09 қараша сағат 06:27-де Шымкент қаласы Нұрсәт мөлтекауданында 5-қабатты тұрғын үйде газ-ауа қоспасының жарылғаны туралы ақпарат келіп түскен. Оқиға көпқабатты үйдің 1-қабатындағы пәтерде болып, салдарынан 1957 жылы туған ресейлік ер азамат (пәтер жалдаушы) дене жарақатын алған, оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйіне қайтарылды.
«Сонымен бірге пәтердің терезелері, есіктері зақымдалып, үй заттары мен жиһаздары жанды. Өрттің жалпы көлемі 35 шаршы метр құрады. Қауіпсіз жерге 4 адам шығарылып, 6 адам құтқарылды. Сондай-ақ, оқиға салдарынан көршілес орналасқан екі пәтердің терезелері, Audi автокөлігінің алдыңғы әйнегі зақымдалған. Өрт сағат 07:20-да толығымен сөндірілді. Өрттің шығу себептері газ шаруашылығының алдын ала мәліметі бойынша белгісіз себептерден газдың жиналуы», - делінген қалалық ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Оқиға орнына жеке құрамында 29 адам және 6 техника бар Шымкент қаласы ТЖД өрт сөндіру қызметі, Апаттар медицина орталығы филиалының, жедел-құтқару жасағының 8 қызметкері, 2 техникасы, жеке құрамында 20 адам бар Полиция департаментінің өкілдері мен 7 техника жұмылдырылды.