ҚАЛА АУМАҒЫН ТОЛЫҚ ТАЗА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ АТҚАРЫЛУДА

ҚАЛА АУМАҒЫН ТОЛЫҚ ТАЗА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ АТҚАРЫЛУДА

Бүгінгі таңда, облыс орталығы ауыз сумен Кентау қаласындағы Біресек су кен орынынан 600 дм құбырмен сағатына 1 590 м3 және Мырғалымсай ескі кен орнынан 800 дм құбырынан сағатына 3 200 м3 мүмкіндігімен қамтылуда.
Қазір аталған құбырлар арқылы сумен қамтылу Шобанақ елді мекеніндегі 40 000 м3 резервуарынан және әкімшілік – іскерлік орталығының жоғарғы жағынан салынып жатқан 16 000 м3 су жинау резервуарынан құйылып, тұрғындарға жеткізілуде.
Бұдан бөлек, «Түркістан Су» МКК меншігіндегі 21 су ұңғымасы және «Арыс теміржолы» ЖШС-нің меншігіндегі 14 су ұңғымасы арқылы қала аумағына су жіберілуде.
Еске салар болсақ, Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында:
— Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес. Үкімет жаңа инфрақұрылымдық жоспарда осы саладағы барлық түйткілді ашық көрсетіп, оны шешу жолдарын анықтауға тиіс. Су электр станцияларын дамыту мәселесі назардан тыс қалмайды. Электр қуатымен, жылумен және сумен қамтамасыз ету – технологиялық тұрғыдан алғанда тығыз байланысқан біртұтас жүйе. Оған экономиканың аса маңызды жеке саласы ретінде қараған абзал. Осы салаға қатысты қазіргі ұстаным негізінен өзектілігін жоғалтты. Енді жаңа шешімдер керек, — деген болатын. Осыған орай, пресс-тур барысында сарқынды су айдау станциясы мен тозығы жеткен ауыз су жүйесін ауыстыру жұмыстары жөнінде ақпарат берілді. Дәлірек айтсақ, «Түркістан-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директорының орынбасары Сейілбек Дайрабай мекеме жұмысымен таныстырды. Атқарылатын ағымдағы жұмыстардың жоспарымен бөлісіп, арнайы сарқынды су айдау станциясына алып барды.
Мемлекет басшысы осы тұста өте дұрыс әрі керек дүниені сөз қылды. Яғни, тарифті инвистицияға айыр бастау. Мұндағы мақсат қолданыстағы отырған су жүйелерінің тозығын азайту яғни пайызын азайту. Мысалы, бізде 2019 жылдары 101 шақырымды тұрғындардың өздері жүргізген су құбырлары болған болатын. Міне осындай дүниелерді азайту мақсатында және халықты таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында келер жылдан бастап тарифтерді көтеру ұсынылуда.
Қазір шаһарымыздың «Жаңа қала» аймағында 99 көпқабатты үйлер және 77 көпқабатты мекмелер бар болса, «Отырар» мөлтек ауданында 91 көп қабатты үйлер бар. Міне, осы үйлердің бәрі, тіпті аталмай қалған мөлтек аудандар да Кентау – Түркістан топтамалы су құбыры арқылы толық қамтамасыз етіліп отыр. 2015 жылы Республикалық бюджеттен қаржы қарастырылып, Түркістан мен Кентау қалаларының жер қойнауындағы судың қай уақытқа дейін жететінін есептеген болатын. Сондағы есеп көрсеткіші бойынша 27 жылға жетеді деп топшалаған.
2020 жылға дейін біздер сол «Бір есектен» су алып отырған болатынбыз. Яғни ол тауды жарып шығып тұрған бұлақтың таза суы. Ол су осы уақытқа дейінде Кентау қаласының көше бойларымен ағып немесе шахтадағы жұмысшыларға келіп отырған су болатын. Ал сол аталмыш бұлақ бойында 11 су ұңғымасы бар. Сол 11 су ұңғымасының төртеуінен қосылып Кентау – Түркістан топтамалы су құбырлары арқылы Шобанақтағы су қоймаға жинап, сол су қоймасынан біздің шаһарымызға беріліп отырған. Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістан халқының тұрғындарына ауыз су толықтай сол Кентау қаласынан келеді. Өткен 2020-2021 жылдары «Бір есек» бұлағынан қосымша су тартпақшы болған. Бірақ, «Хантағы» елді мекенінің тұрғындары өз наразырықтарын білдіріп, бүгінгі таңда «Мырғалымсай» мекемесіне су жүйелерін тартып, тазарту құрылғыларын орнатып, бүгінгі таңда Түркістан – Кентау тұрғындарына таза ауыз су беріліп отыр. Тағы бір айта кетер жағдай, Шобанақ елді мекеніндегі бұрынғы су қойманың сыйымдылығы 10 мыңнан 20 мыңға дейінгі су қойма еді, ал қазір 40 мыңдық су қойма болып, өз пайдасын халық игілігіне тигізіп отыр. Егер алдыңғы жылдармен салыстырмалы түрде қарасақ 2021 жылдары сағатына 1300-1400 куб су келіп отырған болатын. Ал қазір тіпті күз, қыс мезгілдерінде сағатына 1700 куб су келіп отыр. Ал жаз айларында 2500 кубқа дейін көтеріліп, тұрғындарды сумен қамтамасыз етіп отырмыз.
Ел тұрғындарының толықтай ауызсумен қамтамасыз етілуі кезек күттірмейтін мәселе екені белгілі. Осы орайда, облыс орталығы атанғанына 5 жыл толған Түркістан қаласындағы жасалынып жатқан жұмыстар да көзге қуаныш, көңілге жұбаныш болып келеді. Себебі, аздаған уақыт ішінде ауқымы кең қиындықтың шешілуі жолға қойылып, тұрғындардың тұрақты судан таршылық көрмеуі үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Сөзіміздің дәлелі ретінде, 42014 абоненттің 41552-сі ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілгенін айтсақ болады. Биылғы жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу басты міндет екенін айтқан болатын қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.
Айта кетейік, жүйелі жоспарға негізделген іс-шаралар аясында қаламыздағы ауыз су, сарқынды су мәселесіне жауап беретін «Түркістан-Су» мекемесіндегі ескі әрі тозығы жеткен обьектілер жаңартылып, жөндеуден өтуде. Сондай-ақ, қысы-жазы халыққа қалтқысыз қызмет ететін жұмысшылардың жалақысын жоғарылату тақырыбы да назардан тыс қалмады. Мекеме басшыларының бірнеше ұсыныстары жүзеге асса, тұрғындар үшін ауыз су мәселесі бұрынғыдан да тиімді бола түспек.
Ауызсу мәселесі Түркістан қаласына ғана тән қиындық емес. Бұл республикалық деңгейде шешімін шегелеп, мәселесі май шаммен қаралуы тиіс болып тұрған жұмыс. Сөзіміздің дәлелі ретінде ағымдағы жылдың мамыр айында өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың ескертпесін келтіре кетсек болады. Ол, 2025 жылға дейін елдегі барлық қалалар мен ауылдар 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз етілуі керектігін айтқан.
«Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз су мәселесін шешуді талап етеді. Тіпті, Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Бұл ретте, суды үнемдеу маңызды сұрақ болып отыр. Өкінішке орай, көптеген азаматтарымыз суды үнемдегісі келмейді. Бұл сұрақты шешу үшін саналы цифрландыру және тиімді тарифтерді енгізу қажет»,- деген болатын Әлихан Асханұлы.
Түркістан қаласындағы су мәселелері бойынша жауапты «Түркістан Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қала аумағындағы атқарып жатқан жұмыстары жайлы есеп беріп, тұрғындардың 24 сағат бойы үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етіліп отырғанын айтты. Таза тіршілік нәрі бүгінгі таңда Шобанақ елді мекені жанындағы қоймаға су жиналып, Түркістанға жеткізілетін көрінеді. Жалпы қала ішіндегі су құбырлары бір мың жеті жүз сегіз мың метрді құрайды. Оның ішінде 142 шақырымының жүз пайыз тозығы жетіп, қазіргі таңда қалалық бюджеттен қаржы бөлінгенін және жөндеу жұмыстарының басталып кеткенін де тілге тиек етті Бауыржан Серікұлы.
Нәтижесінде қала аумағының таза ауыз сумен қамтылуы 98,9 %-ы құрап отыр. Қалған аумақтарды да таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жыл соңына дейін Яссы және Шауғар шағын аудандарының су құбыры желілерін реконструкциялау жұмыстары толық аяқталып, таза ауыз су қолданысқа берілмек.
Сонымен қатар, Н.Төреқұлов көшесі аумағындағы тұрғын үй массивін ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысы жүйелі жүзеге асырылуда.
Аталған жұмыстар аяқталғанда шаһар толығымен таза ауыз сумен қамтылады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның былтыр атқарған жұмысы туралы есеп берілді, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап. «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен...