұсқаушысы бар. Олар кіші футбол, стритбол, үлкен теннис спорт түрлерінен ашық спорт алаңдарында 700-ге жуық оқушыны кәсіби тұрғыда жаттықтырып жүр. Ал спорт нұсқаушылары 800-ден астам тұрғынды спортқа баулып келеді.
Еске саларлық, қаламызда Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында заманауи «Мұз сарайы» пайдалануға берілген болатын. Түркістан қаласы қысқы спортпен кәсіби айналысуға мүмкіндік жасалды деп айтуға болады.
Мұз сарайының ашылу рәсіміне Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келген мәнерлеп сырғанау спорты шеберлерінің көрсетілімі көпшілік назарына өздерінің жоғарғы деңгейлі сырғанау шеберлігін ұсынды. Шайбалы хоккейден Қызылорда қаласының «Қайсар» және Шымкент қаласының «Тұран» жасөспірімдер командаларының арасындағы жолдастық кездесу өткізді.
Айта кетейік, 1200 орындық Мұз сарайы 2 га аумақта орналасқан. Мұз сарайында қысқы спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Екі қабатты спорт нысанында шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей секілді спорт түрлерін дамыту көзделген. Керекті құрал-жабдықтар арнайы Италия, Канада, Финляндия елдерінен тапсырыспен алынған.
Түркістан облысында 2 миллионнан астам тұрғын бар. Ал Түркістан қаласының өзінде тұрғындар саны 220 мыңнан асты. Өңірде демографиялық өсім жоғары. Сондықтан өскелең ұрпақты спортқа тарту аса маңызды. «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес облыс орталығында 7000 орындық «Түркістан-Арена» стадионы, көпфункционалды «Олимпик Центр» спорт кешені, «Теннис орталығы», Олимпида резервін дайындайтын орталықтың спорт кешені, 7 ашық үлкен теннис корты, 75 заман талабына сай ойын алаңы, 45 балалар алаңы, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған 51 шақырымдық веложол салынды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Президентке Агенттік төрағасы ведомствоның бақылау функцияларын орындауы жөнінде, оның ішінде былтыр қабылданған монополияға қарсы шаралардың...

Президент кездесу барысында Дархан Сатыбалдының Түркістан облысында атқарған жұмысына жоғары баға берді, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме...

Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылын іске асыру шаралары жөніндегі Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов экономиканың...

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл жұмысшы мамандықтарының жылы болып жарияланды. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды...

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу мәселелері қаралды....