2023 жылы 3,5 млн қазақстандық оқушы мектепке барды. Бірінші сыныпқа барған оқушылар саны – 380 мың. Былтыр оқу жылын 3,7 миллионнан астам оқушы аяқтады, 172 мың оқушы 11-сыныпты тәмамдап, үлкен өмірге қадам басқан.
Бала білім алатын орынның сапалы тұрғызылуы, қауіпсіз болуы аса маңызды. Әйткенмен, елімізде заманауи стандартқа сай келмейтін білім ошақтары әлі де бар. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 7687 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның 52-сі – апатты жағдайдағы мектеп. Одан бөлек 300-ден астам мектеп ағаштан және өзге де сапасыз материалдардан тұрғызылған. Бұлар енді кеңестік заманның сарқыншақтары.
Үкіметтің мәліметінше, жаңа оқу жылында отандық мектептерде оқушы орындарының тапшылығы 270 мыңнан асады. Ең көп орын тапшылығы халқы тығыз орналасқан Түркістан және Алматы облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкен қалаларында байқалады. Бұл өңірлер мен қалалар жалпы көрсеткіштен оқушы орындарының тапшылығының 60%-н құрап отыр.
Орын тапшылығы жақында ғана пайда болған проблема емес. Биыл 143 мектеп үш ауысымда жұмыс істеп жатыр екен. 2021-2022 оқу жылында Қазақстанда 169 үш ауысымды мектеп болыпты.
Айта кететін, Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев оқушылардың лайықты білім алуы үшін барынша жақсы жағдай жасауды тапсырды. Алдымен, үш ауысымдық мектептер болмауы қажет. Себебі ол білім сапасына кері әсер етеді. Осы тұста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асатын болады. «Жайлы мектеп» – жай мектеп емес. Аты айтып тұрғандай бала үшін жайлы жағдай жасалуы шарт. Спортзалдары үлкен, асханалары да кең, бөлек, бастауыш сынып пен жоғары орта және жоғары сынып оқушылары бөлек оқиды, оған қоса заманауи үлгіде жабдықталған сыныптарда білім алады.
Президент тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалар ұлттық жобалар форматына көшіріледі. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы осы мақсатта жаңа жоспарларды жүзеге асырады. Төрт бағыттан тұратын ұлттық жоба ауыл мен қала мектептеріндегі арақашықтықты азайту, білім сапасын арттыру, техникалық, кәсіптік білім алушыларға қолдау көрсету, өңірлік жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағыталған.
Қазіргі таңда аталған жоба қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, мектептердегі қауіпсіздік мәселесі жолға қойылды. Барлық білім ошақтарына бейнебақылау камералары орнатылды. Тіпті кейбір мектептерде Face ID-сіз ішке кіру мүмкін емес. Яғни, бет-бейнесі жүйеге енгізілген оқушы мен ұстаз ғана мектепке кіре алады. Бұл бөгде адамдардан қорғануға арналған.
Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 49 мың оқушыны қамтитын 63 мектеп салынады. Оның 29-ының құрылысы биыл басталып, 2024 жылы аяқталады. Ал қалған 34 мектептің құрылысы 2024 жылы басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен салынатын бұл білім ұялары өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешуге серпін береді.
Оқушылардың саны зерделеніп, қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Сонымен бірге мектептердің жобасы, қолданылатын құрылыс материалдары мен жиһаздары бойынша да ортақ стандарт қабылданған. Ол мердігерлерге ұсынылды.
Жүйелі әрі жедел жұмыс нәтижесінде 2023 жылы құрылысы жоспарланған 29 мектептің 19-ының жер телімдері бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер мен жобалаушы мекемелері анықталды. Ал қалған 10 мектеп бойынша «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы тарапынан сатып алу конкурсының ашылуы өткізілуде.
«Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында құрылысы салынатын 63 мектептің (жобалық қуаттылығы 49 000 орын) іс-шара жоспары бекітіліп, бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жаңа мектеп құрылысын салуға тиісті құжаттар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне ұсынылып, жұмыстар атқарылған. Сондай-ақ 2023-2025 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізілетін елді мекендердегі мектептерді инженерлік инфрақұрылыммен (су, электр, жылу желілері, кәріз жүйелері, кірме жолдар, интернет желілері, қоғамдық көліктер және т.б.) қамтамасыз ету шаралары қабылданып, инфрақұрылым жоспары бекітілді.
Жиында мектеп құрылысына қатысты ұйымдастыру жұмыстарын баяу жүргізіп жатқан аудан әкімдеріне сын-ескертпе айтылды. Жұмысты жеделдету жөнінде тапсырма берілді.
Облыста екі жылда 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп, 1500 орындық 4 мектеп және 2000 орындық 2 мектеп салынады.
Жоба аясында 2023 жылы құрылысы басталатын 29 мектептің жер телімі «Samruk-Kazyna Construction» АҚ меншігіне өткізіліп, бүгінгі күнге, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. 29 мектептің құрылысы 2024 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал қалған 34 мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда құрылысы биылға жоспарланған 29 мектептің 27-сінің құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелері анықталды. Қалған 2 мектебі бойынша сатып алу конкурсы өткізілуде. Қорытындысы биыл қыркүйек айының соңына дейін аяқталады.
Сонымен қатар, өңірімізде бұл жобаны іске асыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінбек. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи құрылғылармен толық жабдықталады. Зертханалармен қамтамасыз етіледі. Бастауыш сыныптар үшін жеке блог болады. Мақсат – оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру.
Аталған мектептерді салуға беделді әрі бәсекеге қабілетті компаниялар тартылады. Сонымен бірге, жұмыс барысы қатаң қадағаланады. Ол іске аса білікті техникалық қадағалаушылар шақырылмақ. Мұндай мектептер облысымыздағы халық көп шоғырланған аймақтарда салынады. Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 немесе 2500 орынды деп белгіленген жеті түрдің біріне сай салынуы керек. Олардың әрқайсысында робототехника кабинеті, бірнеше зертхана, аумағы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ, мұндай мектептерде бастауыш сыныптар (9х18м) мен орта буын, жоғары сынып оқушылары үшін (36х18м) бөлек-бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактив тақта және мұғалімге арналған компьютер қарастырылған.
Жақын арада компания мектептерді жобалау, салу бойынша да кешенді қызмет көрсетушілерді анықтайтын ашық конкурс өткізеді. Олар мектепті толық салып, дайын күйінде тапсыруы керек, кейін құрылыс аяқталғаннан кейін төлем алады.
Құрылысты қадағалау инженерлік қызметтері де ашық конкурстық негізде сатып алынады, бұл қосымша ашықтықты қамтамасыз етеді. Барлық сатып алу жалпыға қолжетімді онлайн платформада жүзеге асырылады. Байқау комиссиясының құрамына «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының өкілдері ғана емес, «Атамекен» ҰКП, «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесі, әкімдіктер мен Оқу-ағарту министрлігінің тәуелсіз сарапшылары да кіреді.
Мониторингтің ақпараттық жүйесі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында жұмыс істейтін болады. Тікелей бейнетрансляция және құрылыс алаңдарының фоторепортаждары бар интерактив карта жасалады. Кез келген адам 401 жаңа мектептің құрылысын тәулік бойы бақылай алады. Жобалаушы және техникалық қадағалау есептері апта сайын жарияланады. Осылайша жұмыс барысына қоғамдық бақылау қамтамасыз етіледі.
Еліміздегі мектептер негізінен тәуелсіздік алғанға дейін салынған, көпшілігі ерекше балалар үшін өте қолайсыз. Жаңа мектептерді барлық оқушының қажеттілігін ескере отырып, заманауи технологияларды қолданып салу жоспарланды. Кедергісіз, ыңғайлы кеңістік: арнайы пандустар, лифтілер, дәретхана бөлмелері болады. Сондай-ақ, әрбір мектепте инклюзивті білім беру кабинеті болуы керек. Мұның бәрі балалардың қоғамға жақсырақ бейімделуіне қажет алғышарттармен қамтамасыз етеді.
Қазіргі заман талабы оқушыларды бастауыш сыныптан бастап, ақпаратты коммуникативті технологиясын пайдаланудың тиімділігімен таныстыру керек. Ол үшін ұстаз компьютерлік технологияларды жетік меңгеруі керек. Әрбір мұғалім компьютерлік технологияларды пайдалану үрдісін тұтас қарастыруға үйреніп, сан-алуан байланыстарды, бәлкім, «сәтсіздіктің» және т.б.себептерін ашуға ұмтылады. Ана тілі, қазақ тілі, дүниетану пәндері үшін тест жұмыстарын орындау барысында оқушылар уақытын үнемдеуге өте тиімді.