Түркістан – түркі дүниесінің рухани астанасы. Ғасырлардан жалғасқан тылсым тарихтың қойнауына айналған киелі мекеннің барша Тұран даласын мекен еткен бабаларымыз үшін қастерлі, қасиетті орын екеніне күмән жоқ. 2018 жылы еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен облыс орталығына айналған шаһар 5 жыл ішінде адам танымастай өзгергеніне көз куә. Алыс-жақын елдерден ат терлетіп келіп жатқан туристер де, атақоныс мекенді тұрғылықты қонысына айналдырып, көшіп келген тұрғындар да күн санап көбеймесе, кеміген емес. Сондықтан да, қаладағы инфрақұрылымды реттеп, шешімін табу аса маңызды.
Ел тұрғындарының толықтай ауызсумен қамтамасыз етілуі кезек күттірмейтін мәселе екені белгілі. Осы орайда, облыс орталығы атанғанына 5 жыл толған Түркістан қаласындағы жасалынып жатқан жұмыстар да көзге қуаныш, көңілге жұбаныш болып келеді. Себебі, аздаған уақыт ішінде ауқымы кең қиындықтың шешілуі жолға қойылып, тұрғындардың тұрақты судан таршылық көрмеуі үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Сөзіміздің дәлелі ретінде, 42014 абоненттің 41552-сі ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілгенін айтсақ болады. Биылғы жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу басты міндет екенін айтқан болатын қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің жыл басынан бері тұрғындармен кездесу нәтижесімен инфрақұрылым саласы бойынша 250-ден аса тапсырма берілген болатын. Тапсырмалар орындалу кестесіне қойылғалы 230-ға жуық тапсырма жүзеге асып үлгерді.
Оның ішінде Сауран секторындағы № 7 және №9 үйлер алдына суару жүйелері тартылып, №16 үйдің кәріз жүйесіне тазаланды. М.Өтемісұлы көшесіне қоқыс жәшіктері қойылып, балалар ойын алаңшасының құрылысы басталды. Сондай-ақ, тұрғындар сұранысы бойынша №22 көше мен Б.Майлин көшесінде тазалық жұмыстары бақылауға алынды.
Ж.Қыдыр көшесіндегі №83, №84 тұрғын үйлердің ауласындағы ауыз су құбырлары жаңартылып, Балақаев көшесі №49/3 тұрғын үйдің жертөлесіндегі кәріз жүйелері қалпына келтірілді.
Баянауыл елдімекенінде кәріз жүйесінің құрылысы басталды.
Тұран мөлтек ауданындағы электр желісі жаңартылып, жаңа трансформатор қойылды. Және Көктем мөлтек ауданы трансформатормен қамтылды.
Саққорған көшесі мен Баққоныс көшесіне, Алғабас және Үржар көшесінің қиылысына балалар ойын алаңшасы салынды.
Одан бөлек, Н.Төреқұлов мектебі алаңында балалар ойын алаңшасы бой көтеруде.
Т.Бокин көшесіндегі көппәтерлі үйлер ауласындағы абаттандыру жұмыстарының 90% жұмысы жасалып үлгерді.
Тапсырмалардың жүйелі орындалуы қала әкімінің бақылауында. Бүгінде қалған тапсырмалар бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда.
Өткен жылғы көрсеткіштер бойынша Түркістан қаласында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 333,6 шқ. (39,5 %) құраған болатын.
2023 жылы аталған көрсеткіштерге едәуір өзгеріс енді.
Жыл басынан бергі орындалған жөндеу жұмыстарының нәтижесінде асфальт жолдың үлесі – 399,34 шқ (47,2%), тас жолдың үлесі- 445,6 шқ (52,8%) жеткен.
Көрсеткіштер бойынша, 48 көше орташа жөндеуден өтіп, Ә.Жангелдин, І.Қожабаев, Қазыбек би – О.Жарылқапов аралығындағы жол мен Қалаби көшесіне күрделі жөндеу жалғасуда.
Одан бөлек, Теміржол вокзалы және Түрік ауылы аумағында жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталды.
Сондай-ақ, тұрғындар жайлылығын қамту үшін биыл 43 көшеге жаяу жүргіншілерге арналған жол салу жоспарланған болатын.
Қазіргі таңда, 38 көшеде жаяу жүргінші жолы салынды. Аталған жұмыстардың дені әлеуметтік нысандар орналасқан көшелерде жүзеге асты.
Жыл басынан бері, шаһарда 78 шақырымды құрайтын 79 көшеге тас төселді.
Қоғамдық көліктер қатынасы бойынша тұрғындар сұранысына сәйкес бірқатар бағыттарға өзгерістер енгізілді. Соңғы бес жылда облыс орталығына жалпы 134 жаңа автобус әкелінген.
Сыйымдылығы жоғары жаңа автобустар №1, 1а, 2а, 6, 10, 14, 15, 17, 18, 20, 30, 5, 5а бағыттарында іске қосылып, қосымша №16 бағыт жұмысын бастады.
2023 жылы шаһардағы жарықшаммен қамтылған көшелер үлесін 86 пайыздан асыру жоспарланып, биыл 184 көшеге жарықшам орнатылды.
Ел президенті таяуда Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі маңызды проблемалардың бірі су тапшылығы мәселесі екенін мәлімдеді. Ол суды үнемдеу технологияларын қолға алуды тапсырды.
“Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер”, – деді ол. Тоқаев елдегі су тапшылығының зардабын азайту үшін тиісті сараптамалар мен талдаулар қажет екенін жеткізді.
Бұл орайда, Түркістан қаласының 98,9% (41 100 абонент) сапалы ауыз сумен қамтылған. Шаһарға ауыз су Кентау қаласындағы Біресек (1590 м3/сағ) су кен орнынан басталып, Мырғалымсай ( 3200 м3) су кен орнынан тартылуда. Биылғы жылы ауыз сумен қамту көрсеткішін 99,5%- ға жеткізу жоспарланған. Аталған жоспар аясында бүгінде 4 нысанының құрылысы жүзеге асуда.
«Мақта зауыт», «1-2 мөлтек аудандар» «Иассы» және «Шауғар» мөлтек аудандарындағы ескірген ауыз су құбырлары жаңартылуда. Аталған жұмыстардың нәтижесінде 10 178 абонентке су жеткізу сапасы жақсарады.
Түркістанды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін пайдаланатын су алу көздері Біресек және Мырғалымсай су жинау резервуарлары. Қала тіршілігі үшін аталған аса маңызды нысандарда 72 000 шаршы метр су жиналып, халыққа беріліп келеді. Резервуарлардағы таза суды елге жеткізу күн тәртібіндегі елеулі мәселелер тізбегінен түспек емес. Атқарылған жұмыстардың көптігімен қоса, облыс орталығына қоныс аударып, күн санап артып келе жатқан халық саны да естен шықпауы керек. Демек, атқарылар жұмыстардың да бір сәтке толастамасы анық.
Халық әлеуетінің артуына инфрақұрылымның тұрақтануы аса маңызды. 2021 жылы Шобанақ пен Әкімшілік-іскерлік орталығы су жинау резервуарлары арқылы тұрғындарды 82,5 пайыз таза сумен қамтамасыз еткенін еске алса, қала басшылығының бүгінгі көрсеткіштері жүйелі жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесі деуге толықтай негіз бар.
Ауызсу мәселесі Түркістан қаласына ғана тән қиындық емес. Бұл республикалық деңгейде шешімін шегелеп, мәселесі май шаммен қаралуы тиіс болып тұрған жұмыс. Сөзіміздің дәлелі ретінде ағымдағы жылдың мамыр айында өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың ескертпесін келтіре кетсек болады. Ол, 2025 жылға дейін елдегі барлық қалалар мен ауылдар 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз етілуі керектігін айтқан.
«Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз су мәселесін шешуді талап етеді. Тіпті, Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Бұл ретте, суды үнемдеу маңызды сұрақ болып отыр. Өкінішке орай, көптеген азаматтарымыз суды үнемдегісі келмейді. Бұл сұрақты шешу үшін саналы цифрландыру және тиімді тарифтерді енгізу қажет»,- деген болатын Әлихан Асханұлы.
Түркістан қаласындағы су мәселелері бойынша жауапты «Түркістан Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қала аумағындағы атқарып жатқан жұмыстары жайлы есеп беріп, тұрғындардың 24 сағат бойы үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етіліп отырғанын айтты. Таза тіршілік нәрі бүгінгі таңда Шобанақ елді мекені жанындағы қоймаға су жиналып, Түркістанға жеткізілетін көрінеді. Жалпы қала ішіндегі су құбырлары бір мың жеті жүз сегіз мың метрді құрайды. Оның ішінде 142 шақырымының жүз пайыз тозығы жетіп, қазіргі таңда қалалық бюджеттен қаржы бөлінгенін және жөндеу жұмыстарының басталып кеткен болатын.