Түркістан облысындағы «Ашық әкімдік» кеңсесінде тұрғындарды қабылдау тұрақты түрде жалғасып келеді. Бұл жолы Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов тұрғындарды жеке өтініштері бойынша арнайы қабылдады.
Тұрғындардың бірі спорт саласындағы тәжірибесін ескеріп, жұмысқа орналастыру мәселесін көтерді. Тұрғынның спортты дамыту жөніндегі ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды. Аппарат басшысы өңірде спорт саласын дамытуға көңіл бөлініп, заманауи нысандар салынғанына тоқталды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысына білікті бапкердің өтінішін зерделеп, қолдау көрсетуді тапсырды.
Қабылдауға келген тағы бір тұрғын Ордабасы ауданындағы жер дауын қозғады. Сотқа дейін жолданып, сиырқұйымшақтанған бұл түйткілді тарқату бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, зерттелетін болды. Жұмыс тобына облыстық жер қатынастары басқармасы мен Ордабасы ауданы әкімдігінің өкілдері тартылып, тиісті шешім шығарылмақ.
2023 жылдың басынан бері облыс әкімінің орынбасарлары және облыс әкімі аппаратының басшысы «Ашық әкімдікте» кестеге сәйкес жалпы 17 жеке қабылдау өткізіп, 127 азаматтың өтініштері тыңдалған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Билік пен қоғам арасындағы диалог нығая түсті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына баса мән беріліп отыр. Бұл ауқымды жұмысты бүкіл қоғамымыз бірлесе атқарды. Дегенмен, осымен тоқтап қалуға болмайды. Бәріміз осы сара жолмен ілгері жүруіміз керек.
Тағы бір аса маңызды реформа – Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы. Біздің аймақтағы қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мұндай өзгеріс мүлдем болмаған. Сондықтан бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам деп сенемін. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін» деп айтып өткен болатын.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін кеңінен сөз етті. Жолдауда қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты, терең талдау жасап қана қоймай, оның шешу жолдарын да көрсетіп берді.
Ұлттық құрылыстың қазіргі кезеңінде Қазақстан Республикасы қарқынды саяси өзгерістер кезеңін бастан кешіп жатыр. Саяси модернизацияның тұжырымдамалық фрейміне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» моделі арқау болды. «Listening State» («Құлақ асатын/еститін мемлекет») — бұл үкіметтің азаматтармен өзара әрекеттесу, оларды толғандыратын мәселелер мен қажеттіліктерін түсіну бойынша белсенді күш-жігеріне баса назар аударатын мемлекеттік саясат тұжырымдамасы. Бұл тұжырымдама үкімет пен қоғам арасындағы ашық әрі айқын байланыс арналарын құруды көздеп, шешімдерді әзірлеу және қабылдау процесінде азаматтардың дауысын естуге және ескеруге бағытталған.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тәсілі ақпаратты жай ғана тарату немесе «жоғарыдан төменге» саясатын жүзеге асыруға қарағанда, тиімді басқару бұдан да көп нәрсені қажет ететінін көрсетеді. Яғни кері байланыс, идеялар мен қоғамдық пікірді белсенді іздеудің маңызын мойындайды. Бұған қол жеткізуге жәрдемдесетін түрлі құралдар бар: қоғаммен кеңесу, сауалнамалар, жалпы жиналыстар, онлайн форумдар және басқа да қатысу тетіктері.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» Үкімет азаматтарға ойларымен, идеяларымен және пікірлерімен алмасу үшін қолжетімді және ыңғайлы платформалар ұсынады. Бұл сандық платформалар және қоғамдық жиналыстар сияқты құралдар арқылы немесе т.б. жүзеге асырылуы мүмкін.
Мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын қолдануды жеке үрдіс деп атауға болады. Мемлекеттік органдар жедел хабар алмасу құралдарын пайдаланады, чат боттарын жасайды. Жергілікті атқарушы органдар өтініштерді қарау мен азаматтарды қабылдауды бір жерде жүргізген жағдайда қызмет көрсету «кедергісіз орта» қағидаттары бойынша «ашық қабылдау» арқылы жұмыс істейді.