Түркістан қаласында 32 саябақ, 49 гүлзар және 16 жасыл алаң бар.
Оларды күтіп-баптау жұмыстары қалалық әкімдік тарапынан қатаң бақылауға алынған.
Мәселен, жалпы аумағы 320 мың гектар аумақты құрайтын қаладағы талдар дәріленіп, тыңайтқыштармен қоректендірілген.
Бұдан өзге, саябақтар мен гүлзарларда кіші сәулет мүсіндері, орындық, жарықшамдар, аяқжолдар мен балалар ойын алаңдары сырланып, қайта қалыпқа келтірілді.
Жыл басынан бері 209 мың гектар аумақта 314 мың дана ағаш көшеттері егілген.
Жалпы аумағы 7 гектарды алып жатқан Төле би саябағы қарт қаланың ең маңызды территорияларының бірінде орын тепкен. 5 гектар жері көгалдандырылған жасыл желекті аймақта 2000 түп тал егілген. Дәлірек айтар болсақ, 1 260 дана терек талы, 200 дана айлант, 340 дана қарағаш, 100 дана шынар мен 100 дана үйеңкі ағашы аталған демалыс орнының ажарын ашып қана қоймай, ауасының тазара түсуіне әсер етіп тұр. Ұңғыма арқылы суарылу жүйесі жасалған бұл маңда 1000 дана гүл шоқтары егілген. Сарқырап аққан салқын фонтандары жаздың аптап ыстығында таптырмас сая. Сонымен қатар, балалар үшін ойын алаңшалары да орын тауып, жанға жайлы демалыс үшін бар жағдай жасалған деуге толықтай негіз бар. «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС мердігерлік еткен саябаққа Төле би бабамыздың есімі берілгені орынды. Себебі, бұл тынығу орнының өзі де Төле би көшесінде орналасқан.
Шаһар тарихында ойып тұрып орын алатын демалыс орындарының көшін «Жеңіс» саябағы бастайды. Қарт қаланың кешегісі мен бүгінгісіне куә бұл саябақ 2019 жылы күрделі жөндеуден өтті. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне аталған саялы орынның қазіргі келбеті көз қызықтырарлықтай. «Жеңіс» саябағындағы балаларға арналған ойын алаңшалары, аттракциондар, заманауи скейт-парк пен футбол алаңы демалыс үшін таптырмас орын етіп тұр. Қаланың қақ ортасында орын тепкен демалыс орынында 3000 шаршы метрге гранит төсегіш төселіп, 2500 ағаш отырғызылған болатын. Саябақ аумағы толықтай түрлі-түсті жарықшамдармен жарақтандырылған. Сонымен қатар, шахматтық дизайнда құрғақ фонтан бой көтеріп, тас жолдар төселген.
2019 жылы құрылысы басталып, іргетасы қалана бастаған нысанды Мемлекет басшысына сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өзі таныстырған. 2021 жылы пайдалануға берілген саябақ шынында да келушілердің көзайымына айналды. Киелі қаланың көркіне көрік қосып, ажарын аша түскен демалыс орнын Алматы, Ақмола және Қарағанды облыстары жаңарған Түркістанға тарту еткен. Мердігер компания «Bazis Construction» ЖШС жалпы жер көлемі 30 гектарды құрайтын демалыс орнына өзіндік ерекше стиль қалыптастыра білген. Мәселен, «Түйелер керуені» композициясы бұл жерге ерекше шығыстық рең береді. Шөлді сүйетін жануар қала тарихында ерекше орын алады, сондықтан түйе бейнесі бар мүсіндер көшелерде жиі кездеседі. Үлкен аумақты алып жатқан бұл жерде 2 301 дана ағаш отырғызылып, 5 363 дана бұталар, 3,36 гектар жерге гүлдер отырғызылған. Түркістанды жасыл желекке айналдырып, қаланың табиғатына, климатына әсер етуді көздеген әкімдік «Жібек жолы» саябағындағы ағаштар санын әлі де арттыруға ниетті.
Демалысыңызды пайдалы және ләззатпен өткізумен қатар, көптеген биік-биік ағаштар арасымен серуендеуді қаласаңыз «дендросаябаққа» бет алыңыз. Қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша салынған бұл нысанның басты мақсаты — шаһарды абаттандыру және қала тұрғындары мен қонақтары үшін серуендеуге қолайлы жағдай жасау. Сондай-ақ, Түркістан қаласында жасыл желектердің санын көбейту.
Саялы саябақ 2022 жылы тұрғындарға пайдалануға берілген. Құрылысына 717,7 миллион теңге жұмсалған. Жалпы ауданы 28 мың шаршы метрді алып жатқан демалыс орнында жаз айларында түркістандықтар мен қала қонақтарына жаяу жүріп, таза ауада тыныстап, велосипед теуіп, көңіл көтеріп қайтуға мол мүмкіндіктер қарастырылған.
Саялы орын жыл сайын түрленіп, гүлденіп келеді. Биыл да жаңарту жұмыстары қарқынды жүрді. Бір жыл бұрын ашылған бұл жасыл желекті аймақ тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді. Мұнда гүл мен ағаштардың көптеген түрі өседі. Ал, әсем орынды жарықтандыру мақсатында 1026 жарықшам орнатылған. Сонымен бірге, мұнда 480 дана арнайы орындық халықтың қолданысына берілген. Мұндағы көз тартар әдемі көріністер көздің жауын алып, тартымдылығымен өзіне баурай түседі. Сол үшін де демалыс бағын аралап, серуен құрған тұрғындар көп.
Саябақтың тазалығы мен қауіпсіздігін қадағалап отыратын арнайы жауапты өкілдер жұмыс жасайды. Соған орай, қонақтарға қоқыс тастауларына ыңғайлы етіп 400-ге жуық қоқыс жәшігі қойылған. Ауасын жұтып, суын ішіп жатқан қоршаған ортамыздың тазалығы үшін бәріміз жауаптымыз.
Қоғамдық кеңістіктің аумағында 13 218 ағаш, 5552-ге тарта бұталар егілген. Саябақ аумағы әлі де жетілдіріліп, толықтырылатынынан да хабардар болдық. Себебі, қала тұрғындары мен қонақтары бос уақыттарын денсаулықтарына пайдалы етіп өткізетін орындардың санын көбейту аса маңызды.
Шаһар көркін ашқан саялы саябақтардың бірі — қаланың Кентау бағытынан кіре берісінен 14 гектар жерге орналасқан, құрылысы 2018 жылдың тамыз айында басталып, желтоқсан айында пайдалануға берілген «Парасат» саябағы. Демалыс орнының құрылыс жұмыстары о баста «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС мекемесі тарапынан жүргізілген. Демалыс аймағының құрылыс монтаж жұмыстарына 260 млн. 742,92 мың.теңге қаржы бөлінген.
Айта кетейік, Парасат саябағы Түркістан қаласы облыс орталығы болғанға дейін құрылысы салынған. Негізгі мақсаты қала тұрғындары серуендеуге, демалуға арналған. Саябақ алғаш пайдалануға берілгенде абаттандырылып, архитектуралық құрылысы жағынан соңғы үлгіде жасақталған болатын. Онда жарық бағаналары мен аркалар, смарт орындықтар, субұрқақтар мен тренажерлік аспаптар, теннис, футбол, баскетбол алаңшалары мен веложолдар және концерт алаңы орнатылған. Саябақты сумен қамтамасыз ету жүйесі толығымен автоматтандырылған болатын. Аумағы 14,0 га құрайтын саябақта кіреберіс арка, аяқжолдар, балалардың емін-еркін спортпен шұғылдануы үшін ойын алаңшалары, сахна, орындықтар, түнгі жарықтар қаралған, түрлі жеміс ағаштары, шыршалар отырғызылған.
Қаланың ең көрікті саябақтарын айтқан кезде 2022 жылы пайдалануға берілген «Денсаулық» саябағы жайында сөз қозғамай кетуге болмайды. «Қалалық инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің» тапсырысымен құрылыс жұмыстары жүргізілген нысанға «Мрамор Гранит Тас» ЖШС мердігерлік еткен. Қазіргі таңда күтіп ұстау жұмыстарын «Жасыл Түркістан» КММ атқарып келеді. Жоба құны 3,0 миллион теңгеге бағаланған баққа 531 түп ағаш егілген. Жалпы аумағы 1,01 гектарды алып жатқан жасыл желек «Түркістан қалалық модульді аурухана» маңында орын тебуінде үлкен мән бар. Себебі, дәл осы денсаулық сақтау мекемесінде дертіне шипа іздеген жандардың бір сәт бой жазып, саялы мекенде демалуына таптырмас орын. Бұл ретте «Денсаулық» саябағы — осындай күрделі міндетті, жауапкершілікті абыроймен арқалап келе жатқан ақ халаттыларға көрсетілген құрмет және қолдау деп санауға болады.
Жалпы аталған саябақта 19 542,5 шаршы метр аумаққа газон төселген. 10 субұрқақ жаздың аптап ыстығында көлеңке іздеп теңселген әрбір жан үшін таптырмас олжа. 2 үлкен жарық шамдары саябақтың кешкі көрінісін де әрлей түскен. Демалыс орнында балаларға арналған ойын алаңы да бар. 101 орындық пен 101 қоқыс жәшігі келушілер үшін қолайлы. «Денсаулық» саябағы қала үшін аса маңызды аумақта орын тепкен. Ол «Ортақ» мөлтекауданы мен Жаңа қала аудандарын тікелей жалғап тұрған аралық. Сондықтан, бұл маңдарда жаңа нысандардың бой көтеруі орынды.
Қарт қаланың тұрғындары мақтаныш тұтатын тағы бір демалыс орны – Президент саябағы. Естеріңізде болса, шаһардың ауа райын жақсартып, көгалдандыруға оң серпін беретін саябақтың ашылу салтанатына ел ағалары, ақсақалдар, әкімдік өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысқан еді.
Жалпы, аумағы 40 гектарға жуық жерде орналасқан Президент саябағында тұрғындар мен қала қонақтарының тынығуына қолайлы жағдай жасалған. Бұрын бұл жер бос алқап болатын. Мұндағы жасанды көлдің сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық. Тереңдігі – 4 метр. Мұнда қайықпен серуендеуге, су спортымен шұғылдануға мүмкіндік бар. Биыл көктемде осы су айдынында триатлоннан Қазақстан кубогы жолындағы жарыс өткізілді. Мамандар мен спортшылар Түркістандағы жасанды көлге оң пікірлерін білдірген болатын.
Аталмыш саябақтың көгалдандырылған аумағының көлемі – 25 гектарға жуық, 3500 шаршы метрі гүлмен көмкерілген екен. Аллея, субұрқақтары мен балалар ойын алаңшалары, орындықтары мен жүгіру және веложолы бар. Сонымен бірге, жаңа саябақта 7 мыңнан астам ағаш, 43 мың түптен астам гүл егілген. Әлемнің бірнеше мемлекетінен елімізде сирек кездесетін ағаш түрлері отырғызылып, жарықшамдар орнатылған.
Бұл қаламыздағы саялы саябақтардың бір тізбегі ғана. Көркіне көз тоймайтын демалыс орындары әлі де жеткілікті. Саннан сапаға көшуді талап еткен бүгінгі уақытта 45 саябақтың барлығына емес, олардың жылдар өтсе де өзіндік тартымдылығын жоғалтпағанына мақтануымыз қажет. Осы орайда, жауаптыларға артылар жауапкершіліктің жүгі ауыр. Ауқымы ай санап артқан қасиетті қалада әлі талай жасыл желекпен көмкерілген саялы саябақ бой көтереріне күмән жоқ.
Әр нысанның алдында межелі уақытта біту дейтін үлкен жауапкершілік пен нақты жоспар тұр. Осы ретте қала тұрғындарына ерекше әсер сыйлайтын «JIBEK JOLY» саябағын сөз еткелі отырмыз.
Экономикалық тұрғыдан алсақ, саябақ жанындағы жылжымайтын мүлік тамаша инвестиция болып табылады. Мұндай баспананың жылжымайтын мүлік нарығындағы мәртебесі жоғары және «ерекше» болып саналады. Оны қайталама нарықта табу қиын, ал сәті түсіп жатса, онда оның бағасы жоғары. Сарапшылардың айтуынша, сатып алушылардың мұндай үйлерге деген қызығушылығы бағасы сынды жыл сайын артып келеді. Бұл аудандардағы жалдау құны да біршама жоғары.
Саябақ Шымкент қаласы бағытынан кіреберіс сол қанатта, нақтылап айтар болсақ, Бекзат Саттарханов даңғылының оң қанатына орын тепкен. Ауқымды жоба 30 гектар аумақты алып жатыр. Оның ішінде 12.5 гектары аттракциондар саябағы ретінде жобаланған. 5 гектары аллея жұмысы болып табылса, қалған 12.5 гектары ландшафты серуендеу аймағы болып саналады.
Әлемдік тәжірибелерді көзде ұстай отырып шаңырақ көтеріп жатыр деуге болады. Көршілес Ресейдің Краснодар қаласында салынған «Краснодар» саябағы осының баламасы. Жер көлемі жағынан 22.7 гектар аумақты алып, толып жатқан ерекшеліктерімен әлем назарын аударыпты. Ал киелі қаладағы саябақта өзіндік өзгешелігімен, жаңашылдығымен тұрғындар көңілінен шығуда.
Тамаша демалыс орындардың біріне айналған жобаның орналасу аумағын пайыздық көрсеткіш бойынша пайымдай кетейік. Бұл жерде 70%- ды құрайтын еркін серуендеу аймағы келушілерді бірден өзіне тартады. Барлық жағдай жіті қарастырылған. Көркі көз тартатын тамаша көріністер, отырып демалатын орындықтар, аркалар, алуан түс шығарып аспанға атылып тұратын субұрқақтар, ескі заманды есіңе түсіретін түйелі керуендер мүсіні секілді бар кереметтер орналасқан. Жарық бағаналары да ерекше түс алған. 25%-ын алып жатқан демалыс орнын да жаяу жүргіншілер жолы, теннис үстелі, футбол, баскетбол алаңдары, веложолдар салынған. Балалардың емін-еркін ойнап, сейілдеуін қамтамасыз ету бағытында түрлі-түсті ойын алаңшалары да бар. «Ертегілер әлемінде» деп аталатын арнаулы орын ойластырылған. Енді қалған 5% келушілер үшін автотұрақ қызметін атқарады. Сонымен бірге сусын, шай, кофе секілді ішіп-жем сатылатын кіші бутиктер жұмыс жүргізуде.
Саябаққа барушыларды бірден таңғалдыратыны аспанмен таласып тұрған еңселі есік болатыны күмəнсіз. Таңғала және қызыға аяқ басқандарды өзіне жетелейтін тағы бір орын орталық алаңдағы «Әлем шатыры» мұнарасы. Айналмалы тас жол арқылы төбесіне шыға қалсаңыз төңіректің төрт бұрышына көзіңіз жетеді. Ол бейне бақтың дүрбісі секілді. Қай жерге қандай нысандар орналасқан, қай төңіректен бастап қыдыруға болады деген сұрақтың бәріне жауап табылады.