Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Арманда» республикалық форумын өткізу үшін Түркістан өңіріне келген белгілі медиаменеджер Арман Давлетяров пен қоғам белсендісі, танымал журналист Ләйлә Сұлтанқызымен кездесті. Түркістан төрінде өткен отбасы құндылығын дәріптеу, бала тәрбиесі мен тұлғалық даму мәселелері талқыланған шараның жетекшілері жаңа бастаманың басты мақсаттарымен бөлісті. Бизнес-форум аясында танымал қазақстандық сарапшылар ұлттық құндылықтар туралы өз ойларын ортаға салып, баға жетпес тәжірибелерімен бөлісті. Аймақ басшысы бастамаға сәттілік тіледі.
– Түркістан туризм орталығына айналып келеді. 5 жылда үлкен өзгерістер болды. Түркістанға халық тек зиярат етуге ғана емес, кемінде бірнеше күн қасиетті өңірдің кереметтерін тамашалауға талпынатындай жағдай жасалады. Солардың бірі ретінде экотуризм, медициналық туризм секілді басқа да бағыттарды дамыту арқылы ауқымды жоспарды жүзеге асыруға күш салынып жатыр. Жалпы, тұрғындарға, жастарға жалын, жігер беретін кездесулердің маңызы зор. Кәсіпке, шығармашылыққа, еңбекке баулу, жол көрсету, қолдау – міндетіміз, – деді облыс әкімі.
Форумның мақсаты – білім беру, отбасылық құндылықтарды сақтау, жастардың рухани және әлеуметтік дамуы бойынша салауатты пікірталас алаңын құру. Белгілі медиаменеджер Арман Давлетияров бұл жиынның жастарға берері мол деп есептейді. Форум арқылы іскер азаматтарды спикер ретінде тартып, қоғам қайраткерлерін, медиа-бизнес өкілдерін және мыңдаған кәсіпкер мен Қазақстанның қарапайым тұрғындарын үлкен қайырымдылық миссиясына біріктіру көзделгенін атап өтті. Арман Давлетияров: «Түркістан таң қалдырды. Бірнеше жылдан кейін жолым түсті. Керемет өзгеріпті. Түркістанның түнгі көрінісін Лас-Вегасқа ұқсаттым», деді.
Ләйлә Сұлтанқызы қазақ қоғамындағы әйелдің рөлі жөнінде сөз қозғады. Жиында отбасы құндылығын дәріптеу, дін мен ұлттық салт-дәстүрді ұштастыру, ұлттың болмысына сай жастарға әдет-ғұрыпты дәріптеу тетіктері де талқыға салынғанын айтты. Түркістан өңірінің жастарының белсенділігіне ризашылығын білдірді. Кездесуде спикерлер әлеуметтік желіде жиі талқыланатын мәселелер төңірегінде сөз қозғап, кәсіп бастағысы келетін жастарға да бағыт-бағдар берді. Жаңа кәсіптің көзін тауып, табысты кәсіпкер атанудың құпияларымен бөлісті.
Қазан-желтоқсан айлары аралығында форумға қатысушылар өңірлердегі балалар және қарттар үйлеріне, сондай-ақ басқа да әлеуметтік мекемелерге барады. Сондай-ақ студенттермен және аз қамтылған отбасылармен кездеседі деп жоспарланған.
Форум еліміздің Түркістан, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Қарағанды, Павлодар, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал, Көкшетау, Петропавл, Семей, Өскемен, Қостанай, Жезқазған, Талдықорған сынды 17 қаласында өтеді.
Айта кететін, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы бойынша Түркістан облысында 86 мектеп салу жоспарланған. Президенттің төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте қаралған «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасын іске асыру мәселесі бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды таяуда салаға жауапты басшылардың басын қосып, нақты тапсырмалар берді. Жаңа үлгідегі мектептер салу үшін жер телімдерін бөлу, инженерлік жүйелерін жүргізу, педагогтермен қамту және уақытында құрылысын аяқтау сынды тапсырмалар міндеттелді. Осы арқылы үш ауысымды, апатты, ескірген мектептер санын жою жоспарға қойылған.
2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында осы мақсатта 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи пән кабинеттерімен, зертханалармен толық қамтамасыз етіледі. Түркістан облысында 900, 1200 және 2000 оқушы орындық мектептер салу жоспарланған. Бекітілген 86 мектепте 60 мыңнан астам баланың білім алуына барлық мүмкіндік жасалады. Жобаның мақсаты – қалалар мен қарқынды дамып келе жатқан (перспективалы) елді мекендерде жаңа үлгідегі, бірыңғай стандарттағы жабдықталған мектептер салу. Оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру.Түркістан облысында жалпы 983 (оның ішінде 75 жекеменшік) мектеп бар. Соңғы жылдары 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді, ал қазір 59 мектеп салынып жатыр.
Түркістан облысында білім саласына қатысты бірнеше өзекті мәселе шешіліп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен, өңірдегі білім саласына баса көңіл бөлінген. Облыста 5 жылда жаңа 86 мектеп салынды. Өткен жылы 34 мектептің құрылысы аяқталды (бюджет – 21, жеке инвестиция – 13). 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында қазір 33 мектеп салынып жатыр. Оның ішінде, «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы биыл 9 мектептің құрылысы жүруде.
Жаңа оқу жылында Түркістан облысында 6 мемлекеттік 7 жекеменшік мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 20-дан астам жекеменшік білім ұялары ашылады. Бұдан бөлек, жоғарыда айтып өткеніміздей Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен 3 жылда 63 мектеп салынады. Облыста білім беру саласында 2511 ұйым қызмет көрсетеді. 1 372 мектепке дейінгі ұйымда 155 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 98%-ды құрайды. Облыста жалпы 1000 мектепте (мемлекеттік – 907, жеке – 93) 515 мың оқушы білім алады.
Өңірдегі 894 мемлекеттік мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Осы арқылы бейнебақылау, турникет, қоршау, дабыл түймесі орнатылады. Арнайы күзет қызметімен қамтылады.Сондай-ақ Түркістан облысында 1-4 сыныптағы оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді.