Тұрғындар саны өскен сайын тұрмыстық тіршілікке қатысты көптеген сұрақтың туындауы заңдылық, яғни өсім бар жерде өзекті мәселелер де болып жатады. Сондықтан аталған мәселелерді дер кезінде шешу – облыс, қала әкімдерінің басты міндеті.
Халық санының артуы, әсіресе тұрғын үй, мектеп, әлеуметтік нысандардың салынуын қажет ететіні анық. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында Түркістан қаласында 7 мектеп салынатынын айта кетелік. Оның ішінде 2 мың орынды 3 мектеп екі жылда ел игілігіне берілмек. «Дарын» мектебі мен 4 тілде білім беретін халықаралық білім ордасы да ашылмақ. Түркістан қаласында жалпы аумағы 250 мың шаршы метрден асатын 100-ден аса көпқабатты тұрғын үй салынады. Атап айтқанда, 9 қабатты 36 үй, 7 қабатты 40 үй және 5 қабатты 20 несиелік тұрғын үй бой көтереді. Сонымен қатар «Жаңа қала» аймағында инвесторлар есебінен көпқабатты 14 тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмақ. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қала тұрғындарымен кездесуінде Түркістан қаласының тұрғын үй қорынан 2023 жылы 720 пәтер беру көзделгенін, оның ішінде көпбалалы 500 отбасына пәтер беру жоспарланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының киелі қалаға ерекше мәртебе беру жөніндегі тапсырмасын орындау бағытында тиісті жұмыстар басталған.
«Бүгінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы дайындалып жатыр. Осы заң қабылданған соң, қала әкімдігі мен мәслихатына қосымша құзыреттер беріледі. Бұл тұрғындардың күрделі мәселелерін тез арада шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы, сауда және қызмет көрсету сұрақтары қала деңгейінде дербес шешіледі», деді Д.Сатыбалды.
Иә, 2018 жылдың жазында облыс орталығы мәртебесі берілген Түркістанда құрылыс ерекше қарқын алып, еліміздегі және шетелдегі ірі алпауыт компаниялары өз қызметін ұсына бастады. Қаланың бас жоспары қайта жасалып, рухани-мәдени және әкімшілік-іскерлік орталықтар бағытында дамытуға басымдық берілді. Екі бағытта да жаңа нысандар салынып, туризм саласы жандана түсті. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарын Түркістаннан бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы қыркүйектегі сапарында көптеген оң өзгеріс болғанын атап өтті.
«Кейінгі жылдары Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артты. Қаланың инфрақұрылымы жаңғырып, жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Атап айтқанда, 77 мың адамға арналған көпқабатты үйлер салынды. Шаһар жасыл желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарды. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады», деді Президент.
Облыс орталығы мәртебесі берілген соң қалада 20 тұрғын үйдің (1 200 пәтер) құрылысы басталды. Ол көпқабатты 20 үйдің құрылысы 2019 жылы қабылдаудан өтіп, түрлі санаттағы тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға берілді. Сонымен қатар «Түркістан» ӘКК АҚ жеке инвесторлар есебінен салынатын үйлерге тапсырысшы болып, нәтижесінде қалада «Арман», «Сырдария», «Яссы» деп аталатын 5 қабатты 50 үйдің құрылысы басталды. Осылайша, өз қаржысына пәтер алуға ниетті азаматтарға да мүмкіндік жасалды. Түркістанның облыс орталығы болуына байланысты көшіп келген мемлекеттік қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 400-ден аса пәтер берілді. Қалалық құрылыс бөлімі 5 қабатты үйлермен шектелмей жаңа кезеңге бет бұрды. Бас жоспарға сәйкес облыс әкімдігі ғимаратын қоршай салынатын үйлерге де қойылатын талап жоғары болды. Сәулетшілердің жобаларын талқылау нәтижесінде, мақұлданған 7 қабатты 24 тұрғын үйдің (1 452 пәтер) құрылысы 2019 жылы басталды. Астана, Алматы қалаларының сәулетшілері өз жобаларын Түркістанда іске асырып, ерекше үлгідегі үйлер бой көтерді. Төменгі қабаты коммерциялық жайлардан тұратын үйлер күйдірілген кірпіштен немесе құйылмалы темірбетон монолиттен салынды.
Әрине, қарқынды құрылыс қаладағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге оң септігін тигізді. Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, қала бойынша былтыр 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 675-і – тұрақты жұмыс. Ұлттық жобалар бойынша биыл 5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланып жатыр. Басты мәселеге айналған инфрақұрылым алдыңғы қатарға қойылды. Ауызсу, кәріз жүйелері, электр, газ, жылу және тағы басқа да коммуналдық мәселелердің бірден шешімін таппағаны мәлім. Осы кезде 7 қабатты үйлерді жылыту мақсатында елімізде бұрын-соңды болмаған газ тұтынатын пәтерішілік жылыту қазандықтарын орнатуға сынама жүргізілді.
«Елімізде пәтерішілік газ қазандықтарын орнату тек 5 қабатқа дейін рұқсат етілген. Ал бес қабаттан асатын үйлердің құрылыс нормасында немесе заңнамада бұл көрсетілмеген. Бірақ үйлер салынып қойған, шешімін қалайда табуды қажет етеді. Облыстық құрылыс басқармасымен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде, тиісті мекемелердің құрылыс саласы бойынша шығарған бұйрығына өзгеріс енгізіліп, алғаш рет Түркістан қаласында рұқсат етілді. Қойылған талап бойынша жүргізілген жылу жүйесі бүгінгі таңда тұрақты жұмыс істеп жатыр. Жетіқабатты үйлер солай қабылдаудан өтіп, пәтерлері тұрғын үй кезегіндегі азаматтар мен «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында халыққа ипотекалық жүйемен берілді», дейді Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков.
Аталған бағдарлама кезек күткен немесе тұрғын үйге мұқтаж жас отбасыларға таптырмас мүмкіндік болды. Себебі үйлер аяқталған жаңа күйінде 1 шаршы метріне 180 000 теңге болып белгіленген. Сондай-ақ жеке инвесторлар есебінен жүргізілетін көпқабатты үйлердің тізімі артпаса азайған емес. «Nur-Sultan City», «Нұртас», «Сырдария-2» «Караван Сарай», «Yassy Eco Village» деп аталатын түрлі тұрғын үй кешені салынып, өз қызметтерін ұсынып жатты. Бұл үйлердің құнын мердігер өзі белгілеп, халыққа ыңғайлы етіп беріп жатыр. Бюджет есебінен 2020 жылы 7 қабатты 24 үйден соң 9-12 қабатты үйлерге тапсырыс беріліп, сол жылы 65 үйдің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілді. 2020-2022 жылдың қорытындысымен бюджет есебінен 89 үйдің құрылысы жүргізіліп, оның 85 үйі қабылдаудан өтті. Нәтижесінде, 5 500-ден аса пәтер өз иесін тапты. Оның 1 200-ден астамы кезектегілерге тегін таратылса, 4 300-ден астамы ипотекамен сатылған. Тұрғын үй құрылысының қаржыны көп қажет ететіні мәлім. 2019 жылғы жобаларда 1 шаршы метр құны 220 мың теңге болса, 2022 жылға бұл баға 350-400 мың теңгеден асқан. Бұл орайда мамандар оның себебін құрылыс материалдарының жыл санап қымбаттауы, жетіспеушілігі, көп материалдың елімізде өндірілмеуімен байланыстырады. Айта кетелік, Түркістан қаласында 2018 жылы баспаналардың, оның ішінде көпқабатты үйлерде 1 және 2 бөлмелі пәтерлердің сатылу бағасы 4-6 млн теңге болса, 2022 жылы 7-10 млн теңге аралығында болды. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда сұраныс, пәтерлердің сатылу қарқыны төмен. Бұл өз кезегінде жаңа баспаналардың көптеп пайдалануға берілуіне де байланысты болса керек. Дегенмен құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Бүгіннің өзінде 2022 жылдан бері облыстық құрылыс басқармасы салып жатқан 7, 9, 12, 20 қабатты үйлердің (4 мыңнан аса пәтер) құрылысы аяқталуға жақындап, 2023 жылдан бастап қабылдаудан өтетіні белгілі. Оған қоса қалалық құрылыс бөлімі тарапынан 5-7 қабатты 80-нен аса үйдің жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары басталып кеткен.
Құрылыс нысандарының сапасы да – басты назарда. Сапаға қатысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда шұғыл қалпына келтіру жүйелі жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта ашылған жедел әрекет ету бригадалары елге қызмет етіп жатыр. Мысалы, жыл басынан бері жедел әрекет ету орталығының көмегіне 397 қоңырау түскен. Мердігер мекеме тарапынан 136 өтініш бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. «Түркістан жылу» мекемесіне қатысты 124 өтініш қаралып, қажетті жұмыстар мерзімінде ұйымдастырылды. Былтыр әкімдік тарапынан кепілдік мерзіміне сәйкес 52 мердігер мекемеге ескерту берілген. Оның 33-і ұсынылған кемшіліктерді қалпына келтірді.
«2021-2022 жылдары қала аумағында 19 мердігер мекемеге ескерту жолданып, 154 кемшілік қайта қалпына келтірілді. Соттың шешімімен 5 млн теңгеден аса айыппұл өндіріліп, екі мердігер мекеме жосықсыз деп танылған еді. Жуырда жұмыс тобы құрылыс нысандарын аралап шығып, анықталған кемшіліктер бойынша мердігерлерге жұмысты сапалы атқару тапсырылды. Кемшіліктерді түзетуге мерзім белгіленіп, қадағалаушы мен бақылаушы мамандарға ескертілді. Түркістандағы әрбір құрылыс нысаны қатаң бақылауда болады», дейді қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.
Киелі шаһардағы құрылыс жұмыстары тек тұрғын үймен шектелген жоқ. Әкімшілік-іскерлік орталығында салтанаты мен сәулеті сай әкімшілік ғимараттары, «Алатау» медиа-орталығы, «Түркістан арена» стадионы, Оқушылар үйі, Конгресс-холл, заманауи теннис орталығы іске қосылды. Мәдени-рухани орталықта Қ.А.Ясауи мұражайы, «Керуен-сарай» кешені, «Фараб» кітапханасы, «Ұлы Дала елі» орталығы, драма театры, неке сарайы, туризм университеті бой көтерді. Құрылыс қарқыны әлі де бәсеңдемей, қаланың бас жоспарына сәйкес жүйелі жүргізіліп келеді.
Түркістан қаласы соңғы бес жылда ерекше қарқынмен дамып келе жатқанын өздеріңіз де білесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қадағалауымен қалада көптеген жұмыстар жүзеге асып жатыр. Соның соңғы күндері қолға алынған бір-екеуіне тоқтала кетсек, шаһарда 10,5 гектарға саялы бақ салуды қолға алдық. Мұнда жылыжай да орын тебеді. Жылыжайда жеті мыңнан астам тропикалық ағаш, одан бөлек бір жарым мыңға жуық 21 түрлі ағаш, 1300-ге жуық бұта, 1800 дана әртүрлі гүл отырғызылуда. Аумағы 61 мың шаршы метрді құрайтын демалыс орнында балалар ойын алаңы да қарастырылған. Сондай-ақ, скейтбординг алаңын салып, субұрқақ орнату да жоспарда бар. Одан бөлек, Қызылорда – Шымкент айналма жолы мен Қазыбек би көшесінен №32 көшеге дейінгі аумақта 17,8 гектарға созылған желілік саябақ құрылысын салып жатырмыз. Мұның бәрі қаланың сәнін келтіріп қана қоймай, жасыл желекке орап, тазалығын да қамтамасыз ететін болады. Ал, тәртіп жағына келсек, қазір барлық жерде бейнебақылау бар. Атап айтсақ, «Қауіпсіз қала» жобасы аясында Түркістан қаласында 812 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Олар «Жеңіс» саябағы, «Алтын Орда» автобекеті, «Керуен сарай» сауда кешені, «Қуаныш» базары маңында, Тәуке хан даңғылы, С.Ерубаев,
М.Тынышбаев, Төле би көшелерінің бойында және теміржол стансасында іске қосылған. Тәулік бойы жұмыс істеп тұратындықтан ол құрылғылардың қаладағы қауіпсіздік шараларын күшейтуге ықпалы зор.
Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Ол игіліктен біздің қала тұрғындары да шет қалып жатқан жоқ. Бүгінде «Ырыс» микроқаржы ұйымы 104 млн. 200 мың теңгеге сегіз жобаны қаржыландырады. Негізі бізде туризмді дамытуға көбірек басымдық беріліп отыр. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының 1-бағыты аясында 17 жобаға 809 млн. теңге берілсе, тағы 13 жобаны жүзеге асыру үшін 273,8 млн. теңгеге кепілдік берілді. Сондай-ақ, 2,428 млрд. теңгеге 35 жоба субсидияланды. Ал, қарапайым заттар экономикасы бойынша 3 жоба 1,410 млрд. теңгеге субсидияланып, 1 жоба 160 млн. теңгеге кепілдендірілген.
иылы жартыжылдықта өңдеу өнеркәсібі бойынша 6408,4 млн. теңгенiң өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 84,9 пайызды құрап отыр.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша айтар болсам, бүгінгі таңда 734,8 млн. теңгенiң өнiмi өндiрiлiп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 94,0 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін жоспар орындалады.
Жалпы, негізгі капиталға тартылған инвестиция 84.3 млн. теңгеге жетіп, 72,2 пайызды құрады. Оның ішінде, республикалық бюджет есебінен 25359,9 млн. теңге, жергілікті бюджет есебінен 41049,5 млн. теңге, меншікті қаражат есебінен 16591,4 млн. теңге, банк кредиттері есебінен 258,8 млн. теңге, басқа да қарыз есебінен 655,2 теңге болып отыр.
Жалпы, қала аумағында 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Оның ішінде 787 көшеге санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіледі. Қалған көшелер қаланың ең шеткі аумақтарында орналасқандықтан үйлер әлі толық салынып бітпеген. Сонда да ол жерлердің тазалығын назардан тыс қалдырмаймыз. Қаладағы 787 көшенің 136-сы механикалық жолмен тазаланса, қалған 651 көше қолмен тазаланады. Оның қырыққа жуығы орталық маңызы бар көше болып саналады. Бүгінгі таңда санитарлық тазалық жұмыстарын «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС мен «ШымкентСпецкомплекс» ЖШС атқарып жүр. Сонымен қатар, әр сектор тұрғындары жеке кәсіпкерлермен келісімшарт жасасу арқылы өз аулаларының таза болуына атсалысып келеді.