КЕЛЕС: ЖИДЕЛІДЕ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ МЕН МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

КЕЛЕС: ЖИДЕЛІДЕ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ МЕН МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

Келес ауданына қарасты Ошақты ауылдық округінің тұрғындары көтерген мәселелер өз шешімін табуда. Ошақтылықтардың аудан басшысымен кездесуінде айтылған нақты бес мәселе бүгінгі таңда толық орындалып отыр. Солардың қатарында Жиделі ауылының тұрғындары өз ауылдарына жаңа мектеп пен мәдениет ошағын салуды сұранған болатын. Тұрғындар сұранысы негізінде Жиделі елді мекенінен 75 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Сонымен бірге аталған ауылға 300 орындық мектеп құрылысы үшін бюджеттен қажетті қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме анықталған соң, құрылыс жұмыстары басталатын болады. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың Ошақты ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде айтылды.
Аудан басшысының тұрғындармен кездесуі осымен бекітілген кесте негізінде үшінші рет өтті. Кездесу барысында өткен басқосуда айтылған түйіткілдердің шешілу барысы баяндалып, алдағы жоспарлар пысықталды.
- Алдыңғы жолғы кездесулерде маңызды тоғыз мәселе қозғалған болатын. Соның бесеуі шешімін тапса, қалған түйіткілдерді шешу үшін арнайы іс шара жоспары істелді. Бүгінде Сарыжылға және Береке елді мекендеріндегі ішкі көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізілді. Сонымен қатар Ошақты ауылдық округіндегі “Жиделі”, “Тешебай”, “Қараман”, “Қуандық”, “Сабыр”, “Балтакөл”, “Ердәуіт”, “Көтерме” каналдары «Тұран су» МКК тарапынан механикалық әдіспен тазалау жұмыстары жүргізіліп, ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталды, - деді аудан әкімі.
Алдағы уақытта Ошақты ауылдық округіндегі ішкі көшелерге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Атап айтқанда Жетітөбе елді мекеніндегі Ғ.Мүсірепов және Т.Бердияров көшелері (ұзындығы 3,2 шақырым), Еңбек елді мекеніндегі Ә.Жангелдин және Қ.Сәтбаев көшелері (ұзындығы 2,8 шақырым), Саңырау елді мекеніндегі Құрманғазы, Т.Айбергенов және Ш.Қалдаяқов көшелері (ұзындығы 2,2 шақырым), С.Саттаров елді мекеніндегі С.Сейфуллин көшесілеріне (ұзындығы 700 м) орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қазіргі таңда қажетті қаржыны қарауға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына ұсыныс берілген.
Ошақты ауылдық округіндегі Атақоныс, Жиделі, Еңбек елді мекендерінде ФАП салу үшін жерлері анықталып, техникалық шарттар алынған. Сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұсынылды.
Ошақты ауылдық округіндегі Жиделі, Атақоныс, С.Саттаров, Қаратал, Бақышсай, Ынталы елді мекендерін табиғи газбен қамту шаралары қолға алынған.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін және...