СӘУЛЕТI MEH ДӘУЛЕТI ЖАРАСЫП, ЖАҢА ҚЫРЫНАН ТҮРЛЕНIП КЕЛЕ ЖАТҚАН ТҮРКICTAH

СӘУЛЕТI MEH ДӘУЛЕТI ЖАРАСЫП, ЖАҢА ҚЫРЫНАН ТҮРЛЕНIП КЕЛЕ ЖАТҚАН ТҮРКICTAH

Түркістан қаласының дамуы ту­ра­лы айтатын болсақ, тұ­тас­тай жаңа қала салынды деуге бо­ла­ды. Зерттеулерге сүйенсек, қала хал­қы 56 356 адамға өсіп, 221 102 адам­ды құрады (2018 жылы 164 746 адам болған). Төрт жылда қалаға тар­тылған инвестиция көлемі 8 есеге ар­тып, жалпы 793,2 млрд теңгені құ­рады. Оның ішінде, 50 пайызға жуы­ғы (389,4 млрд теңге) жеке ин­вес­тиция. Қаланың негізгі әлеуметтік-инф­рақұрылымы қаланып, жаңа­дан халықаралық әуежай, әкім­шілік-іскерлік және рухани-мәдени ор­талықтары салынды. Биыл мұз ай­дыны, Теннис орталығы, ескек есу ка­налы Б.Саттарханов атындағы спорт кешені, туристерге арнал­ған жа­санды көл демалыс орталығы са­лынып, пайдалануға берілмек.
Биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден асатын 6 мыңға жуық пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде бюджет есебінен 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 59 үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал жеке инвестиция есебінен 46 үйдің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, Түркістан қаласын одан әрі дамыту мақсатында жаңадан салынатын 800 пәтерлі, 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы облигация есебінен (кредиттік тұрғын үй) басталып, нәтижесінде халық игілігіне 220 мың теңгеден ипотекаға беріледі.
Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 15864 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. 2022 жылдың қорытындысымен 3155 пәтерді құрайтын 49 үй пайдалануға берілді. Оның ішінде ипотекамен 2683 пәтер, көп балалы отбасыларға 544 пәтер, әлсіз топтағы азаматтарға 244 пәтер тапсырылды.
Қала аумағында мектептердің мәселесін шешу мақсатында 7 мектептің құрылысын 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы жүзеге асыру жоспарланған. Оның үшеуінің құрылысы басталып кетті.
Түркістан қаласын дамытудың Бас жоспарында қала тұрғындарының саны 2050 жылға қарай 500 мың адамды құрайтынын көрсетеді. Бұл қаланың жан-жақты кеңейіп, тұрғын үйлердің көбеюін қамтамасыз ету мәселесін туындатады. Осыған орай жоспарда Түркістан қаласының тұрғын жай қорын кеңейту қарастырылған.
Түркістан қаласы тұрғындарының мәдени және әлеуметтік дамуы олардың өмір сүру дағдыларында да көптеген өзгерістер алып келуде. Бұл көнеқаланың жаңа құрылыстармен толысып, кеңейе түсуінен айқын көрініс табады. Осы тұрғыда Түркістан қаласының әрі қарай мәдени әлеуметтік дамуы тікелей адами капиталға байланысты екенін айғақтайды. Мысалы, қала ғимаратындағы адамның өмір сүруі жас ерекшелігіне, жынысына қарамастан бір ортаға топтастырушы қызмет атқарады. Себебі, көптеген адамдардың жұмыс орны, бос уақыты және тұтас өмірі белгілі бір ғимараттармен байланысты. Қала тұрғындарының мәдениеті мен өмір сүру дағдылары тікелей қаланың орналасқан орны мен архитектуралық ерекшелігіне байланысты.
Жалпы өңірлік өнім көлемі өткен жылдың қорытындысымен 319 млрд. теңгені құрады. Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 2022 жылы 21,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Жыл басынан бері қаңтар-наурыз айында 6,2 млрд. теңгенiң өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 3,2 % құрады. Өткен жылы қалаға 304,9 млрд. теңге инвестиция тартылды. Биыл инвестиция көлемі 348,9 млрд. теңге болады деп жоспарланған. Қалада «TURKISTAN» индустриалды аймағы жұмыс істейді. Қазіргі таңда онда 19 жоба орналасқан. 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.
Көктемде Түркістан қаласында Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен баспасөз-туры өткен болатын. БАҚ өкілдері шахарда құрылыс саласымен танысқан болатын. БАҚ өкілдері «Жаңа қала» шағынауданында бой көтеріп жатқан 7 қабатты «Тұран» тұрғын үй кешеніне барды. Құрылысқа жауапты «Ныш Ер» ЖШС бас инженері Бақыт Асановтың айтуынша, жалпы саны 32 көпқабатты тұрғын үй биылғы маусым-шілде айларында пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда нысанның құрылысын 13 мердігер мекеме жүргізіп жатыр. Жалпы құрылыстың ауданы – 19 813,44 м2 құрайды. Бір бөлмелі пәтер — 36 м2, екі бөлмелі — 58 м2, үш бөлмелі — 69 м2 құрайды. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үйлердің 1 шаршы метрінің құны — 180 мың теңге көлемінде болмақ.
«Облыс орталығында жыл соңына дейін жалпы саны төрт мыңнан астам пәтері бар 64 көпқабатты тұрғын үй тапсырылады. Оның 90%-ы «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары аясында берілсе, қалған 10%-ға жуығы тұрғын үйге кезекте тұрған және әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріледі деп жоспарланып отыр», — деді Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбек.
Шара барысында тілшілер қауымы «Жаңа қаладағы» дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернатын аралап көрді. Жауапты мердігер компания өкілдерінің мәлімдеуінше, 700 оқушыға арналған мектеп пен 500 орындық жатақхана биыл қыркүйек айының басында пайдалануға берілмек. Білім ұясында өңірдің барлық ауыл-аймағынан жиналған үздік оқушылар мен аса білімді балалар тәлім алады. 5,2 га аумақта орналасқан мектеп-интернат 200 орындық асхана, шеберхана және спорт залмен қамтылған. Бүгінгі таңда ішкі инженерлік желілерін орнату және сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мердігер компания — «МК Технострой сервис» ЖШС.
БАҚ өкілдері барған келесі нысан – қысқы спорт түрлеріне арналған ғимарат. Мұз сарайының құрылысы 2021 жылы тамыз айында басталған. Жоспар бойынша нысан биыл сәуір айында пайдалануға берілмек. «Integra Construction» ЖШС бас инженері Саян Құрманов мұз айдынының жер асты бетон құю, шатыр жабу жұмыстары толық орындалғанын жеткізді. Ал ішкі әрлеу жұмыстары 90% құраса, мұз айдынына қажетті құрал-жабдықтардың 85%-ы жеткізілген. Қалған материалдар наурыз айының ортасына дейін жеткізілмек. 1200 көрерменге арналған мұз сарайында шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, балалар арасында шорт-трек сайыстарын тамашалауға болады. Керекті құрал-жабдықтар арнайы Италия, Канада, Финляндия елдерінен тапсырыспен алынуда.
Бұдан соң журналистер қауымы көпқабатты тұрғын үйлердің және әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты екі тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болды. Нысанда 126 пәтер бар. Әр қабатта 1, 2, 3 бөлмелі пәтерлер орналасқан. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары 70%-ға, сыртқы әрлеу жұмыстары 95%-ға, ішкі сылақ пен инженерлік желілер 35%-ға, ал монолит жұмыстары толығымен аяқталған. Ауладағы паркинг 115 машинаға арналған, абаттандыру және инженерлік желілерін жүргізуге толық қаржы қарастырылған. Қаладағы ең биік нысан биыл қыркүйек айында қолданысқа берілмек.
Бұдан бөлек, жалпы құрылыс ауданы – 14 127,75 м2 құрайтын әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты тұрғын үй 2023 жылдың қараша айында тұрғындарға қолданысқа беріледі. Бүгінгі таңда тұрғын үйде инженерлік желілер 30%, ҚМЖ — 50%-ға аяқталған, 18-19-шы қабаттың монолит жұмыстары және 12-13 қабаттарда қабырғаларды қалау жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысанды абаттандыруға және инженерлік желілерін жүргізуге толық қаржы қарастырылған.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін және...