Аудан әкімі Арман Сәбитов Манкент ауыл округіндегі төртінші тоқсандағы халықпен кездесуі ашық далада, еркін форматта өтті. Бүгін аудан әкімі проблемалық орындарға тұрғындармен бірге барып шешу жолдарын қарастырды.
Бірінші Аққала елді мекеніндегі Х.Ғұламов көшесінің бойындағы «Аққала-Сарқырама» аудандық маңызы бар автомобиль жолының жай-күйімен танысты. Тұрғындардың айтуынша, мердігер мекеме «Тұмар-СтройПроект» ЖШС ұзындығы 5.4 шақырым жерге 433.7 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Алайда, жол жиегіне бордюрлар орнатылмай қалып кеткендігін хабарлаған тұрғындар жөндеу жұмыстарының 2021 жылы аяқталғанын айтты. Бұл орайда, аудан әкімі Арман Сәбитов ТҮКШжАЖ бөлімінің басшысы Б.Бейсембаевқа бір ай ішінде бордюрларды қалпына келтіруді тапсырды.
Сонымен қатар, аудан басшысы А.Сәбитов, ауданның бас дәрігері Е.Әлімбаев және ауылдық округ әкімі А.Сайтмұратовпен Аққала ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға қарастырылған 0,45 га жер телімін көрді. Аталған жерге «Ұлттық жобаға» сәйкес келесі жылы құрылыс жұмыстары басталуы жоспарлануда. Бүгінгі күні 8,5 млн. теңгеге ЖСҚ әзірленуде. Бұдан бөлек кездесуде тұрғындар Әбдірайымов көшесіндегі жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрады. Бұл көшеге 2011 жылы 34.5 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткен. Сондықтан аудан әкімі қазір жөндеу жұмыстары жүргізілмейтінін атап өтті. Бүгінде ауданда 42 елді мекен бар, олардың кейбіреулері тіпті сапалы ауыз су, табиғи газ, электр жарығы сынды инфрақұрылым желілеріне әлі де мұқтаж. Әкімнің айтуынша, бірінші кезекте инфрақұрылымдық желілерге мұқтаж ауылдардың проблемаларын шешу қажеттігін алға тартты.
Мұнан соң, аудан әкімі Арман Сәбитов тұрғындармен бірлесе аудан әкімдігінің коммуналдық меншігіндегі бос тұрған екі қабатты ғимаратты одан әрі пайдалану жолдарын қарастырды. Аталған нысан 1983 жылы соғылып, «Аққала» колхозының меншігінде болған. Бір кездері бұл нысан ауыл мектебінің бастауыш мектебі ретінде жұмыс істеген. Бірақ айналасында мал бордақылау фермаларының орналасуына байланысты аудандық СЭС-тің қаулысымен жұмысын тоқтатқан. Енді тұрғындар аталған ғимаратты халықтың игілігіне пайдалатын нысанға айналдыруды сұрауда. Бұл ретте, аудан әкімі Арман Сәбитов сала мамандарына ғимаратты Манкент ауыл әкімшілігінің балансына өткізуді тапсырды.
Кездесуде тұрғындар тарапынан көптеген сауалдар қойылып, нақты жауап қайтарылды. Жеке сұрақтарымен жүгінген азаматтарды тиісті мекеме мамандары қабылдайтын болды.