Облыс орталығында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатындағы жұмыстар бір сәтке де толастап жатқан жоқ. Соның ішінде шаһардағы инфрақұрылым жүйелерінің кем-кетігін заман талабына сәйкестендіру ісі қарқынды жүргізілуде десек артық айтқандық болмас.
Сөзіміздің дәлелі ретінде апта сайын өңір басшысы Дархан Сатыбалды аталған сала бойынша тиісті нысандарды аралап, ондағы жұмыс барысымен танысуды әдетке айналдырған. Осындай кезекті сапар осы аптада тағы да жалғасын тапты.
Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Түркістан-Су» МКК ұйымдастыруымен 2023 жылға арналған жұмыстар бойынша баспасөз туры өтті. Аталған кездесуге Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Ақтілеу Балғабекұлы, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сарсенбаев, қалалық мәслихат депутаттары Бекахмет Абусейтов, Ғалымжан Худияров және аталмыш мекеменің директоры, қалалық мәслихат депутаты Ақниет Асылов пен БАҚ өкілдері қатысты. Баспасөз турының негізгі мақсаты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 1-қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мәселелерді басшылыққа ала отырып, инвестициялық бағдарламаның орындалуы, кәсіпорын объектілерін қайта жаңарту, активтерін жетілдіруді көздеді.
Атап айтсақ, Түркістанда 65,7 шақырымды құрайтын 48 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ә.Жангелдин, І.Қожабаев, Қазыбек би — О.Жарылқапов көшелерінің аралығы және Қалаби көшесі құрылыс жұмыстары барысында жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол, веложол, суағар науа, көпір салынады.
Ұзындығы 7,4 шақырымды құрайтын жол қала тұрғындарының бірнеше бағытта жүруіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін, қаланың орталық көшелеріндегі көлік кептелістері азайып, қала тұрғындары үшін жаңа қоғамдық көлік бағыттары ашылады.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған құрылыс алаңдарын аралап, қаланың маңызды әлеуметтік нысандары мен инфрақұрылымы-ның дайындығына баға берді. Құрылыс алаңында болып, мердігерлермен кездесті. Жұмыс сапасына басты назар аударуды тапсырды. Сонымен бірге, облыс әкімі шаһардағы бірнеше жолдардың құрылысын пысықтады.
жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған және де осы күнде қызу қайнап жатқан жұмыстарымыз жетерлік. Оларға нақты тоқталып өтсек, 2022 жылғы Түркістан қаласында жүргізілген жолдың құрылыс және орташа жөндеу жұмыстары нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 333,6 шақырым (39,5 %) құрағанын еске сала кетейік.
Ал 2023 жылдың қорытындысымен, орындалған орташа жөндеу жұмыстарының нәтижесіне сәйкес, алдағы уақытта 399,34 шақырым (47,2%) асфальт жолды, 445,6 шақырым (52,8%) тас жолды құрайтын болады.
Жол саласы бойынша 2022 жылы қала аумағындағы сарқынды су жүйесі жүргізілген, сонымен бірге, қоғамдық көліктер қатынайтын 46,4 шақырымды құрайтын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарға алынды.
Қазіргі уақытта, соның 24,1 шақырым құрайтын 23 көшесінде, тұрғындардың назарына ұсыну үшін жекелей айта кетер болсақ, Қызылкөл, Сарыжылға, М.Төлебаев, Әубәкір қары, Ы.Алтынсарин, Қазыбек би – А.Юсупов аралығындағы көше, Асан қайғы – Құрбан ата аралығындағы көше, Хақназар хан – Қазыбек би көшелері аралығы, Саққорған, Айтуар би (Алтынемел, Алаша байтақ жырау және Саққорған көшелер аралығы), Тартоғай, Алаша байтақ жырау, А.Ахметов, Бабай батыр, Хақназар хан, Құрбан ата, О.Тілепов, Әйтеке би, Қ.Әзербаев, Ж.Усманов, Еділ, Дулыға батыр – Құмтүйін тас жолы аралығындағы жол, Абақ батыр көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қалған 17 көшеде орташа жөндеу жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақша және т.б.) баратын және соларға қосалқы жатқан 43 көшеге аяқжол салынып жатыр.
Түркістандағы құрылыс нысандарын аралаған облыс әкімі шаһарды сумен қамтитын «Түркістан-Су» мекемесінің жай-күйімен танысты. Мамандардың айтуынша, 27 КНС және сарқынды су тазалау ғимаратының сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жөндеуді қажет етеді.
Бұл Түркістан қаласының 40 мыңға жуық тұрғыны мен 629 әлеуметтік нысандарға 24 сағат тоқтаусыз таза сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын. Қазіргі уақытта 1965-1982 жылдардан бері салынған су құбырлары бюджет есебінен алмастырылып жатыр. 10 сарқынды су насос станциялары ағымдағы жөндеуден өткізіліп, жаңа насос және желдеткіш қондырғыларымен қамтамасыз етілуі қажет.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласы ауыз сумен толық Кентау-Түркістан су топтамалары арқылы «Ащысай-су» МКК-нан қамтамасыз етіліп отыр.
Бұдан бөлек, қаладағы тағы бір мәселеге тоқсалсақ па дейміз. Бұл да облыс әкімінің назарындағы жағдай дегіміз келгені ғой. Қазіргі таңда, қаламыздағы білім нысандарының бірқатары қайта жаңғыртуды қажет етеді. Рас, Түркістан қаласында жыл өткен сайын білім нысандарының саны арта түсуде. Әсіресе жеке кәсіпкерлер есебінен бой көтерген мектептер шаһардағы мектеп сыйымдылығы тұрғысында туындаған мәселелерді шешуге сеп болуда. Десе де қаланың кей аймақтарында жеке мектеп-балабақшаларға сұраныс аз болғандықтан ба, мемлекеттік білім мекемелері тұрғындардың қажеттілігін өтеп отыр. Бірақ, бұл бағытта сапалы білім беруде көнерген мектептердің әлеуеті төмен болып тұр. Түркістан облысы демографиялық өсімі жоғары өңір екені анық. Өңірде мың мектепте 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Сол білім ұяларының 121-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Түркістан қаласының аумағында 42 мың оқушыны қамтитын 34 мектеп бар. 7 мектеп ескірген.
Түркістан облысында білім саласына қатысты бірнеше өзекті мәселе шешіліп жатыр. Облыста бес жылда жаңа 86 мектеп салынды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді. Ол ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында білім саласына баса көңіл бөлініп жатқанына тоқталды.
Өңір басшысының айтуынша, облыста білім беру саласында 2511 ұйым қызмет көрсетеді. 1 372 мектепке дейінгі ұйымда 155 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 98%-ды құрайды. Облыста жалпы 1000 мектепте (мемлекеттік – 907, жеке – 93) 515 мың оқушы білім алады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылы 34 мектептің құрылысы аяқталды (бюджет – 21, жеке инвестиция – 13). 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында қазір 33 мектеп салынуда. Оның ішінде, «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы биыл 9 мектептің құрылысы жүруде. Биыл 20 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен 3 жылда 63 мектеп салынады.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, 894 мемлекеттік мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Осы арқылы бейнебақылау, турникет, қоршау, дабыл түймесі орнатылады. Арнайы күзет қызметімен қамтылады. 1-4 сыныптағы оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді.
Осы мәселелерді басшылыққа алған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды №7 С.Ерубаев мектеп-интернатының жай-күйімен танысты. Күрделі жөндеуді қажет ететін 500 орындық мектеп 1976 жылы салынған. Білім ұясының 420 орындық жатақханасы бар. 2000 жылы ағымдағы жөндеу жүргізілген. Мектептің ішкі сылағы түсіп, инженерлік жүйелері тозған.
Өңірдегі білім ордаларын күрделі жөндеуден өткізу уақыт күттірмейтін іс. Ол үшін қомақты қаражат керек. Облыс басшысы сала мамандарының жауаптарын тыңдап, оларға проблемалық мектептер туралы барлық ақпаратты ұсынуды тапсырды.
— Балаларымызға қолайлы жағдай жасау үшін бар күшімізді салуымыз керек. Өңірдегі тозығы жеткен білім ошақтарын толық тексеріп, қысқа мерзімде ұсыныс беруді тапсырамын, — деді Дархан Сатыбалды.
Күрделі жөндеуді қажет ететін әлеу-меттік нысандар арасында балабақшалар да бар. Солардың қатарында облыс әкімі «Айгөлек» балабақшасының жай-күйімен танысты. Ескі ғимарат соңғы 15 жылдан бері жөндеу көрмеген. Бақша ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл жөнінде да тиісті тапсырмалар беріліп, балабақша-ның жөндеуден өтуі тиіс екендігі айтылды.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы қарқынды даму үстінде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аймақта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті артып келеді. ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осы саладағы жұмыстарға тоқталды.
Облыста мал басы және өнімділігі орташа есеппен 4%-ға өсуде. Ет экспорты бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орында тұр. Ірі қара мал етінің үлесі – 85%, ұсақ мал 60% құрайды. Биылғы бес айда бес мың тонна ірі қара мал еті, 3 мың тоннаға жуық қой еті экспортқа жөнелтілді.