ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Өңірде Үкімет басшысы бірінші кезекте жаңа өнеркәсіптік парктің және заманауи көпбейінді аурухана құрылысының барысымен танысты.
Ауданы 66 мың шаршы метрден асатын «Түркістан» ӘКК» АҚ өнеркәсіптік паркін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірде жүзеге асатын жобалар туралы айтты. Жұмыс сапары барысында Премьер-Министрге өңірдегі ірі инвестициялық жобалардың, оның ішінде химия кешені, бу-газ қондырғысы, мұнай өңдеу зауыты, газ электр стансасы, күкірт қышқылын өндіру зауыты, өнеркәсіптік жылыжай, мал бордақылау алаңы және басқа да нысандардың іске асырылуы туралы баяндалды.
Мұнда үкіметтік делегация Түркістан облысында өндірілетін жиһаз өнімдерінің үлгілерімен танысты.
Әлихан Смайылов соңғы жылдары елімізде жиһаз өнеркәсібі белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Қазір онда 1500-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Осы жылдың 8 айында сала өндірісінің көлемі 25,2%-ға өссе, осы салаға салынған инвестициялар көлемі 65%-ға ұлғайды. 2026 жылға дейін салада жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын бірқатар жаңа жиһаз өндірісін іске қосу жоспарланып отыр.
Үкімет басшысы атап өткендей, бүгінде мемлекет тарапынан кең ауқымды қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң шеңберінде кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету шаралары, сұранысты ынталандыру, өнеркәсіптік гранттар қарастырылған. Сондай-ақ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда өндірушілер қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі, кедендік баждардан және тағы басқа салықтардан босату қарастырылған.
«Отандық жиһаз өндірушілер өткен жылдан бері мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде басым құқыққа ие, сондықтан осындай кәсіпорындарды дамытудың маңызы зор. Түркістан облысының әкімдігі инвесторларды тарту мәселелері бойынша белсенді жұмыс істеп, өндірушілерге барлық қолайлы жағдай жасауы қажет», – деді Әлихан Смайылов.
Бұдан әрі Премьер-Министр 570 төсек-орындық заманауи көпбейінді облыстық аурухана құрылысының барысымен танысты. Қазіргі уақытта жұмыстың шамамен 50%-ы аяқталды. Нысанды пайдалануға беру уақыты 2024 жылғы желтоқсанға жоспарланған.
Әлихан Смайылов Түркістан облысында 2 млн-нан астам адам тұратынын, сондықтан жаңа әлеуметтік нысандарды іске қосу маңызды екенін атап өтті.
«Бұл – өте маңызды жоба. Өңірде сырқаттар саны көбейіп отыр, мұндағы ауруханалар тапшылығын көріп отырмыз. Сондықтан жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде кешіктірмей іске қосу маңызды. Техникалық мәселелерге келсек, мұны Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп пысықтап, жыл соңына дейін келісімді бекіту керек», – деді Премьер-Министр.
Бұл ретте ол «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 49 жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысанын салу және 4 аудандық аурухананы жаңғырту жоспарланып отырғанын еске салды.
«Жалпы, денсаулық сақтау саласындағы барлық нысандар Министрліктің бақылауында болуы және уақтылы іске асырылуы тиіс», – деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.
Бұдан бөлек, Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасына сәйкес, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында облыста 4 аудандық орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде Ордабасы аудандық орталық ауруханасының жөндеу жұмыстары толық аяқталып отыр. Сондай-ақ, Сарыағаш пен Жетісай аудандық орталық ауруханалары биыл жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға беріледі. Сайрам ауданындағы медициналық нысанның жөндеу жұмыстары 2024 жылы басталады. Бұдан бөлек, күрделі жөндеуден өткен барлық медициналық мекемелер материалдық-техникалық базамен толық қамтамасыз етілетін болады.
Сонымен қатар, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 49 жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысанын салу жоспарланған.
Айта кететін, алдыңғы 2022 жылы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет» деп тапсырды. Бұл бағытта Түркістан қаласында қолға алынған жобалар аз емес. Соның бірі – «Ана мен бала орталығы».
Түркістан қаласында Абу-Дабидің тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян атындағы 80 орындық перзентхананың құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс басталғанда Біріккен Араб Әмірліктері Премьер-Министрінің орынбасары, Президент істері жөніндегі министрі шейх Мансур бен Заид Әл Нахаян мен coл кездегі Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа «Ана мен бала орталығы» деп аталатын перзентхананың іргетасына капсула салған болатын.
«Біз денсаулық сақтау саласының маңызды нысандарының бірі – Шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянның Түркістан тұрғындары үшін қайырымдылық көмегі болып табылатын құрылыс алаңына капсула саламыз. Жобаны Түркістан облысы әкімдігі мен Абу-Даби Даму қорының бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Бастама Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстан Республикасы арасындағы тығыз тарихи байланыстар мен стратегиялық әріптестікті нығайтудың символы, сондай-ақ Қазақстан халқының денсаулығын нығайтуға және Түркістан қаласының инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі болып табылады», делінген капсуладағы жазбада.
Абу-Дабидің мұрагер ханзадасының қолдауымен бой көтеретін жаңа перзентхананың құрылысы келер жылы аяқталады деп жоспарланған. Ғимараттың жалпы ауданы 8 мың шаршы метр, жер аумағы – 33 000 шаршы метр. Заманауи перзентхана еуропалық үлгіде бой көтеріп келеді.
Coнымен қaтар, «Түркістан» ӘКК» АҚ тарапынан көлемі 50 шаршы метрді құрайтын жаңа әлеуметтік дүкендерді салу, олардың санын 50-ге жеткізу бағытында жұмыстар атқарылды.
Бүгінгі күні бұрыннан жұмыс атқарып келген көлемі 24 шаршы метрлік 13 әлеуметтік дүкенге қосымша жаңадан әрқайсысының көлемі 50 шаршы метрді құрайтын 17 жаңа әлеуметтік дүкен салынып, жалпы саны 30-ға жетті. Оның 9-ын «Түркістан» ӘКК» АҚ есебінен салынса, 8-ін кәсіпкерлер өз қаражаттарымен салды.
Аталған әлеуметтік дүкендер Түркістан қаласының көпқабатты үйлер орналасқан шағынаудандарында, осал топтағы отбасылар шоғырланған аумақтарға орналасқан. Мұнда 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтан 20-30 пайыз төмен бағада халыққа сатылуда. Тазартылған күріштің келісі 350 теңгеге, рожки (өлшеніп салынатын) келісі 300 теңгеге, қарақұмық жармасының келісі (дән, өлшеніп салынатын) 320 теңгеге, тауық етінің келісі 900 теңгеге, тауық жұмыртқасы (I санатты) 35 теңгеге, күнбағыс майының литрі 680 теңгеге, қант-шекер келісі 395 теңгеге, 1 сұрыпты бидай ұнының келісі 190 теңгеге бағаланып отыр. Сондай-ақ пастерленген сүт, айран, сүзбе, сары май, бірінші сұрыпты ұннан жасалған нан, картоп, сәбіз, пияз, ақ қырыққабат, ас тұзы, сиыр еті нарық бағасынан төмен сатылуда. Жыл соңына дейін қалған 20 әлеуметтік дүкен құрылысы салынып, жалпы дүкен санын 50-ге жеткізу жоспарлануда.
Әлеуметтік дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтық бағадан 20-30% төмен саудалануда.
Қала аумағындағы негізгі 50 супермаркет пен дүкенмен бағаның негізсіз өсуіне және 15 пайыздық сауда үстемесінен асып кетуіне жол бермеу жөнінде меморандумдар жасалған.
Айта кетейік, Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша арнайы мониторинг топтары құрылған. Олар осы бағыттағы кемшіліктерді анықтап, бағаны қадағалап келеді.
Бағаны негізсіз өсірмеу, сауда үстемесін асырмау, өндірушіден сауда нүктесіне дейінгі баға тізбегін қарау бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия тарапынан 78 отырыс өткізілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тауарларын өндіретін және сататын 48 нарық субъектісіне қатысты шаралар қабылданып, бағалар қалыпқа келтірілді. 30 супермаркетке қатысты сауда үстемесін 15%-дан асыру бойынша шаралар қабылданып, бағалар реттелген. Жұмыртқа өндіруші, сары май өндіруші компанияларына қатысты бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттерді жою бойынша жұмыс жүріп, бағалар 7-10% төмендеді.