Бүгінде халықпен бетпе-бет отырып сөйлесу, олардың өтініш-тілегін, сын-ескертпесін өз құлағыңмен есту – бұл әкімдерді қара халыққа жақындата түсетін алғышарттың бірегейі. Сондай кездесулердің бірі, Ақсукент ауылдық округіндегі Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде өтті. Аудан әкімі Арман Сәбитов 300-ге жуық халықпен кездесіп, тұрғындарды толғандарған мәселелердің шешу жолдарын қарастырды. Күн тәртібінде «Аудандағы өзекті мәселелер мен оның шешу жолдары» жайында алғашқы болып аудан әкімі А.Сәбитов баяндады.
Сөз басында аудан әкімі Арман Сәбитов «Ауданда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Оған қоса тұрғындарды толғандырған мәселелер де баршылық. Әкімшілік барлық проблемалардан хабардар. Өз басым әрбір проблеманың басына барып көрдім. Сондықтан да, әрбір проблеманы айқай шумен емес, ақыл парасатпен шешуге тырысайық. Ол үшін ауыл билері, белсенді тұрғындар ауылдық округ әкімімен тығыз байланысты жұмыс жасау керектігін», - мәлімдеді.
Бүгінде аудан бойынша 116 өзекті мәселені шешу үшін 2023-2025 жылдарға арналған «ЖОЛ КАРТАСЫ» әзірленді, енді түйткілдер кезең-кезеңімен шешілмек. Бұл туралы халықпен кездесуде белгілі болды. Осылайша жиналыс ашық форматта өткізілді. Жиында ауылдық округтің қоғам белсенділері өз пікірлерін айтып, ұсыныстарын ортаға салды. Кездесуде Сайрам ауданының құрметті азаматы Амангелді Қабылбеков зиялы қауым өкілдерінің қоғамдағы рөлі туралы пікірімен бөлісті.
- Біз шын мәнінде сүбелі сөзге тоқтай білген елдің ұрпағымыз. Ал бүгінде бір ауылға би болып жүргендер маңызды мәселелерге келгенде ара-жігін ажыратып, ақ-қарасын айыратындай болса, оларға ел сеніммен қарайтын болады. Әсіресе, жас буынның тәрбиесі мен патриоттық сезіммен өсуіне баса назар аударғанымыз жөн, - дейді А.Қабылбеков.
Мұнан соң, «Қоғамдық келісім» филиалының басшысы Б. Айтбаев аудан аумағындағы этносаяси ахуалды тұрақтандыру бойынша атқарылған жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмысты жандандыру маңызды. Одан бөлек, медиаторлардың жұмысын жүйелеу қажет. Әсіресе, жас отбасылар арасындағы ажырасу, көршілер арасында келіспеушіліктер, одан басқа да келеңсіз жағдайлардың алдын алуға медиаторлардың ықпалын пайдаланған жөн. Қоғамдық институттардың халық арасындағы беделін арттырып, бірлесе жұмыс істеудің маңызына тоқталды.
Кездесуде аудан әкімі Арман Сәбитов жиынның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың саясаты мен еліміздің ұсталған бағытын аудан көлемінде жүзеге асыру екенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, дәл осындай форматтағы жиынды жылына кемінде 2 рет қойып, маңызды мәселелерді талқылап отыру жоспарлануда. Кездесу соңында А.Сәбитов іс-шараға келген тұрғындарға алғысын білдірді.