Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Осы қысқа ғана уақытта облыс пен Түркістан қаласының жаңа дәуірі басталды. Тарихи шаһарда 250-ден аса жаңа нысан бой көтеріп, адам танымастай өзгерді.
Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру тапсырмасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.
Жалпы Түркістан облысында соңғы 5 жылда 13 мәдениет мекемесі салынып, пайдалануға берілді. Олардың басым бөлігі облыс орталығында бой көтерді. Тарқата айтсақ, «Фараб» ғылыми әмбебеп кітапханасы, «Ұлы Дала Елі» орталығы, Түркістан музыкалық драма театры, «Конгресс холл» көпсалалы кешені, «Ақжайық» музыка мектебі, Оқушылар сарайы, Амфитеатр, Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығындағы қалалық саябағы, Қожа Ахмет Ясауи музейі, Тұңғыш Президент саябағы және Созақ ауданындағы С.Қожанов атындағы музейі т.б. нысандар бар.
«Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді».
2019 жылдың наурызында өзінің Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарын Түркістаннан бастаған Қасым-Жомарт Толқаев осылай деген болатын.
Түркістанда содан бергі үш жылдан астам уақытта көптеген нысандар бой көтерді. Солардың бірі Конгресс холл.
Конгресс холл көпсалалы кешені – концерттерге, театрландырылған қойылымдарға, байқауларға, ғылыми конференцияларға және басқа да шараларға арналған көпфункционалды мәдени нысан. Жалпы ғимарат үш қабаттан тұрады. Бірінші қабатында мемлекеттік, мерекелік, концерттік іс-шараларды, сонымен қатар, халықаралық жиналыстар, симпозиум, семинар-тренингтер өткізуге арналған 1000 орындық көрермен залы, кафетерий, балалар ойнайтын бөлмесі, галерея, вокал бөлмелері, гримм бөлмелері орналасқан. Екінші қабатында 400 адамға арналған мейрамхана, әкімшілік бөлмелер, мәжіліс залы, үлкен және кіші би залы жұмыс жасайды. Үшінші қабатында түрлі жиналыстар өткізуге арналған мәжіліс залы бар. Ғимарат заманауи технологиялармен жабдықталған.
«Конгресс Холл» көпсалалы кешені халықаралық конференциялар мен форумдардан бастап, әр түрлі форматтағы іс-шараларды өткізуге қолайлы бірегей орын болып табылады.
Барлық техникалық құралдар Еуропалық аппаратуралармен қамтамасыз етілген. Заман талабына сай қызмет көрсететін артықшылықтары бар. Заманауи технологиялармен жабдықталған.
Барлық конференц залдар соңғы техникалық және ақпараттық әзірлемелеріне сәйкес келетін жабдықтармен жабдықталған. Концерт залы 1000 орынға есептелген.
«Фараб» кітапханасы — Түркістан қаласының кітапқұмар оқырмандарының көзайымына айналып отыр. Аталмыш кітапхана көпфункционалды білім кешені болып, заманауи үлгіде жасақталды. Үш қабаттан тұратын білім ошағының сақтау қорында 480 мың кітап қорына арнайы орын белгіленген. Ал бүгінде кітапханада 280 мың кітап қоры бар.
Ғылыми-әмбебап кітапхана Түркістанның мәдени-рухани орталығында салынды. Елімізде теңдесі жоқ жаңа білім алу мекені заманауи технологиялармен жабдықталған жастар орталығына айналды.
Үш қабатты шығармашылық шаңырақ әртүрлі аймақтарға бөлінген. Оқу залдары мен кітап сөрелері іріктеліп, орнатылған. Ең жоғарғы әрі жарық қабатында үлкен кітапхана жайғасқан. Онда Қазақ елінің атақты қайраткерлері мен қаламгерлері мен әлемнің үздік ақын-жазушыларының әр жылдары жазылған туындылары, естеліктері мен күнделіктері жиналуда.
Оқушылар сарайы заман талабына сай жабдықталған. Білім ордасында әртүрлі бағыттағы студиялар мен үйірмелер жұмыс істейді. Орталықта жастардың шығармашылық қабілетін дамытып, бос уақытын тиімді пайдалануына барлық мүмкіндік жасалған. Оқушылар сарайында 1000-нан аса оқушының қосымша білім алуына мүмкіндік бар.
Мұнда Технопарк, «IT SANA» орталығы, Өнер орталығы (кескіндеме, қолөнер, зергерлік өнер, мүсін және керамика, былғары жұмыстары, суретші), Тіл үйрету орталығы (5 шет тілі), Ғылым орталығы, Шығармашылық орталығы (вокал, актерлік өнер, сатира өнері, би, дәстүрлі ән, аспаптарда орындау), шахмат, балалар тележурналистикасы, анимация, фото-бейне түсірілімдерді монтаждау барлығы 60-қа жуық үйірме жұмыс істейді.
Қожа Ахмет Ясауи музейінің аумағы – 3200 шаршы метр. Құрылысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен, «Самұрық-Қазына» компаниясының тапсырысымен «Базис – А» компаниясы жүргізді. Ұлы тұлғаға арналған музейде 100 адам жұмыспен қамтылады.
Қ.А.Ясауидің тарихтағы орны мен қоғамды ізгілендіруге деген еңбегін жаһанға өз деңгейінде толық танытып, насихаттау мақсатында салынған мәдени ошақтың жаңа тұжырымдамасымен танысқан облыс әкімі жоба жетекшілеріне бірқатар міндеттер жүктеді. Ұлы ойшылдың ел руханиятындағы орнын жоғары бағалайтын ол музейді бірегей жобаға айналдыру жолдарын көрсетіп, ой қосты. Мәні терең әрі құнды деректермен қамтылып, жалпы халықты рухани серпілтетін, тарихи танымын оятатын орталық болуы керектігін жеткізді. Жаңа музей ғұламаның іліміне сапар шегіп, күллі шығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған діни қайраткердің еңбектерін дәріптейтін мәдени ошақ болмақ.
Түркістан туризмнің, облыстың ғана емес, үлкен мәдениеттік ошағына айналып келеді. Киелі қалада бой көтерген мәдениет нысандар аз емес. Солардың бірі Түркістан музыкалық драма театры.
4 қабаттан тұратын ғимараттың жалпы көлемі 9700 шаршы метрді құрайды. Мәдени ошақ заманауи үлгіде, барлық талаптарға сай салынып, бір мезетте 510 адам қойылымды тамашалай алады. Қазіргі таңда, театрда «Бөрте», «Фариза», «Шаңырақ» спектакльдері қойылып, қала қонақтары мен тұрғындарын тәнті етуде.
2018 жылдың 18 маусымында Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылып, оның орталығы болып Түркістан қаласы таңдалды. Түркістан қаласының жаңа дәуірі басталды. Бас жоспарған енген объектілердің арасындағы Түркістан музыкалық драма театрының құрылысын Ақтөбе облысы сый ретінде салып беретін болды. Мердігер ретінде BI Group компаниянсы таңдалды. Театр құрылысы 2019 жылы басталып, 2021 жылы аяқталды.
Түркістан музыкалық драма театры 2021 жылдың 11 мамырында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Театр аумағы 11000 шаршы метрді құрайды, көрермен залы 511 адамға арналған.
Сондай-ақ өңірде өткен жылы құрылысы басталған 13 ауылдық мәдениет үйі биыл, яғни жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылмақ. Сонымен қатар, биыл облыста 6 мәдениет үйінің құрылысы басталып, 2024 жылы қолданысқа беріледі.
Бес жылдық белестің қарсаңында, облыс әкімдігінің қолдауымен өңірімізде бірқатар шаралар қолға алынды. Соның бір айғағы – «Фараб» әмбебап-ғылыми облыстық кітапханасының ұйымдастыруымен «Бес жылдыққа — бес әдеби сапар» атты игі жоба қолға алынған. Тараз қаласынан басталған кітап керуені Алматы, Астана, Қызылорда қалаларында жоғары деңгейде кездесу кешін өткізді. Аталған жоба аясында «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясы да жүзеге асты. Жалпы бұл кітапхананың қор сақтау бөлімінде қазіргі таңда 400 мыңға жуық кітап бар.
Сондай-ақ, Түркістанның туристік, мәдени әлеуетін дамыту мақсатында сәуір-шілде айлары аралығына жоспарланған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында әр аудан, қаланың мәдени күндері өтіп жатыр. Аталған мерекелік шара бүгінде шетелдік туристердің де ерекше қызығушылығын арттырды.
Облыстың 5 жылдығына арналған мәні терең мәдени, рухани іс-шаралар алдағы айларда да жалғасады. Атап айтсақ, тамыз айында «Арыс жағасында» ретрофестивалі мен «Ұлы дала дәстүрі» этнофестивалі, қыркүйек айында «Түркістан дауысы – 2023» республикалық эстрада әншілерінің байқауы, қазан айында дәстүрлі халықаралық «Voice of Turan – 2023» қазақ әндері байқауы, сондай-ақ «Ән, жырым саған, Түркістан» атты Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының концерті т.б. кең ауқымды мерекелік іс-шаралар өтеді.
Еске сала кетсек, қазіргі таңда Түркістан облысында 688 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде 396 кітапхана, 251 клуб мекемесі, 3 театр, 1 орталық, 1 филармония, 1 конгресс холл, 1 фильм мекемесі және 9 саябақ бар.