Еліміздің рухани орталығы – Тұран жұртының астанасы саналатын Киелі де қасиеттті Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде қалыптаса бастағанына міне биыл 5 жыл толып жатыр. Осы уақыт ішінде қала өмірі, қала тұрғындары мен қонақтарының тарихқа, туризмге деген көзқарасы және мәдени мұраларға деген қатынасы едәуір өзгерді. Түркістанды түлетуге құштар жандар көбейді. Түркістан күн санап өзгере бастады. Қаншама жаңа әкімшілік ғимараттар, тарихи-мәдени орталықтар, зәулім-зәулім тұрғын үйлер, ойын-сауық алаңдары, саябақтар, су бұрқақтар бой көтерді.
Орталық Азиядағы ең ірі туристік кешен саналатын «Керуен Сарайдың» жалпы аумағы 20,5 гектар жерді алып жатыр. Мұнда адам жанына керектінің бәрі де бар. Заманауи дүкендер мен ойын-сауық орталықтары, орта ғасыр стиліндегі сарайлар мен «ұшатын театр» көздің жауын алады. «Керуен Сарай» кәдуілгі кілт пішінінде соғылған. Төбесінен қарасаңыз тап солай. Кілттің ұшы (кешеннен шығып кететін тұсы) Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне барып тіреледі. Яғни, турист сараймен толық танысып болған кезде тарихымыз туралы білім жиып, Ясауи бабамыздың кім болғанынан жеткілікті мағлұмат алады. Сөйтіп, әрі қарай мавзолейді аралауға рухани тұрғыдан дайын болады.
Қаланың көрікті нысандары, жалпы жайлы ортаның қалыптасуы келген туристерді қызықтыратыны даусыз. Халық санының артуы, әсіресе тұрғын үй, мектеп, әлеуметтік нысандардың салынуын қажет ететіні анық. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында Түркістан қаласында 7 мектеп салынатынын айта кетелік. Оның ішінде 2 мың орынды 3 мектеп екі жылда ел игілігіне берілмек. «Дарын» мектебі мен 4 тілде білім беретін халықаралық білім ордасы да ашылмақ. Түркістан қаласында жалпы аумағы 250 мың шаршы метрден асатын 100-ден аса көпқабатты тұрғын үй салынады. Атап айтқанда, 9 қабатты 36 үй, 7 қабатты 40 үй және 5 қабатты 20 несиелік тұрғын үй бой көтереді. Сонымен қатар «Жаңа қала» аймағында инвесторлар есебінен көпқабатты 14 тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмақ. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қала тұрғындарымен кездесуінде Түркістан қаласының тұрғын үй қорынан 2023 жылы 720 пәтер беру көзделгенін, оның ішінде көпбалалы 500 отбасына пәтер беру жоспарланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының киелі қалаға ерекше мәртебе беру жөніндегі тапсырмасын орындау бағытында тиісті жұмыстар басталған.
Түркістан қаласы аумағын көгалдандыру, абаттандыру, инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары сапалы атқарылуы тиіс.
Басты мәселеге айналған инфрақұрылым алдыңғы қатарға қойылды. Ауызсу, кәріз жүйелері, электр, газ, жылу және тағы басқа да коммуналдық мәселелердің бірден шешімін таппағаны мәлім. Осы кезде 7 қабатты үйлерді жылыту мақсатында елімізде бұрын-соңды болмаған газ тұтынатын пәтерішілік жылыту қазандықтарын орнатуға сынама жүргізілді.
«Елімізде пәтерішілік газ қазандықтарын орнату тек 5 қабатқа дейін рұқсат етілген. Ал бес қабаттан асатын үйлердің құрылыс нормасында немесе заңнамада бұл көрсетілмеген. Бірақ үйлер салынып қойған, шешімін қалайда табуды қажет етеді. Облыстық құрылыс басқармасымен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде, тиісті мекемелердің құрылыс саласы бойынша шығарған бұйрығына өзгеріс енгізіліп, алғаш рет Түркістан қаласында рұқсат етілді. Қойылған талап бойынша жүргізілген жылу жүйесі бүгінгі таңда тұрақты жұмыс істеп жатыр. Жетіқабатты үйлер солай қабылдаудан өтіп, пәтерлері тұрғын үй кезегіндегі азаматтар мен «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында халыққа ипотекалық жүйемен берілді», дейді Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков.
Айта кетелік, Түркістан қаласында 2018 жылы баспаналардың, оның ішінде көпқабатты үйлерде 1 және 2 бөлмелі пәтерлердің сатылу бағасы 4-6 млн теңге болса, 2022 жылы 7-10 млн теңге аралығында болды. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда сұраныс, пәтерлердің сатылу қарқыны төмен. Бұл өз кезегінде жаңа баспаналардың көптеп пайдалануға берілуіне де байланысты болса керек. Дегенмен құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Бүгіннің өзінде 2022 жылдан бері облыстық құрылыс басқармасы салып жатқан 7, 9, 12, 20 қабатты үйлердің (4 мыңнан аса пәтер) құрылысы аяқталуға жақындап, 2023 жылдан бастап қабылдаудан өтетіні белгілі. Оған қоса қалалық құрылыс бөлімі тарапынан 5-7 қабатты 80-нен аса үйдің жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары басталып кеткен.
Киелі шаһардағы құрылыс жұмыстары тек тұрғын үймен шектелген жоқ.
Түркістан қаласында Октябрь Жарылқапов атындағы стадион толық жөндеуден өткізіліп, жаңаша үлгіде жаңартылды.
1966 салынған стадион қайтадан жөндеуден өтіп, толық жаңартылған. Заман талабына сай қажетті инфрақұрылым жүйелерімен қамтылған. Жаңа стадион бір мезетте 150 спортшы мен 2 мыңнан астам көрермен үшін қызмет көрсете алады.
Аталған стадионда республикалық, облыстық, қалалық спорттық іс-шараларды, футболдан Қазақстан Республикасы бірінші лига ойындарын өткізуге мүмкіндік бар. Сонымен бірге спартакиадалар, президенттік тест, жеңіл атлетика тағы басқа спорт түрлерінен спортшыларға оқу-жаттығу жұмыстары ұйымдастырылады.
Стадионда бірнеше спорт мекемесі орналасып, жұмыс істейді. Олар – «Түркістан» клубы мен Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт клубы. Аталған спорт клубы жергілікті тұрғындарды бұқаралық спортқа баулумен шұғылданып келеді. Балалар мен жасөспірімдер спорт клубында 20 жаттықтырушы және 28 спорт нұсқаушысы бар. Олар кіші футбол, стритбол, үлкен теннис спорт түрлерінен ашық спорт алаңдарында 700-ге жуық оқушыны кәсіби тұрғыда жаттықтырып жүр. Ал спорт нұсқаушылары 800-ден астам тұрғынды спортқа баулып келеді.
Сонымен қатар, Түркістан қаласында жаңа үлгідегі учаскелік полиция бекеті ашылды.
Ғимараттың аумағы - 15 мың м2. Департамент жанынан Жедел басқару орталығы ашылды. Полиция қызметкерлеріне былтыр 252 жаңа көлік табысталса, биыл тағы да 30 автокөлік алынды.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында заманауи «Мұз сарайы» пайдалануға берілген болатын.
1200 орындық Мұз сарайы 2 га аумақта орналасқан. Мұз сарайында қысқы спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Екі қабатты спорт нысанында шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей секілді спорт түрлерін дамыту көзделген. Керекті құрал-жабдықтар арнайы Италия, Канада, Финляндия елдерінен тапсырыспен алынған.
Түркістан облысында 2 миллионнан астам тұрғын бар. Ал Түркістан қаласының өзінде тұрғындар саны 220 мыңнан асты. Өңірде демографиялық өсім жоғары. Сондықтан өскелең ұрпақты спортқа тарту аса маңызды. «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес облыс орталығында 7000 орындық «Түркістан-Арена» стадионы, көпфункционалды «Олимпик Центр» спорт кешені, «Теннис орталығы», Олимпида резервін дайындайтын орталықтың спорт кешені, 7 ашық үлкен теннис корты, 75 заман талабына сай ойын алаңы, 45 балалар алаңы, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған 51 шақырымдық веложол салынды.
Еске салатын, жақын арада әскерилерге арналған әкімшілік ғимараты аяқталады деп күтілуде. Жаңа жобаға сәйкес бұзу жұмыстары 100%-ға, шатыр жабу жұмыстары 100%-ға, сыртқа фасад қаптау жұмыстары 100%-ға аяқталған. Оқ ату тирі мен ішкі инженерлік жүйелері 100% дайын. Ішкі әрлеу, сыртқы инженерлік жүйелер, сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар нысанның техникалық құрал-жабдықтары тасымалдануда.
«Ұлттық ұлан» мекемесіне берілетін нысан жобасының 2-кезегіне түзету жұмыстары жүргізілген. Аумақты аббаттандыру бойынша топырақтар толық шығарылған. Гараж бен қойманың қабырғалары қалануда. Жылу қазандығын салу жұмыстары да аяқталуға жақын. Нысан басында 42 адам, 3 техника жұмыс істеп жатыр.
Түркістанды одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатыр. Әкімшілік-іскерлік орталығындағы мектеп аумағындағы 1,75 гектар жерге түрлі ағаштар отырғызылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылған. 1072,0 м2 жерге ойын және спорт алаңшалары салынып жатыр. Сонымен қатар Б.Саттарханов даңғылынан әуежай бағытындағы 10,15 гектар аумаққа жайғасқан желілік саябақтың абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Аумаққа 836 ағаш егіліп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылуда. Мұнда арка, субұрқақ және шатырлар қарастырылған. Ал 159 м2 аумаққа ойын алаңдары салынады.