Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың өткен есепті кездесуінде Қабланбек ауылдық округінің тұрғындары бірқатар өзекті мәселелер көтерген болатын. Халық сұранысынан кейін Ақниет, Жонарық, Қанағат елді мекендерінде ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жонарық елді мекенінде жеткізуші газ құбырының құрылысына бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын қыркүйек айының соңында бастау жоспарлануда. Сондай-ақ, Қанағат елді мекенінде «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 150 орындық мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы басталды. Бұл туралы аудан әкімі Арман Абдуллаев Қабланбек ауылдық округі тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді.
- Құрметті ауыл тұрғындары, өздеріңіз көріп отырғандай, аудан әлеуметтік-экономикалық даму үстінде. Аудандағы өзекті мәселелерді шешуге және ауданның дамуына сіздермен бірге жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз. Өткен есепті кездесуде көтерілген мәселелердің барлығы ауданның даму жол картасына енгізілген. Алдағы уақытта бюджеттің мүмкіншілігіне қарай, кезең-кезеңімен тиісті жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады,-деп түйіндеді сөзін аудан басшысы.
Кездесуде тұрғындар тарапынан мәдениет үйін және спорт кешенін салу, жаяу жүргіншілер сызбасын сызу, жол белгілерін орнату, аяқ жол, жарықтандыру, жайылым жер, жолға шағал төсеу, таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша сұрақтар қойылып, өтініштер айтылды. Әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдаған аудан басшысы әрбір ұсыныс пен өтініш хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта тиісті жұмыс жүретінін айтты. Ашық пікір алмасу өтіп, күрделі мәселелердің түйіні тарқатылды.
Кездесуден кейін, аудан басшысы тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, талап-тілектерін тыңдап, заң аясында жауап берді.
Аудан басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, алдағы уақытта заңға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
Айта кетеін, Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы «Азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел әрі тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру» міндетін қойды. Содан бері билік пен қоғам арасындағы байланыс механизмдері жетілдірілді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы.
Мемлекет басшысының бастамалары Қазақстанның болашағын айқындайтындығын нақты жеткізе келе, алдағы жолдың қиындығына қарамай ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыруымыздың маңызылығына тоқталды.
Елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Халықтың әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған мұндай бағдарламаларды біреу білсе, біреу білмей жатады. Сол себепті мұндай бағдарламалардың жұрт игілігін көруі үшін осы жобаларды насихаттап, түсіндіру де маңызды болып отыр.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тәсілі қоғамда әртүрлі көзқарастар болатынын мойындайды. Әлеуметтік-экономикалық мәртебесіне, этникалық тегіне, жынысына немесе басқа факторларға қарамастан барлық дауыстардың ескерілуін қамтамасыз ету үшін қадамдар жасайды.
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындаудың негізгі тетіктерінің бірі, ол – мемлекеттік органдар тарапынан жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне уақытылы және сапалы жауап беру.
Азаматтарға қолайлы болу үшін интернет-ресурста «Халықпен жұмыс» бөлімі ашылған, онда нормативтік-құқықтық актілер, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері туралы және өтінішті қалай жолдау керектігі туралы ақпараттар орналастырылған.
Тұжырымдаманы іске асыруда «Ашық үкімет» жобасын атап айтуға болады. Оның мақсаты – ашық және халық алдында есеп беруге міндетті мемлекетті құру, азаматтардың мемлекеттік басқару саласындағы құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту. Мәселен, «Ашық диалог» порталы мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы тиімді кері байланысты орнатуға арналған.